Қаз
«Cultural Legacy Fund»
МӘДЕНИЕТ ПЕН КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯНЫ ҚОЛДАУ ҚОРЫ
 

«Опералия» фестиваліндегі қазақстандық премьералар

«Опералия» халықаралық фестивалі шілдеде «Астана Операда» классика сүйер қауымға «Туған жердегі концерттер» жобасы аясында жарқын аспаптық бағдарлама – «Viva Cello» симфониялық музыка кеші мен «Piano Stories: Шопеннен Прокофьевке дейін» камералық концертін ұсынады. Шаралардың басты кейіпкерлері шақырылған жұлдыздар – танымал дәулескер виолончельші Эльдар Сапараев және болашағынан үміт күттіретін қазақстандық музыканттардың жаңа буыны – виолончельшілер Батырхан Иссақ пен Данагүл Әжікенова, пианистер Бекзат Рақымов, Санжарәлі Көпбаев, Бейбарыс Смайыл болады.

Сонымен, 8 шілдеде «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында «Viva Cello» симфониялық кеші өтеді. Елорда тұрғындары мен қонақтарын өз буынының ең сұранысқа ие виолончельшілерінің бірі Эльдар Сапараевтың өнер көрсетуі күтеді. Хорватиядағы атақты Антонио Янигро атындағы байқауды қоса алғанда, көптеген беделді халықаралық жарыстың лауреаты Эльдар Сапараев мінсіз техникалық мектепке және терең интерпретаторлық мәнерге ие. Бүгінде әртіс Еуропа мен Азияның ірі сахналарындағы концерттік қызметін Люблянадағы Музыка академиясының профессоры ретіндегі оқытушылық қызметімен сәтті ұштастырып келеді. Оның көрнекті дирижерлермен және ұжымдармен бірге өнер көрсетуі музыка әлемінде әрдайым елеулі оқиғаға айналады.

– Алдағы өнер көрсетуіміздің бағдарламасы үш ауқымды премьераны қамтиды, олардың әрқайсысы тыңдармандар үшін нағыз жаңалық болады, - дейді Орталық Азияның жетекші виолончельшілерінің бірі Эльдар Сапараев. - Қазақстанда алғаш рет Камиль Сен-Санстың №2 концерті, ре минор шырқалады. Бұл қуатты, жарқын әрі монументалды туындының Бірінші концертке қарағанда сирек орындалатыны әділетсіз. Осы сирек ұсынылатын шығарманы кешімізде Батырхан Иссақ таныстырады.

Келесі премьера Данагүл Әжікенованың орындауындағы Артюр Онеггердің Виолончельге арналған концерті болмақ.

- Бұл таңдамалы шығарманың авторы Парижде өмір сүріп, импрессионизмнің гүлденген дәуірінде шығармашылықпен айналысқан. Аталмыш қозғалыс қайраткерлері жапон мәдениетіне қатты тәнті болғаны көпшілікке мәлім, - деп атап өтті Эльдар Сапараев. – Мен өзім де Жапонияны бұрыннан зерттеп келемін, оның барлық аралында болдым, сондықтан мен осы әсемдікке тәнтімін. Жапон өрнегі мен дәстүрлі өнерінің ықшамдылығында ғажайып тереңдік жасырулы, мен үшін Онеггердің музыкасы осы философиямен таңғаларлықтай үндеседі. Концерттің пентатоника элементтері бар джаз

стилистикасында жазылған бірінші бөлімі мені ойша ежелгі Киотодан Токиоға қатынайтын жүрдек пойызбен саяхатқа жетелейді. Көз алдымда дәстүрлі киім киген адамдар, шексіз әсем көріністер, күріш алқаптары жанданады. Мыңдаған жылдар өтсе де, бұл тұрмыс-салт өзгермеген секілді. Ал көкжиектен асқақ Фудзияма тауы көрінеді. Екінші бөлім мен үшін – Кабуки театрының нақты жүзеге асқан көрінісі іспетті. Онеггердің бұл аутентикалық рухты еуропалық концертте соншалықты шебер жеткізе отырып, оның терең музыкалық көрінісін жасай алғаны таңғалдырады.

