Қаз
«Cultural Legacy Fund»
МӘДЕНИЕТ ПЕН КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯНЫ ҚОЛДАУ ҚОРЫ
 

Каролина Шойфеле «Қыпшақ қызы Аппақ» операсына келді

3-4 қазанда «Астана Опера» сахнасында Серікжан мен Әліби Әбдінұровтардың «Қыпшақ қызы Аппақ» ұлттық операсының көрсетілімдері өтті. Екі кеш көрермендерінің арасында мәдениет пен сән әлемінің танымал тұлғалары – Chopard зергерлік үйінің арт-директоры Каролина Шойфеле мен мәскеулік музыкалық сыншы Александр Матусевич болды. 
Каролина Шойфеле – швейцариялық Chopard үйінің тең президенті әрі арт-директоры, компания иесі болып табылатын отбасының өкілі. Ол жоғары зергерлік өнердің барлық коллекциясына, соның ішінде Red Carpet желісіне жетекшілік етеді және Канн кинофестивалі үшін «Алтын пальма бұтағын» жасауға жеке өзі жауап береді. Оның қызметі Chopard штаб-пәтері орналасқан Женева қаласында шоғырланған. Спектакльден кейін Каролина Шойфеле қойылымнан алған ерекше әсерімен бөлісті.

- «Астана Операға» келу – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл менің осы театрда алғаш рет болуым, ғимараты қандай зәулім, ал акустикасы таңғажайып! Спектакль ұмытылмас әсер қалдырды, оқиғаның қуанышпен аяқталғанына көңілім көтеріліп қалды. Музыка мен оркестрдің орындаушылық шеберлігі сөзбен айтып жеткізгісіз, адамның жанын баурап алады! Мұнда зор қуанышпен қайта ораламын, – деп атап өтті Каролина Шойфеле.

Еске сала кетейік, ұлттық қойылым – «Қыпшақ қызы Аппақ» операсын Ғабит Мүсірепов драмасының желісі бойынша Тілеуғазы Бейсембектің либреттосына композиторлар Серікжан мен Әліби Әбдінұровтар жасады. Оқиға желісінің негізінде қыпшақ сұлуы Аппақ пен ұлы әзірбайжан ақыны Низами Гәнжауидің махаббат хикаясы жатыр. Тұтқынға түскен қыпшақ қызы ақынның жарына, шайырды әлемдік поэзияның асыл қазынасына енген ғажайып әйел бейнелерін жасауға шабыттандырған музасына айналады. Кейіпкердің жеке драмасы арқылы опера халықтың тарихи естелігі, рухани беріктігі мен бейбітшіліктің құны туралы сыр шертеді. 

Танымал ресейлік музыка сыншысы, өнертанушы, «Золотая Маска» ұлттық театр сыйлығының сараптама кеңесінің мүшесі Александр Матусевич «Қыпшақ қызы Аппақ» операсын бағалау және спектакльге рецензия жазу үшін Мәскеуден арнайы ұшып келді. 
Операның әлемдік премьерасы 2026 жылы мамырда өткенін және ол Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орайластырылғанын атап өтуіміз керек. Қойылым бойынша бір жылдан астам уақыт бойы жұмыс жүргізілді, оркестрге лайықтауда қазақ және әзірбайжан ұлттық аспаптары қолданылды. Қоюшы режиссер – Михаил Панджавидзе, музыкалық жетекші – Абзал Мұхитдин, дирижер тұғырында – Ерболат Ахмедьяров. 
Опера қоғамда кең резонанс туғызды. Жаңа қойылыммен танысу үшін әрбір көрсетілімге түрлі елдерден меймандар арнайы келуде. – «Астана Опера» сахнасындағы «Аппақ» операсындағы махаббат, шиеленіс пен соғыс көріністері көрерменді шынайы өмірден алыстатып, «әлем әлі жас болған» дәуірге жетелейтін тәрізді. Осының бәрі тұрақты жанкүйерлерді де, қойылымнан жаңашылдық, қызық пен жарқын эмоция іздейтіндерді де баурап алады, – деп атап өтті Belcanto.ru беделді музыкалық басылымының беттерінде театр әрі музыка сыншысы, либреттошы, өнертану докторы, Әзірбайжан ұлттық консерваториясының профессоры Улькяр Алиева.

Байланыс ақпараты

Қосымша ақпарат алу үшін, бізбен байланысу немесе бағдарламаларға қатысуға өтініш беру үшін келесі байланыстарды пайдалана аласыз:

Мәдениет пен креативті индустрияны қолдау қоғамдық қоры «Cultural Legacy Fund».

Мекенжай: Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік ел даңғылы, ғимарат 55/22, блок С 4.3., 246 кабинет.

Электрондық пошта: info@culturallegacyfund.kz, Impresario@culturallegacyfund.kz

Байланыста болыңыз

«Cultural Legacy Fund» қорының жаңа бағдарламалары, мүмкіндіктері және мәдени бастамалары туралы хабардар болу үшін біздің сайтқа және әлеуметтік желілерге жазылыңыз.

"TORUS.KZ" ЖШС жасаған
© 2025 Барлық құқықтар қорғалған