Жақын күндері, яғни 25, 26 және 28 сәуірде елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында А.Аданның көңілді «Корсар» балетінде бірқатар жарқын дебюттер ұсынылады. Спектакль күндері театрдың балет труппасының әртістері мен симфониялық оркестр маэстро Арман Оразғалиевтің басқаруымен өнер көрсетеді.
Жуырда ғана дарынды жас әртістер «Астана Опера» репертуарындағы ең күрделі классикалық балеттер – П.Чайковскийдің «Аққу көлі», Ж.Бизенің музыкасына «Кармен», Л.Минкустың «Баядерка» спектакльдерінде алғаш рет өнер көрсеткен еді. Балет труппасының көркемдік жетекшісі Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова көрермендерді жаңа есімдермен таныстыруды жалғастыруда. Енді «Корсар» балетінде жаңа дарындар өздерін көрсетуге мүмкіндік алып, осылайша ұрпақтар сабақтастығын сақтайды.
Өз кезегінде дебютанттар осынау сенім үдесінен көрінуге барын салуда. Медораның партиясында алғаш рет сахнаға шығуға дайындалып жатқан театр солисі Камила Шахманова техникалық мінсіздікті ғана емес, сонымен қатар жоғары актерлік шеберлікті көрсетуге тырысады. Осы ретте әртіс жуырда ғана әріптесі, жетекші солист Диас Құрманғазымен бірге Рудольф Нуреев атындағы XXVI Халықаралық балет өнері фестиваліне қатысып, уфалық көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп келгенін атап өтуіміз керек. Оның сахнадағы серіктесі Эркин Базарбаев үшін бұл Конрадтың партиясындағы дебюті болмақ. Ол осы театр маусымында Л.Минкустың «Дон Кихот» балетіндегі тапқыр шаштараз Базильдің және П.Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» балетіндегі Дезире ханзаданың рөлдерінде өзінің шығармашылық әлеуетін танытқан еді. Бұдан бөлек, «Корсар» балетінде Досхан Зәйдін (Ланкедем), Алина Зырянова (Гюльнара), Жақсылық Сауқымбеков (Бирбанто) және Ұлан Бейсенбаев (Сеид-паша) өз кейіпкерлерінің бейнелерін алғаш рет жүзеге асырады.
«Корсар» балеті «Астана Опера» сахнасында Алтынай Асылмұратованың қойылымында жүретінін еске саламыз. Түрлі күндері ол орындаушылар құрамына дебютанттарды ғана емес, сахна шеберлерін де қосты. Сонымен, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгерім Бекетаева Медораның бейнесін таныстырады, ал оның серіктесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Уразов Конрадтың рөлін ұсынады. Ланкедем – Айбар Тоқтар, Гюльнара – Шұғыла Әдепхан, Бирбанто – Айдан Қалжан, Сеид-паша – Қуат Кәрібаев (дебют), Құл Али – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Рахматуллаев, Диас Құрманғазы.
Театр примасы Айгерім Бекетаева үшін бұл спектакль өміріндегі жарқын әрі жауапты кезеңдермен байланысты. Жетекші солист «Корсар» балетімен А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінде оқып жүрген кезінде танысқанын және ондағы па-де-дені мемлекеттік емтиханда орындағанын айтты. Биыл шығармашылық қызметіне 15 жыл толатын балерина «Корсар» балеті репертуарында лайықты орын алатынын атап өтті.
– Корсар» – балет әртісінің техникалық мүмкіндіктерін паш ететін бірегей қойылым. Мұндағы күрделі фуэтелер, биік секірулер мен динамикалық айналымдар орындаушыдан жоғары кәсібилік пен төзімділікті талап етеді. Сахнадағы серіктесім Арман Уразов екеуіміз осы балетті театрдағы 2018 жылғы премьерасынан бастап бірге билейміз. Әрине, басында бір-бірімізге бейімделу және ортақ ырғақ табу үшін көп еңбектендік. Ал кейін сахнаға жиі шыққаннан кейін бір-бірімізді көзқарасымыз арқылы түсінетін болдық. Мен Арманға жақсы серіктес ретінде толықтай сенемін. Кей кезде өзімді жайсыз сезінгенде немесе шаршағанда ол өзінің жайдары мінезімен, белсенділігімен мені лезде жігерлендіріп жібереді. Сондықтан осы балетті Арманмен билейтініме өте қуаныштымын, – деп пікірімен бөлісті Айгерім Бекетаева.
Спектакльдердің басталуы: 25-26 сәуір 17.00-де, 28 сәуір 19.00-де.







