Қаз
«Cultural Legacy Fund»
МӘДЕНИЕТ ПЕН КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯНЫ ҚОЛДАУ ҚОРЫ
 

Әлемдік балет этуальдері «Опералияда» өнер көрсетеді

7 және 10 маусымда «Астана Опера» Үлкен залы сахнасында А.Аданның «Жизель» балеті «Опералия» халықаралық фестивалі афишасының сәнін келтірмек. Театрдың балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованың қойылымына осы күндері халықаралық орындаушылар құрамы қатысады. Фестиваль көрсетіліміне қатысу үшін 10 маусымда Бавария мемлекеттік балетінің (Мюнхен қ., Германия) жетекші солистері испан-болгар балеринасы Элизабет Тонев және америкалық Джулиан Маккей шақырылды.

«Жизель» балеті – әлемдік балет аңызына айналған, Ресей халық әртісі Алтынай Асылмұратованың қойылымында өтетін «Астана Опера» репертуарының інжу-маржаны. Оның «Жизель» интерпретациясы бүгінгі күнге дейін түрлі құрлықтың жетекші балериналары үшін бейнеге терең психологиялық енудің, мінсіз стиль сезімі мен әлемдік сахна кеңістіктерінде өнер сүйер қауым қошемет көрсеткен нәзік көркемдік талғамның үлгісі ретінде эталонға айналды.

10 маусымда «Астана Опера» сахнасына алғаш рет Германиядан келген шығармашылық тандем өнер көрсететіні көрермен қауымның алдағы көрсетілімдерге деген ерекше қызығушылығын тудырып, фестивальдің мәдени диалог алаңы ретіндегі мәртебесін айшықтап тұр. Елордалық көрермен үшін Мюнхен труппасы әртістерінің қойылымы Жизель мен Граф Альберттің көрнекті партияларының еуропалық орындау мәнерін тамашалаудың ерекше мүмкіндігі.

Элизабет Тоневтің шығармашылық жолы Нидерланды Ұлттық балетінде табысты жұмыс істеген жылдары сомдаған жарқын бейнелердің тұтас палитрасымен ерекшеленеді. Беделді Констанц Вернон сыйлығын алғаннан кейін ол Бавария мемлекеттік балет компаниясына жетекші солист ретінде шақырылды. Бүгінгі таңда А.Аданның «Жизель» балетіндегі басты партиямен қатар, балерина әлемдік сахналарда Л.Минкустың «Дон Кихот», П.Чайковскийдің «Щелкунчик» және «Ұйқыдағы ару» және т.б. орталық классикалық рөлдерді орындайды. Элизабет Тоневтің репертуары сонымен қатар ХХ ғасырдағы балет өнерінің басты өкілдерінің туындыларын да қамтиды: америкалық классикалық балет өкілі Джордж Баланчиннің туындылары, Морис Бежардың философиялық жұмбақ балеттері, Джон Ноймайер мен Джон Крэнконың терең психологиялық туындылары. Ол Ханс ван Манен, Дэвид Доусон, Уильям Форсайт, Иржи Килиан және Алексей Ратманский сынды әлемге әйгілі заманауи хореографтармен ынтымақтастықты жоғары бағалайды.

Элизабеттің мойындауы бойынша, ол әрқашан үлкен эмоциялық қайтарымды қажет ететін терең драмалық партияларға тартылды. Оның шығармашылық ұраны – сахнада қалуға және жеке тәжірибені жоғары өнерге айналдыруға батыл қадам жасау. «Биде жаныңды ашып, шынайылықтан қорықпау керек. Сайып келгенде, ең бастысы – даралық», – деп атап өтті балерина.

