Қаз
«Cultural Legacy Fund»
МӘДЕНИЕТ ПЕН КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯНЫ ҚОЛДАУ ҚОРЫ
 

Күзгі афишадағы жаңа жылдық ертегі 

Күзде қыстың ғажайып атмосферасын сезіну мүмкін емес деп кім айтты? «Астана Опера» қыркүйектегі афишасына Юрий Григоровичтің хореографиясындағы П.Чайковскийдің аңызға айналған «Щелкунчигін» енгізе отырып, елорда тұрғындары мен қала қонақтарын көпшілік жақсы көретін балетпен бірге мерекелік көңіл күйге бөленуге шақырады. Спектакльдің көрсетілімдері 25-26 қыркүйекте театрдың Үлкен залы сахнасында өтеді. 
«Астана Операдағы» «Щелкунчик» 2014 жылы өткен премьерасынан бастап әрдайым қалың көрермен жинайды. Тіпті балетті көруге ниет білдірушілердің қатары көп болғаны сонша, билет барлығына бірдей жетпей қалатын кездер де болады. Сондықтан көпшіліктің сұрауы бойынша елордалық театр осынау балет жауһарын күзгі афишасына да енгізуді ұйғарды. «Астана Опера» балет труппасының орындауындағы бұл спектакль балаларға арналған ертегі ретінде ғана емес, адамның рухани есеюі, алғашқы махаббат пен ізгіліктің зұлымдықты жеңуі туралы терең философиялық туынды ретінде сипатталады. Ұшқын атқан қар бүршіктерінің биі, КСРО халық суретшісі Симон Вирсаладзенің қиялынан туған сан алуан реквизиттер, сахнадағы алып шырша мен көз тартарлық костюмдер көрерменді бірден сиқырлы әлемге жетелейді. 
Сонымен спектакль күндері Маридің рөлін Шұғыла Әдепхан мен София Әділханова жүзеге асырады. Ал Щелкунчик-Ханзаданың партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Рахматуллаев пен Диас Құрманғазы таныстырады. Түрлі күндері театрдың симфониялық оркестрі дирижер «Құрмет» орденінің кавалері Руслан Баймурзиннің жетекшілігімен өнер көрсетеді. Басты партияда көрермендердің алдына шығуға дайындалып жатқан жетекші балет солисі Шұғыла Әдепхан Юрий Григоровичтің хореографиясы әрқашан қиындығымен ерекшеленетінін, бірақ нәзік Маридің бейнесі өзіне ерекше күш-жігер сыйлайтынын атап өтті. 
– «Щелкунчик» – мен үшін ерекше балеттердің бірі. Жылы сезімдерге бөлейтін бұл ертегі-спектакль ғажайыпқа толы, сонысымен ол балаларға ғана емес, ересектерге де қатты ұнайды. Балетті тамашалай отырып, үлкендер өзінің балалық шағын еске алады, ғажайыптың бар екеніне қайтадан сене бастайды. Бастапқыда Маридің бейнесінен нәзік әрі сезімтал қызды көрсем, кейіннен оның ішкі жан дүниесі батылдыққа әрі мейірімділікке толы екенін ұғындым. Осы партияны сомдаған сайын мен сан алуан эмоцияны бастан кешіремін және соны көрермендерге жеткізуге тырысамын, – деп әңгімеледі Шұғыла Әдепхан. 
Жуырда ғана ол сахнадағы серігі – «Астана Операның» жетекші солисі Еркін Рахматуллаевпен бірге Гонконгтегі Үлкен театр сахнасындағы «Болашақ жұлдыздар 2026» жыл сайынғы халықаралық гала-концертінде өнер көрсетіп келгенін еске саламыз. Балерина Қытайға шығармашылық сапары жүрегінде ұмытылмас әсер қалдырғанын жасырмады. 
