Қаз
«Cultural Legacy Fund»
МӘДЕНИЕТ ПЕН КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯНЫ ҚОЛДАУ ҚОРЫ
 

Димаш Құдайберген және дрондар шоуы. Түркі әлемінің мәдени астанасы жылының ашылуы Ақтауда

5 сәуір күні Маңғыстау облысында "Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы" жылының салтанатты ашылуы өтті. Әлемдік эстрада жұлдыздары, қазақстандық және шетелдік әртістердің өнері, танымал қолөнершілердің шеберлік сабақтары, дрондар шоуы – бұл шаралардың барлығы Ақтаудың жағалауында өтіп, ондаған мың адамды жинады.

Түркі тілдес елдердің мәдени ынтымақтастығын кеңейтуге және ортақ құндылықтарды ұлықтауға бағытталған шараға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдердің мәдениет министрлері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, халықаралық ұйымдардың өкілдері мен шетелдік елшілер қатысты.

Президенттің құттықтауы

Осы айтулы оқиғаға орай Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау хатын жолдады. Мемлекет басшысының құттықтауын ашылу салтанатында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оқыды.

Мемлекет басшысы өз хатында Ақтауға Түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесінің берілуі тек еліміз үшін ғана емес, бүкіл бауырлас түркі мемлекеттері үшін маңызды екенін атап өтті.

"Бұл оқиғаның мәні зор. Тарихи Маңғыстау жері мен бай Үстірт өңірі – түркі өркениетінің ажырамас бөлігі. Бұл киелі мекен халқымыздың және бүкіл түркі әлемінің ғасырлар бойғы рухани мұрасын сақтап отыр. Дәстүрі мен тарихы сабақтас халықтардың ынтымақтастығын нығайту – бәріміздің ортақ мақсатымыз. Биылғы айтулы жылда ынтымағымызды арттырып, маңызды шешімдер қабылданатынына сенімдімін. Түркі халқының бірлігі нығая берсін! Баршаңызға амандық, бақыт пен табыс тілеймін!" – делінген Президенттің хатында.

Мерекелік бағдарлама

Салтанатты шара аясында түркі халықтарының ортақ мұрасын бейнелейтін хореографиялық қойылымдар көрсетілді. Мыңжылдық тарихы бар көшпелі өркениет, ата-баба мұрасы, рухани сабақтастық – сахнада жаңа қырынан таныстырылды.

Бағдарлама аясында әлемдік деңгейдегі жұлдыздар өнер көрсетті. Сахнаға әлемге әйгілі Димаш Құдайберген, Әзірбайжан жұлдызы Роза Зәргәрлі, Өзбекстанның танымал әншісі Юлдуз Усманова және Kalifarniya секілді танымал эстрада әншілері шықты.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай түркі әлемінің мәдени тұтастығын нығайтудың маңыздылығына тоқталды.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев түркі әлемін XXI ғасырдың маңызды экономикалық және мәдени кеңістігіне айналдыру міндетін атап өтті. Бүгінгі Маңғыстаудағы кездесу – бауырлас елдер бірлігінің жарқын көрінісі. Маңғыстау – Ұлы Жібек жолының бір тармағы. Ежелгі дәуірде керуен жолдары арқылы тек тауар ғана емес, мәдениет пен өркениет те таралған.

Бүгінгі Маңғыстау – логистика және туризм саласында үлкен әлеуетке ие. ТҮРКСОЙ-ға мүше елдердің жартысына теңіз және құрлық арқылы шекаралас аймақ ретінде біздің кездесуіміз алдағы уақытта нәтижелі ынтымақтастыққа негіз болады деп сенемін", – деді өңір басшысы.

Дрондар шоуы

Салтанатты ашылу кешкі уақытта дрондар шоуымен жалғасты. Ақтау тұрғындары мен қонақтары ғажайып жарық шоуды тамашалады. 500-ден астам дрон аспанға көтеріліп, Қазақстан туын, Маңғыстау табиғатына тән жануарларды, Бозжыра шатқалын, халықаралық іс-шараның логотипін және қазақ ұлттық мәдениетінің элементтерін көрсетті.

"Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы" жылының ашылуына арналған іс-шаралар 6 сәуірде жалғасады. Этноқалашық аумағында түркі елдерінің және отандық танымал жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтеді. Жобаға барлығы 1149 әртіс қатысуда, оның ішінде 125 – шетелдік орындаушылар, музыканттар, бишілер мен қолөнершілер.

Жыл аясында қараша айының соңына дейін 30-дан астам халықаралық мәдени және шығармашылық жоба жүзеге асырылады. Фестивальдер, ғылыми конференциялар, көрмелер мен байқаулар өткізу жоспарланған.

Байланыс ақпараты

Қосымша ақпарат алу үшін, бізбен байланысу немесе бағдарламаларға қатысуға өтініш беру үшін келесі байланыстарды пайдалана аласыз:

Мәдениет пен креативті индустрияны қолдау қоғамдық қоры «Cultural Legacy Fund».

Мекенжай: Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік ел даңғылы, ғимарат 55/22, блок С 4.3., 246 кабинет.

Электрондық пошта: info@culturallegacyfund.kz, Impresario@culturallegacyfund.kz

Байланыста болыңыз

«Cultural Legacy Fund» қорының жаңа бағдарламалары, мүмкіндіктері және мәдени бастамалары туралы хабардар болу үшін біздің сайтқа және әлеуметтік желілерге жазылыңыз.

"TORUS.KZ" ЖШС жасаған
© 2025 Барлық құқықтар қорғалған