Қаз
«Cultural Legacy Fund»
МӘДЕНИЕТ ПЕН КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯНЫ ҚОЛДАУ ҚОРЫ
 

Аида Балаева Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің мәдениет министрлерінің отырысына қатысты

2025 жылғы 7 шілдеде Циндао қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) мүше мемлекеттерінің мәдениет министрлерінің 22-отырысы өтті.

Отырыс барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ұйымдастыру деңгейінің жоғары екенін атап өтіп, ШЫҰ-ның мәдени диалогты дамыту мен гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге арналған халықаралық алаңға айналғанын айтты.

«Мәдениет — бұл тек өткеннің дәстүрі ғана емес, сонымен қатар болашақтың тірі тілі. Біз бірлескен бастамаларды неғұрлым белсенді дамытсақ, ШЫҰ елдерінің рухани бірлігі соғұрлым нығая түседі», — деді Аида Балаева.

Маңызды бірлескен мәдени бастамалардың қатарында — ШЫҰ Жастар фестивалі мен Жас көшбасшылар форумы бар. Сондай-ақ бірнеше ірі жобалар іске қосылды: «ШЫҰ елдерінің рухани киелі орындары» және 2024 жылы Алматы қаласында өткен алғашқы халықаралық музыка фестивалі «ШЫҰ Жібек жолы», оған ШЫҰ мүше елдердің музыкалық ұжымдары қатысты.

Болашаққа қатысты ұсыныс ретінде, министр креативті индустрияны қолдау, туризмді дамыту және мәдениеттер арасындағы байланыстарды кеңейту бағытында ынтымақтастықты күшейтуді ұсынды. Осы ретте ШЫҰ қолөнер және сәндік-қолданбалы өнер жәрмеңкесін кезекпен ШЫҰ елдерінде өткізу бастамасы айтылды. Бұл жәрмеңке дәстүрлі қолөнершілерді, кілем тоқушыларды, қыш шеберлері мен ою-өрнек өнерінің шеберлерін біріктіруге бағытталған.

Сонымен қатар, Аида Балаева «ШЫҰ мәдени мұрасының цифрлық платформасын» құру идеясын ұсынды. Бұл платформа ШЫҰ елдерінің виртуалды мұражайларын, өнер туындыларын, мәдени нысандар каталогын және шеберлердің бейнесабақтарын қамтитын болады.

Министр Қазақстан бұл бастамаларды жүзеге асыруға сараптамалық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті. Атап айтқанда, 2026 жылы алғашқы іс-шараны Алматы немесе Ұлы даланың ежелгі рухани орталығы — Түркістан қаласында өткізуді ұсынды.

Сонымен бірге, отырыс аясында ШЫҰ мүше елдерінің мәдениет министрлері Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Саяси бюро мүшесі, ОК-нің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Ли Шуйлэймен кездесу өткізді.

Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени ынтымақтастық мәселелері ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның ҚХР Мәдениет және туризм министрі Сунь Елимен екіжақты кездесуінде талқыланды. Тараптар өзара қарым-қатынастың оң сипатта екенін атап өтіп, оны одан әрі дамытуға мүдделілік білдірді.

Сондай-ақ, министр Аида Балаева ШЫҰ Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаевпен жеке кездесу өткізді.

Сол күні ШЫҰ мүше мемлекеттерінің өнер және жастар әндері фестивалінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Іс-шараның мақсаты — Шығыс пен Батыс арасындағы мәдени байланыстарды дамыту, ұлттық дәстүрлерді ілгерілету және ШЫҰ елдері арасындағы достықты нығайту.

Аталған фестивальде Қазақстан атынан Мемлекеттік жастар сыйлығы «Дарынның» лауреаттары — Садраддин Болат пен Рухия Байдукенова өнер көрсетті.

ШЫҰ өнер фестивалі мен жастар әндері фестивалінің ашылу рәсімі жастардың ән кеші форматында өтіп, ШЫҰ елдерінің мәдени әралуандығын көрсетуге арналды.

Байланыс ақпараты

Қосымша ақпарат алу үшін, бізбен байланысу немесе бағдарламаларға қатысуға өтініш беру үшін келесі байланыстарды пайдалана аласыз:

Мәдениет пен креативті индустрияны қолдау қоғамдық қоры «Cultural Legacy Fund».

Мекенжай: Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік ел даңғылы, ғимарат 55/22, блок С 4.3., 246 кабинет.

Электрондық пошта: info@culturallegacyfund.kz, Impresario@culturallegacyfund.kz

Байланыста болыңыз

«Cultural Legacy Fund» қорының жаңа бағдарламалары, мүмкіндіктері және мәдени бастамалары туралы хабардар болу үшін біздің сайтқа және әлеуметтік желілерге жазылыңыз.

"TORUS.KZ" ЖШС жасаған
© 2025 Барлық құқықтар қорғалған