– Гонконгтегі көрермендер әріптесім Еркін Рахматуллаев екеуімізді ыстық ықыласпен қарсы алды. Сахнаға шыққан сәттен бастап қытайлық көпшіліктің өнерге деген сүйіспеншілігін, терең махаббатын және қызығушылығын бірден сезіндік. Оның үстіне Джин М.Ван балет мектебі мен Цзиньфорн С.Ван атындағы мемориалдық стипендия қоры бізді жас балет әртістеріне үлгі-өнеге көрсетсін деп арнайы шақырғаннан кейін бұл өнер көрсету біз үшін өте маңызды әрі жауапты болды. Гала-концерттен кейін ұйымдастырушылар жанымызға келіп, біздің орындауымыз шәкірттерінің кәсіби тұрғыда өсуіне зор ықпал ететінін қуана атап өтті. Сондықтан бұл гастрольдік сапарды біз үшін ерекше миссия болды деуге толық негіз бар. Себебі біз өзіміздің өнерімізді ғана паш еткен жоқпыз, сонымен қатар жас буынға кәсіби тұрғыда жол сілтеп, оларға үлкен шабыт пен мотивация сыйлап қайттық, – деп пікірімен бөлісті жетекші солист. 
Биылғы жазғы демалысында бірнеше мемлекетке саяхаттап, түрлі мәдениеттермен танысқан және содан өзіне мол рухани азық алған әртіс осы күш-жігерімен көрермендермен бөлісуге әзір екенін жеткізді. 
– Гастрольдік сапар қаншалықты әсерлі әрі қызықты өтсе де, туған жерімді және туған сахнамды әрдайым аңсап тұрамын. Себебі «Астана Опера» сахнасының өз тынысы, энергиясы бар, оның әрбір деталі әртіске өнер көрсету кезінде көмектесіп тұратындай болады. Және де өз еліңнің көрермендері сені әрдайым туғанындай қарсы алады. Олардың жанарындағы жылулық, жүрегіндегі мейірімділік бізге, әртістерге ерекше қанат бітіреді, – деп пікірін қосты балерина. – Күз – өзі сондай бір тың бастамаларға және күш-қайратқа толы ерекше мезгіл. Осы ретте театрымыз жаңа маусымын ауқымды шығармашылық жоспарлармен бастап отыр. «Щелкунчик» балетінде сахнаға шығып, өзімнің сүйікті партияларымның бірін орындауды және көрермендермен кездесетін сәтті тағатсыздана күтудемін, - деп қорытындылады Ш.Әдепхан. 
«Астана Операның» «Щелкунчик» балеті шетелде де сұранысқа ие екенін атап өтуіміз керек. Театрдың балет труппасы мен симфониялық оркестрі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен спектакльді Дубайда (БАӘ) екі жыл қатарынан гастроль аясында зор жетістікпен таныстырған еді. Ал енді жақында елордалық көрермендерге ұсынылғаннан кейін спектакль декорациялары Италияға жолға шығады, өйткені балетті желтоқсанда Генуя жұртшылығы күтеді. Алайда бұл «Астана Опера» көрермендері Жаңа жыл мерекесінде сүйікті балетті тамашалай алмай қалады деген сөз емес. Театр жылдар бойы қалыптасқан дәстүрін үзбейді және мереке қарсаңында көпшілікті «Щелкунчик» балетінің көрсетілімдерімен қуантады. Сондықтан спектакльді қыркүйекте тамашалап үлгермеген көрермендердің оны желтоқсанда көруге мүмкіндігі болады. 
Спектакльдің басталуы: 25 қыркүйек 19.00-де, 26 қыркүйек 17.00-де.

Байланыс ақпараты

Қосымша ақпарат алу үшін, бізбен байланысу немесе бағдарламаларға қатысуға өтініш беру үшін келесі байланыстарды пайдалана аласыз:

Мәдениет пен креативті индустрияны қолдау қоғамдық қоры «Cultural Legacy Fund».

Мекенжай: Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік ел даңғылы, ғимарат 55/22, блок С 4.3., 246 кабинет.

Электрондық пошта: info@culturallegacyfund.kz, Impresario@culturallegacyfund.kz

Байланыста болыңыз

«Cultural Legacy Fund» қорының жаңа бағдарламалары, мүмкіндіктері және мәдени бастамалары туралы хабардар болу үшін біздің сайтқа және әлеуметтік желілерге жазылыңыз.

"TORUS.KZ" ЖШС жасаған
© 2025 Барлық құқықтар қорғалған