9 ақпанда Ыстамбұлда өткен он бірінші ТҮРКСОЙ халықаралық театр сыйлығын салтанатты марапаттау рәсімінде «Астана Опера» режиссері Еренбақ Тойкенов жеңімпаз атанды. Ол «Үздік театр режиссері» номинациясында бас жүлдені иеленді.
Түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) мен «Анадолы» газеті тағайындаған бұл беделді халықаралық марапат отандасымыздың заманауи сахна өнерінің дамуына қосқан елеулі үлесінің мойындалуы болып табылады. Е.Тойкеновтің жеңісі, оның өзіндік қолтаңбасы, жаңашыл қойылымдары мен жоғары кәсібилігі қазақстандық опера театрын түркі әлемінің мәдени кеңістігінде танытты әрі оның жетекші орнын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Марапаттау рәсімінен кейін Еренбақ Тойкенов өзінің алған әсерімен бөлісіп, сыйлықтың жоғары дәрежесі мен бірегей форматын атап өтті. – Сыйлықтың ерекшелігі – шешімді сарапшылар, театртанушылар, режиссерлер мен театр ұйымдары өкілдерінен құралған талғампаз кәсіби комиссияның қабылдауы. Біздер, номинанттар қорытынды нәтижені ғана көреміз. Сондықтан жеңістің одан да құнды екенін әрі әділ берілгенін түсінесің, - дейді Е.Тойкенов.
Сондай-ақ ол қатысушылар арасында жоғары бәсекелестік байқалғанын атап өтті. – Менің қарсыластарым – Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстаннан жетекші режиссерлер өте мықты болды. Олардың барлығы айтулы театрларда еңбек етеді, қоржындарында салмақты қойылымдар мен көп жылғы тәжірибелері бар. Сондықтан да осындай кәсіби мамандардың арасында менің жұмысымның үздік деп танылуы мен үшін ерекше оқиға болды.
Марапат жайлы айта отырып, режиссер оның ұлттық маңыздылығына назар аударды. – Бұл мен үшін жеке жетістік, бірақ сонымен бірге бұл – қазақстандық театрымыздың, мектебіміздің, дәстүріміз бен мәдениетіміздің халықаралық сахнада мойындалуының көрінісі. Мен бұл марапатты үлкен жауапкершілік ретінде қабылдап, Қазақстанды әлемдік театр аренасында таныту жолында барлық күш-жігерімді салып, бұдан да батылырақ әрі кәсіби деңгейде жұмыс істеуді жалғастыра бермекпін, - деп қорытындылады режиссер.
Еренбақ Тойкенов ұлттық қойылымдарды (Сыдық Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсы, Тілеуғазы Бейсембектің «Самұрық келген таң» музыкалық ертегісі және т.б.), сонымен қатар әлемдік репертуардағы спектакльдерді де (Джоакино Россинидің «Алжирдегі италиялық қыз» және т.б.) жүзеге асыратынын атап өтуіміз керек. Е.Тойкеновтің 2022 жылы Мәскеудегі «Nano-Opera» халықаралық опера режиссерлері байқауындағы жеңісі оның шығармашылығын ұнататын жандардың есінде, ол кезде отандасымыз дүние жүзінен барған 200-ден астам опера режиссерінің арасынан топ жарған еді. «Nano-Opera» байқауындағы жеңісі нәтижесінде Е.Тойкенов «Астана Опера» сахнасында Сыдық Мұхамеджановтың «Айсұлу» қазақ ұлттық операсын қою құқығын иеленді. Артынша бұл спектакль тәуелсіз сарапшылар сыйлығының нұсқасы бойынша «Жыл операсы» деп танылды және жоғары бағаға ие болды. Ал өткен жазда «Астана Опера» режиссері опера өнері әлеміндегі жетекші халықаралық жобалардың бірі – Австрияда өткен Вена опера фестивалінің жұмысына ойдағыдай қатысып келді.