Бағдарламаның үшінші премьерасы әрі шарықтау шегі Джованни Соллиманың Оркестр мен үш виолончельге арналған Caravaggio бірегей шығармасының қазақстандық мәнерде орындалуы болмақ. Эльдар Сапараевпен бірге бұл виртуоздық туындыны оның шәкірттері Батырхан Иссақ пен Данагүл Әжікенова ұсынады.

- Көрнекті италиялық композитор, виолончельші әрі менің досымның бұл шығармасына оның сирек олжасы арқау болған: Италияның оңтүстігіндегі шіркеулердің бірінен Соллима Караваджоның әйгілі «Христосты қамшылау» картинасына арналған діни ән бар көне қолжазбаны тауып алған. Композитор бұл қолжазбаның авторлығын суретшінің өзімен байланыстырады. Соллима туындының музыкалық визуализациясында бұл ортағасырлық түпнұсқаны шығарманың басы мен соңына біріктіріп, оның қарқынын едәуір жеделдеткен, ал орталық бөлігінде виолончель ансамблінің көмегімен қамшылаудың бүкіл драматизмін қайта жасаған. Бұл бірегей туындының орындалуы көрермендерімізге алғаш рет Караваджо шығармашылығының беймәлім қырын танытып, концерттің қуатты финалына айналады, - деп әңгімеледі музыкант.

Тәлімгерлері Эльдар Сапараевпен бірге концертке қатысатын халықаралық байқаулардың лауреаттары Батырхан Иссақ пен Данагүл Әжікенова – еуропалық сахналарды қарқынды бағындырып жүрген қазақстандық виолончельшілердің жаңа буынының өкілдері. Батырхан Иссақ Бухарестегі CellEast байқауында бірінші сыйлықты иеленген. Оның шетелде отандық орындаушылық мектептің жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеген осынау жарқын нәтижесінен кейін көп ұзамай «Астана Опера» сахнасына шығуының символдық мәні бар.

- Еуропадағы ірі университеттердің бірінің профессоры ретінде мен қазақстандық виолончель өнерінің ілгерілеуіне белсенді ықпал етемін, - деп пікірімен бөлісті Эльдар Сапараев. – Бүгінде дарынды студенттеріміз республикамызды халықаралық деңгейде мақтанышпен танытуда. Мәселен 19 жасар Батырхан Иссақтың қанжығасында қазірдің өзінде екі беделді марапат бар, ол Италиядағы байқауда екінші сыйлық лауреаты атанды және Румыниядағы дүбірлі додада 35 жасқа дейінгі ересек қатысушылар арасында басымдықпен жеңіске жетті. Өз кезегінде Данагүл Әжікенова Францияның оңтүстігіне гастролін ойдағыдай аяқтады. Онда ол аңызға айналған скрипкашы әрі дирижер Дмитрий Ситковецкийдің жетекшілігімен New European String камералық оркестрімен бірге жеке өнер көрсетті және Эдуард Шмидердің iPalpiti америкалық ұжымымен бірге турнеге қатысты. Прагадағы жуырдағы өнер көрсетуі мен Люблянадағы концертінен кейін Данагүл Әжікенова отандық көрермендермен кездесу үшін Қазақстанға ұшып келеді.

Сонымен қатар кеш бағдарламасы М.Равельдің «Дафнис пен Хлоя» балетінен екінші сюитаны және П.Чайковскийдің «Рококо тақырыбына вариацияларды» қамтитынын атап өтуіміз керек. Концерттің ерекше сәті көрнекті композиторлар Ахмет және Ғазиза

Жұбановтардың «Құрманғазы» операсынан Құрманғазының «Перовский маршы» күйі болмақ.

Барлық шақырылған солист «Астана Опера» симфониялық оркестрімен бірге дирижер Элмар Бөрібаевтың басқаруымен өнер көрсетеді.

