Қытайда өтіп жатқан ІХ қысқы Азия ойындарының волонтері қазақстандықтарға сәттілік тіледі.
Қысқы Азиаданың шаңғымен сырғанау жарысында медия қызметкерлеріне көмек көрсететін волонтер Шы Цзинфан Kazinform тілшісіне Қазақстан туралы Димаш Құдайберген арқылы білетінін айтты.
– Мен Қытайдың Хунан провинциясынан келдім, екінші курс студентімін. Қазақстан туралы ең алғаш Димаш арқылы білдім. Өзімді Димаштың жанкүйері деп санаймын, - деді ол.
Қытайлық волонтер әңгіме барысында қазақстандық спортшыларға сәттілік тіледі.
– Харбинге қош келдіңіздер! Қазақстан спортшыларына қысқы Азия ойындарында сәттілік тілеймін, - деді Шы Цзинфан.
Айта кетейік, бүгін шаңғы спортынан Қазақстан ерлер және әйелдер құрамасы командалық эстафетадан жарыс жолына шығып, бір күміс және бір қола медаль жеңіп алды.
Қазақстан құрамасына қолдау білдіру үшін Ұлттық олимпиада комитетінің төрағасы Геннадий Головкин, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Ябулиге келді.
Сонымен қатар, Головкин мен Мырзабосынов жүлде алған қазақстандық спортшыларды құттықтады.