Қаз
«Cultural Legacy Fund»
МӘДЕНИЕТ ПЕН КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯНЫ ҚОЛДАУ ҚОРЫ
 

«Астана Опера» «Сириус – Роза Хутор» фестивалінде өнер көрсетеді

«Астана Опера» балет труппасы 11-16 шілде аралығында «Сириус – Роза Хутор» халықаралық өнер фестивалінде өнер көрсетеді. Елордалық театрдың гастролі ауқымды фестивальдің басты оқиғаларының бірі болмақ. «Сириус» концерт орталығының Бас сахнасы, сондай-ақ «Роза Холл» көпфункционалды концерт кешені өнер алаңдарына айналады.

11 және 12 шілдеде гастрольдік тур көрнекті француз маэстросы Ролан Петидің хореографиясындағы «Коппелия» балетімен ашылады. Театрдың репертуарына 7 жыл бұрын енген бұл қойылымда данышпан Р.Пети Э.Т.А.Гофманның мистикалық хикаясын ой елегінен өткізді. «Коппелия» – биді актерлік шеберліктен, мимикадан және көңіл күйдің нәзік нюанстарынан ажыратуға болмайтын спектакль. Дирижерлік тұғырда – маэстро Руслан Баймурзин. Басты партияларды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгерім Бекетаева, Еркін Рахматуллаев, Арман Уразов, Рүстем Сейітбеков, сондай-ақ беделді халықаралық байқаулардың лауреаттары Шұғыла Әдепхан мен Олжас Тарланов орындайды.

Екі күннен кейін, 14 шілдеде көрермен қауым Гала-балетті тамашалайды. Оның мазмұнды бағдарламасына классикалық және заманауи хореографияның танымал туындылары, сондай-ақ Раймондо Ребектің «Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?» (How Long Is Now?) бір актілі балеті енген. Бұл уақыт пен оны қабылдау туралы философиялық ойтолғам, мұнда үш жұп биші адамның түрлі кезеңдегі өмірін бейнелейді. Хореограф би арқылы уақыттың өтуін зерттеуге ерекше әрекет жасайды. Дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Ахмедьяров.

Гастрольдік бағдарлама 16 шілдеде «Роза Холл» көпфункционалды концерт кешенінде аяқталады. Осы кеште театр «Астана Опера» солисі, дарынды хореограф Сұлтанбек Ғұмардың бағдарламасын ұсынады: Nomad Ballet – заманауи хореография мен ұлттық нақышты біріктіретін жарқын шығармашылық эксперимент. Қойылымға HasSak этно-фольклорлық ансамблі қатысады.

«Астана Опера» балет труппасы халықаралық сахнада едәуір танымал. Театр әртістері шетелдік залдарды жинап, беделді байқаулардың лауреаттары бола отырып, орындаушылық шеберліктің жоғары деңгейін сан мәрте дәлелдеді. Балет труппасының қалыптасуында көркемдік жетекшісі – театрдың балет труппасын 2015 жылдан бастап басқарып келе жатқан Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова ерекше рөл атқарады. Шеберлігі Мариинский театрының, ағылшын Корольдік балетінің, Марсель балетінің және Париж операсының сахналарын жаулап алған көрнекті балерина бүгінде белсенді педагогикалық әрі жетекшілік қызметін жалғастырып, жас буынмен тәжірибесімен бөлісіп келеді. Осылайша әлемдік балет мектебінің дәстүр сабақтастығын жалғастыруда. Оның басшылығымен «Астана Опера» балет труппасы көз тартар балет ұжымдарының біріне айналды.

«Астана Операның» «Сириус» федералды аумағындағы және «Роза Хутор» курорты аумағындағы гастролі РФ Мәдениет министрлігі мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Сириус – Роза Хутор» халықаралық балалар мен жастарға арналған өнер фестивалін ұйымдастырушылардың шақыруымен өтеді. Гастрольдік бағдарлама көрерменге мәңгілік классикамен әрі қазақстандық әртістердің жоғары кәсібилігімен біріктірілген ұлттық заманауи қойылымдармен танысуға жол ашады.

Байланыс ақпараты

Қосымша ақпарат алу үшін, бізбен байланысу немесе бағдарламаларға қатысуға өтініш беру үшін келесі байланыстарды пайдалана аласыз:

Мәдениет пен креативті индустрияны қолдау қоғамдық қоры «Cultural Legacy Fund».

Мекенжай: Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік ел даңғылы, ғимарат 55/22, блок С 4.3., 246 кабинет.

Электрондық пошта: info@culturallegacyfund.kz, Impresario@culturallegacyfund.kz

Байланыста болыңыз

«Cultural Legacy Fund» қорының жаңа бағдарламалары, мүмкіндіктері және мәдени бастамалары туралы хабардар болу үшін біздің сайтқа және әлеуметтік желілерге жазылыңыз.

"TORUS.KZ" ЖШС жасаған
© 2025 Барлық құқықтар қорғалған