Қаз
«Cultural Legacy Fund»
МӘДЕНИЕТ ПЕН КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯНЫ ҚОЛДАУ ҚОРЫ
 

Елордалық театр «Art of Opera and Ballet» көрмесін ұсынады

Халықаралық музей күні – бұл осы сала қызметкерлері үшін ғана емес, музейдің сиқырлы әлеміне ғашық әрбір келуші үшін де маңызды күн. Айтулы дата қарсаңында, яғни 17 мамырда музей жанашырлары мен барлық қала тұрғыны үшін «Астана Опера» театрының фойесінде «Art of Opera and Ballet» көрмесі қанат жаяды.
Өміріңізде бір рет «Астана Операға» келген болсаңыз, театрдың музейін тамашалаған болуыңыз керек. Себебі спектакль басталардан бұрын немесе антракт кезінде театр ғимаратын аралай жүріп, екінші қабатта орналасқан әсем музейді байқамай кету мүмкін емес. Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Сара Көшербаева сынды ұлы сахна шеберлерінің әйнектердің ішінде ұқыптылықпен сақтаулы тұрған костюмдері, Абайдың шағын бюсті, Қанабек Байсейітовтың пианиносы және тағы басқа көптеген құнды жәдігер көпшіліктің назарын бірден өзіне аудартады. Бұл музей театрдың 2013 жылғы ашылуынан бері қызметін жалғастырып келе жатқанын атап өтуіміз керек. Қазіргі таңда оның қорында Қазақстанның театр өнерінің өткені мен бүгіні туралы баяндайтын 500-ден астам жәдігер бар.
Музей әкімшісі Ирина Кусенова барлығын мерекемен құттықтап, рухани құндылықтарды ұлықтап жүрген әріптестеріне қажымас қайрат пен шығармашылық табыс тіледі.
– Біздің басты мақсатымыз – тарихи-мәдени құндылықтарымызды сақтау, оларды еселей түсу және өскелең ұрпаққа паш ету. Әдеттегідей, Халықаралық музей күні қарсаңында біз театр фойесінде ақпараттық сипатқа ие дәстүрлі көрмемізді жайғастырамыз. Бұл жолы қонақтарды театрға сыйға тартылған баспа басылымдарымен таныстыруды мақсат етіп отырмыз, – деді Ирина Кусенова.
Былтыр балет өнерінің көрнекті қайраткерлері – «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова мен «Астана Операның» тәлімгер ұстазы, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Константин Заклинский өмірлері мен шығармашылықтары туралы балеттанушы Флюра Мусина жазған кітаптарды музей қорына тапсырған. Сондай-ақ осы жылы Жұбановтар мен Мәмбетовтер әулеттері танымал композиторлар А.Жұбанов пен Ғ.Жұбанованың кітаптарын театр музейіне сыйға тартқан. Бұдан бөлек, баспа басылымдарының қатарында We Are the World халықаралық мәдени дипломатия қауымдастығының президенті Стефани Гаспар «Астана Опера» үшін арнайы Париждегі Лувр музейінен әкелген кітап та бар. Сондықтан бұл еңбектер, ноталар мен клавирлер алда өтетін көрмеден лайықты орын алады.
Спектакль костюмдері мен реквизиттерін жеке алып қарасақ, олардың әрбіреуі өнер туындысы болып шыға келеді. Сондықтан алдағы көрмеде баспа басылымдарымен қатар Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», Дж.Россинидің «Жібек саты», Ж.Бизенің «Кармен», Дж.Вердидің «Дон Карлос», Дж.Пуччинидің «Турандот» опералары, П.Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» балеті сынды ұлттық және әлемдік репертуардағы спектакльдерден үздік костюмдер, ұсақ реквизиттер орналастырылады. Осы арқылы көрермендер театр ұзақ жылдан бері бірлесіп жұмыс істеп келе жатқан дизайнерлердің жұмыстарымен, түрлі дәуірлердегі сан алуан мәнерлермен жақынырақ танысуға мүмкіндік алады.