Оның сахнадағы серіктесі көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты Джулиан Маккей болады, оны жетекші сыншылар мінсіз академиялық қалпы үшін «жас Аполлон» деп атап кетті. Оның кәсіби жетістіктерінің қатарында Prix de Lausanne, Ыстамбұлдағы алтын медальдар және Нью-Йорктегі Америка Гран-приі (YAGP), сондай-ақ америкалық биші үшін Сочидегі «Әлемнің жас балеті» байқауының және Бейжіңдегі Халықаралық балет байқауының тарихи марапаттары – әлемдегі ең беделді бес байқаудағы жүлделері бар. Орындаушы өзінің халықаралық мансап жолын Лондон Корольдік балетінің ең жас әртісі ретінде бастап, Санкт-Петербор Михайловский театрында жұмыс істеген жылдары Лондон, Токио, Нью-Йорк, Мәскеу және Шанхайдың басты сахналарында өнер көрсетіп, халықаралық қонақ жұлдыз мәртебесіне ие болды. Кейіннен Джулиан Маккей бұл мәртебесін Сан-Франциско балетінің премьеры ретінде де бекітті. Бүгінде ол Еуропа мен Азияның жетекші ұжымдарымен қонақ солист мәртебесінде, соның ішінде Рим операсының балет компаниясымен және жапондық K-ballet Company (Токио) компаниясымен үнемі шығармашылық ынтымақтастықта. Әмбебап классикалық премьер ретінде Джулиан Маккей Мариус Петипа, Пьер Лакотт және Кристофер Уилдонның туындыларында академиялық партияларды шебер орындап келеді. Сонымен қатар оның репертуарында ХХ ғасырдың танымал шеберлері – Джордж Баланчин, Джон Ноймайер, Джон Крэнко және Уильям Форсайт, Анжелен Прельжокаж, Алексей Ратманский и Эдвард Клюг сынды жетекші заманауи хореографтардың қойылымдары да бар.

- Мен әрдайым «Астана Операға» үлкен құрметпен қарадым. Мәскеуде гастрольдік сапарларда труппамен алғашқы кездесуімде-ақ балет галасына бірлесіп қатысу кезінде мен оның әртістерінің шеберлігінің ең жоғары деңгейіне тәнті болып, осы жылдар ішінде мен ұжымның шығармашылық өсуін үлкен қызығушылықпен бақыладым, – дейді АҚШ премьері Джулиан Маккей. – Мен бұл театрдың сахнасына бірінші рет шығамын және «Жизельде» Альберт партиясын орындау мен үшін үлкен бақыт. Бұл менің ең сүйікті балеттерімнің бірі: мен оны алғаш рет 19 жасымда биледім, ал бүгін 28 жасымда осы спектакльде көптеген әлемдік сахналарда шығып, аңызға айналған балет шеберлерінің баға жетпес тәжірибесі мен интерпретациясын қабылдадым. Ал қазір мен үшін бұл тәжірибенің барлық қырын Астананың тамаша жұртшылығына таныстыру нағыз рахат, – деп түйді өз ойын Джулиан Маккей.

Ал 7 маусымда бас партияларда қазақстандық жұлдыздар – «Астана Опера» жетекші солистері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгерім Бекетаева (Жизель) және Диас Құрманғазы (граф Альберт) жарқырайды.

Қалыптасқан дәстүр бойынша труппамен жұмыс істеуде Алтынай Асылмұратова академиялық репертуарды игеруге үміт артатын таланттарды дәйекті түрде тарта отырып, әртістердің жаңа буынын тәрбиелеуге ерекше көңіл бөледі. Сондықтан «Жизель» спектаклінің фестивальдік көрсетілімдері жас орындаушылар үшін сахнада тәжірибелі шеберлермен бірге өздерін көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен, кіріспе па-де-дені алғаш рет Дарья Митрофанова мен Әлихан Әубәкір, ал Вильфрид партиясын Ахмет Қабкенов орындайды. Балет әртістері, миманс және театрдың симфониялық оркестрі осы күндері дирижер Элмар Бөрібаевтың жетекшілігімен өнер көрсетеді.

Спектакльдердің басталуы: 7 маусым 17:00-де және 10 маусым 19:00-де.

 

Байланыс ақпараты

Қосымша ақпарат алу үшін, бізбен байланысу немесе бағдарламаларға қатысуға өтініш беру үшін келесі байланыстарды пайдалана аласыз:

Мәдениет пен креативті индустрияны қолдау қоғамдық қоры «Cultural Legacy Fund».

Мекенжай: Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік ел даңғылы, ғимарат 55/22, блок С 4.3., 246 кабинет.

Электрондық пошта: info@culturallegacyfund.kz, Impresario@culturallegacyfund.kz

Байланыста болыңыз

«Cultural Legacy Fund» қорының жаңа бағдарламалары, мүмкіндіктері және мәдени бастамалары туралы хабардар болу үшін біздің сайтқа және әлеуметтік желілерге жазылыңыз.

"TORUS.KZ" ЖШС жасаған
© 2025 Барлық құқықтар қорғалған