Алтын күзде табиғат қыстың келетінін сезіп тына қалады, ал адам жылулықты аңсап, айнала солғын тартатын шақпен үндес естеліктер мен музыканы айрықша қалайды. 14 қазанда Күләш Байсейітова атындағы Камералық зал дәл осындай көңіл күйге толады. «Астана Операның» XIV маусымы театр қызмет етіп келе жатқан жылдар ішінде елорданың мәдени өмірінің ажырамас бөлігіне айналған дәстүрді жалғастыруда, өйткені «Bel Canto музыкалық салоны» топтамасы «Элегиялық көңіл күй» камералық музыка кешін қайта таныстырады.
Жоба авторы әрі осынау кештердің тұрақты идеялық шабыт берушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Раушан Бескембирова атап өткендей, бұл концерт тереңнен құрастырылған сезімдер драматургиясына ие. – Бұл – дәстүрлі кеш, оны бірінші жыл өткізіп отырған жоқпыз, мұнда элегияның, яғни мөлдір мұң тұнған осынау лирикалық ой-толғамның түпкі мәні күзгі көңіл күйге керемет сәйкес келеді. Бұл – адамның бір сәтке тоқтап, өзінің жан-дүниесіне үңілгісі келетін ерекше жай-күйі, мұнда трагедиясыз тәтті мұң бар, - деп түсіндірді жоба авторы.
Алайда дәстүрге берік болуымен қатар, биылғы жылдың бағдарламасы көп жағдайда жаңа оқиғаға айналады деп күтілуде. Ұйымдастырушылар өткенді қайталаудан саналы түрде қашқақтауда: Р.Бескембированың айтуынша, аспаптық нөмірлер ешқашан қайталанбайды, ал вокалдық бөлік әрдайым жаңартылып отырады.
Әліби Әбдінұровтың флейтаға арналған «Қазақша адажио» шығармасының премьерасы кештің айтулы оқиғасына айналады, оны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жібек Сапарғалиева орындайды, ал фортепианода Раушан Бескембированың өзі өнер көрсетеді. – Бұл туынды бірнеше жыл бұрын жазылып, өз уақытын күтіп жүрген еді, - деп ағынан ақтарылды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әліби Әбдінұров. – Жібек Сапарғалиеваның арқасында бұл шығарма концертте алғаш рет орындалады, әлемдік премьерасы өтеді деуге болады. Ол флейта мен фортепиано үшін арнайы жазылған, алайда оның оркестрге ыңғайланған (флейта мен ішекті аспаптар оркестріне арналған) нұсқасы да бар. Адажио итальян термині екені көпшілікке мәлім, ол баяу, ұстамды ырғақты білдіріп қана қоймайды, сонымен қатар анағұрлым ірі топтаманың, симфониялық немесе сюиталық шығарманың бөлімін де адажио деп атаймыз. Мен адажионы қазақша мәнерде, қазақи элементтерді, тематизмді қолдана отырып жазуды ұйғардым, сондықтан оны «Қазақша адажио» деп атадым, - деп қорытындылады композитор.
Бұдан бөлек, бағдарламаға тенор Әлихан Зейнолланың орындауындағы Виктор Гюгоның өлеңіне Ференц Листтің «Лаураның рухы іспетті» романсы көрік береді. – Біздің салонда бұл музыка әлі шырқалған жоқ. Тіпті мәселе классика жайлы болса да, бізге көрермендердің өздері үшін жаңа дүниені ашуы маңызды, - деп пікірін қосты Раушан Қалайдарқызы.
Премьералардан бөлек, бағдарламада элегиялық көңіл күймен үндес әлемдік классика жауһарлары шырқалады, атап айтсақ олар: П.Чайковскийдің, Н.Римский-Корсаковтың, С.Рахманиновтың романстары, сондай-ақ Р.Шуман, Ж.Массне мен А.Дворжактың аспаптық пьесалары. Сахнаға көпшілік жақсы көретін опера солистері, сонымен қатар аспапшы музыканттар шығады. Кештің вокалдық бөлігін Әсем Сембина, Мәдина Исламова, Елена Ганжа мен Лейла Аламанова (сопранолар), Батыржан Смақов (контртенор), Саян Исин, Артур Ғабдиев, Әлихан Зейнолла, Нарұл Тойкенов (тенорлар), Сұлтан Бақытжан (баритон), Болат Есімханов, Саргис Бажбеук-Меликян (бас) таныстырады.
Концерттің аспаптық бөлігі де қызықты болады деп күтілуде: сахнаға скрипкашы Жібек Қалелова, виолончельші Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәулет Шәкіров, контрабасшы Анатолий Якушкин және флейташылар Балжан Сапарова мен Жібек Сапарғалиева шығады. Р.Глиэрдің пьесаларын орындайтын Анатолий Якушкиннің өнер көрсетуі ерекше назар аударуға тұрарлық, өйткені контрабастың бұлай жеке партияға ие болуы – сирек жағдай. Осынау кеште фортепианода Ольга Каминская және жоба авторы Раушан Бескембирова өнерлерін паш етеді.
Кештің поэтикалық бөлігін өлең жолдары құрайды, оны концерт жүргізушісі Сәуле Мәулетова оқиды.
Концерт 19:00-де өтеді.



