21 қыркүйекте Брюссельде «Астана Опера» театрының Басқарма Төрағасы Александр Совостьяновтың La Monnaie – De Munt Корольдік театрының бас әрі көркемдік директоры Кристина Шеппельманнмен кездесуі өтті. Сондай-ақ шараға Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Елшісі Роман Василенко да қатысты.
Кездесу Қазақстан мен Бельгия арасындағы мәдени ынтымақтастықты кеңейту әрі еуропалық сахнада қазақстандық өнерді дәріптеу жұмысы шеңберінде Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Тараптар қос театр арасындағы тікелей ынтымақтастықты дамыту әлеуетін талқылап, жаңа шығармашылық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға уағдаласты. Ықтимал ынтымақтастық бағыттары ретінде гастрольдік бастамалар, әртістер мен мамандар арасындағы кәсіби тәжірибе алмасу, сондай-ақ еуропалық көрерменді қазақстандық опера мен балет өнерімен таныстыру мәселелері қаралды.
«Астана Операны» дамытуға айрықша назар аударылды. Театр ашылған сәттен бастап салыстырмалы түрде қысқа мерзім ішінде ауқымды репертуар қалыптастырып, біршама ірі қойылымды жүзеге асырды, сондай-ақ әлемдік опера және балет сахнасының жетекші өкілдерімен халықаралық байланысын нығайтты.
Кристина Шеппельманн қазақстандық театрдың даму қарқыны мен оның шығармашылық әлеуетін жоғары бағалады.
- «Астана Операның» осынау аз уақыт ішінде жүріп өткен жолы тәнті етеді. Мен театрдың дамуын, қойылымдарын және халықаралық сахнадағы беделінің артуын зор қызығушылықпен бақылаймын. Қазақстанның операсы мен балетінің өзіндік қолтаңбасы бар және ол еуропалық аудиторияның алдында зор әлеуетке ие. Бірлескен ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін бірге қарастыруға қуаныштымыз, - деп атап өтті Кристина Шеппельманн.
Өз кезегінде Александр Совостьянов «Астана Операның» La Monnaie – De Munt театрымен тұрақты кәсіби байланысты дамытуға, сондай-ақ екі ұжымның шығармашылық тәжірибесін ұштастырып, Қазақстан мен Бельгия арасындағы мәдени диалогты кеңейтуге мүмкіндік беретін жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін атап өтті.
Қазақстан Елшісі Роман Василенко екі елдің жетекші мәдени мекемелері арасында тікелей байланыстарды орнатудың маңыздылығын атап өтіп, мұндай ынтымақтастық еуропалық көрерменді Қазақстанның заманауи мәдениетімен және музыкалық мұрасымен кеңірек таныстыруға ықпал ететінін жеткізді.
Брюссельдің орталығында орналасқан La Monnaie – De Munt Бельгия мен Еуропаның жетекші опера театры саналатынын еске саламыз. 2025 жылдың шілде айынан бастап театрды Кристина Шеппельманн басқарады, ол бас әрі көркемдік директор қызметін қатар алып жүр.