– «Астана Опера» ұйымдастыратын көрмелер театр аумағымен ғана шектелмейді, олар жылдан жылға танымал бола түсуде. Мәселен ERG компаниясының қолдауы арқасында біз еліміздің бірқатар өндірістік қаласында көрмемізді ұсындық. Бір айта кетерлігі, биыл enERGy of Earth көрмесіндегі фотосуреттерді театрымыздың дизайнері жасанды интеллектіні қолдана отырып өңдеді, бұл ұжымның жасанды интеллект жылындағы шығармашылық ізденісі мен жаңашыл көзқарасын айшықтайды, – деп пікірін білдірді музей әкімшісі.
Жуырда ғана театр фойесінде биыл елімізде 120 жылдығы кеңінен атап өтіліп жатқан қазақтың біртуар композиторы Ахмет Жұбановқа арналған көрме ұйымдастырылды. Осының арқасында келушілер композитордың өмірі мен шығармашылығы туралы көптеген мағлұмат алды. Сондай-ақ әр жылдары театрда көрнекті мәдениет қайраткерлері Күләш Байсейітова, Ғазиза Жұбанова, италиялық сценограф Эцио Фриджерио, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, елордадағы балет өнерінің негізін қалаушылардың бірі Тұрсынбек Нұрқалиевке және еліміздің театр өнерінің дамуына үлес қосқан тағы басқа тұлғаларға арнап көрмелер қойылды. Бұдан бөлек, әрбір премьера, репертуарлық спектакль немесе концерт алдында өздерін фойеде шымылдықтың ар жағындағы құпияны ашатын қызықты фотокөрме күтіп тұратынын көрермендер жақсы біледі. Олар өнер көрсету басталар алдында әртістердің портреттері мен реквизиттердің жанында қуана суретке түсіп жатады.
– Театр өскелең ұрпаққа да әрдайым зор көңіл бөледі. Осымен бесінші жыл қатарынан біз Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күніне орай көрме өткіздік. Сондай-ақ театрымызда екінші мәрте WE ARE THE WORLD халықаралық балалар сурет көрмесі таныстырылғанын мақтанышпен айта аламыз. «Астана Операның» Франция тарапымен ынтымақтастығы арқасында Қазақстанның түкпір-түкпірінен балалар халықаралық байқаулардың лауреаты атанып, өз жұмыстарын шетелдердегі ең беделді алаңдарда ұсынуға мүмкіндік алды. Алдағы уақытта Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында «Әлем балалардың көзімен» тақырыбына сурет көрмесін өткізуді жоспарлап отырмыз. Балаларға арналған осындай шараларды өткізудегі басты мақсатымыз – оларды театр әлеміне қызықтыру және өз қабілеттерін көпшілікке көрсетуге мүмкіндік беру. Осының барлығы «Астана Опера» музейінің қызметі театр жәдігерлерін сақтаумен ғана шектелмейтінін, оның мақсат-міндеттерінің ауқымы әлдеқайда кең екенін аңғартады, – деп қорытындылады И.Кусенова.

Байланыс ақпараты

Қосымша ақпарат алу үшін, бізбен байланысу немесе бағдарламаларға қатысуға өтініш беру үшін келесі байланыстарды пайдалана аласыз:

Мәдениет пен креативті индустрияны қолдау қоғамдық қоры «Cultural Legacy Fund».

Мекенжай: Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік ел даңғылы, ғимарат 55/22, блок С 4.3., 246 кабинет.

Электрондық пошта: info@culturallegacyfund.kz, Impresario@culturallegacyfund.kz

Байланыста болыңыз

«Cultural Legacy Fund» қорының жаңа бағдарламалары, мүмкіндіктері және мәдени бастамалары туралы хабардар болу үшін біздің сайтқа және әлеуметтік желілерге жазылыңыз.

"TORUS.KZ" ЖШС жасаған
© 2025 Барлық құқықтар қорғалған