- Қазақстанның ең беделді сахнасында өнер көрсету мен үшін ерекше тебірентерлік оқиға әрі зор ғанибет. Орталық Азиядағы ең үздік ұжыммен және бүкіл Азиядағы ең үздік оркестрлердің бірімен шығармашылық достастығымыздың нәтижесінде соңғы он жыл ішінде онға жуық бірлескен бағдарлама жасадық. Бұл ұжымның құрамында менің жақын достарым мен сыныптастарым ойнайды, олармен мені қырық жылдық достық қарым-қатынас байланыстырады. Сеулде Брамстың Қос концертімен өнер көрсеткеннен кейін бірден өтетін алдағы концерт мен үшін әлемдегі ең үздіктердің бірі саналатын туған қазақстандық көрерменіммен ұзақ күткен кездесуім болмақ, - деп қорытындылады Эльдар Сапараев.

Бір күн бұрын, 7 шілдеде Күләш Байсейітова атындағы Камералық залда тыңдармандарға «Piano Stories: Шопеннен Прокофьевке дейін» фортепиано жауһарларының кеші ұсынылады. Бүгінде П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясында білім алып жатқан дарынды қазақстандық пианистер, халықаралық байқаулардың лауреаттары Бекзат Рақымов, Санжарәлі Көпбаев пен Бейбарыс Смайыл көрермендерге өз өнерлерін паш етеді. Жеке нөмірлер мен ансамбльдік шығармалардан тұратын мазмұнды бағдарлама фортепиано үнінің бүкіл байлығы мен жан-жақтылығын көрсетуге бағытталған. Осынау кеште Ф.Шопеннің танымал Полонезі, ля-бемоль мажор, И.Брамстың Паганини тақырыбына вариациялары (1-ші дәптер), М.Равельдің «Вальс» хореографиялық поэмасы, Ф.Листтің №1 мефисто-вальсі, ля мажор және А.Скрябиннің Вальсі шырқалады. А.Володосьтың транскрипциясында С.Рахманиновтың «Андантесі», М.Балакиревтің «Исламей» шығыс фантазиясы мен С.Прокофьевтің №7 монументалды сонатасы кешке ерекше бояу үстейді.

«Опералия» фестивалінің «Туған жердегі концерттер» жобасы аясындағы алда өтетін кештері Қазақстанның классикалық өнеріндегі үздіксіз ұрпақтар сабақтастығын бейнелейтінін атап өту маңызды. Танымал шеберлер мен жас музыканттардың бірлесіп өнер көрсетуі «Астана Операның» шығармашыл жастарды қолдаудағы миссиясын айқындай түседі. «Туған жердегі концерттер» жобасы бірегей мәдени алмасуға айналады деп күтілуде: шетелде қазақтың ұлттық өнерін таныта отырып, біздің дарындарымыз театрдың қолдауымен отандық көрермендерді әлемдік классиканың сирек жауһарларымен таныстыру үшін үйге оралады. Әртістерге осындай ірі симфониялық концерттерге қатысу үшін сахнасын ұсыну арқылы «Астана Опера» олардың кәсіби өсуіне ықпал етеді және ұлттық орындаушылық мектеп тарихында жаңа есімдерді ашады.

Концерттердің басталуы 19:00-де.

Байланыс ақпараты

Қосымша ақпарат алу үшін, бізбен байланысу немесе бағдарламаларға қатысуға өтініш беру үшін келесі байланыстарды пайдалана аласыз:

Мәдениет пен креативті индустрияны қолдау қоғамдық қоры «Cultural Legacy Fund».

Мекенжай: Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік ел даңғылы, ғимарат 55/22, блок С 4.3., 246 кабинет.

Электрондық пошта: info@culturallegacyfund.kz, Impresario@culturallegacyfund.kz

Байланыста болыңыз

«Cultural Legacy Fund» қорының жаңа бағдарламалары, мүмкіндіктері және мәдени бастамалары туралы хабардар болу үшін біздің сайтқа және әлеуметтік желілерге жазылыңыз.

"TORUS.KZ" ЖШС жасаған
© 2025 Барлық құқықтар қорғалған