Қаз
«Cultural Legacy Fund»
МӘДЕНИЕТ ПЕН КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯНЫ ҚОЛДАУ ҚОРЫ
 

Ковент-Гарден жұлдыздары «Аққу көлі» балетінде өнер көрсетеді 

«Астана Опера» Ballet Globe халықаралық би фестивалімен бірлесе отырып, 11-12 қыркүйекте балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованың қойылымындағы П.Чайковскийдің «Аққу көлі» балетін көрермендердің назарына ұсынады. Спектакль күндері басты партияларды Ковент-Гарден Корольдік балетінің (Ұлыбритания) прима-балеринасы Фуми Канеко мен жетекші премьері Вадим Мунтагиров орындайды деп күтілуде. «Астана Опера» симфониялық оркестрі қоюшы дирижер Арман Оразғалиевтің жетекшілігімен өнер көрсетеді. 
Сонымен, «Астана Опера» балет труппасының XIV театр маусымындағы алғашқы өнер көрсетуіне де санаулы күн қалды. Әдеттегідей осы жазда да балет әртістері өздерін демалысқа арнап және сонымен қатар әлемдік сахналарда жарқырап та үлгергенін атап өтуіміз керек. Мәселен театрдың жетекші солисі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан Эдинбургтегі Festival Theatre (Шотландия), Лондондағы Sadler's Wells театры (Англия), З.Палиашвили атындағы Тбилиси опера және балет театры (Грузия) сахналарында, Арена ди Верона мен Санта-Маргерита-ди-Пула курортты аймағындағы Forte Arena ашық алаңында (Италия), сондай-ақ Брисбен қаласындағы Квинсленд орындаушылық өнер орталығында, Сидней мемлекеттік театры мен Мельбурндегі Hamer Hall концерт залында (Австралия) табысты өнер көрсетті. Ал жетекші солистер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Рахматуллаев пен Шұғыла Әдепхан отандық балет өнерін Гонконгтегі Үлкен театр (Қытай) сахнасында таныстырды. Солист Сұлтанбек Ғұмар өзінің ассистентері – солистер Айбар Тоқтармен және Жәнібек Ахмедиевпен бірге Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» ауқымды халықаралық фестиваліне осымен екінші жыл режиссер хореограф ретінде қатысып келді. Ол жақта С.Ғұмардың қойылымындағы жиырма минуттық прологты балет труппасының әртісі Нима Токов орындады. 
Сүйікті театрларына жақсы көңіл күймен әрі шалқар шабытпен оралған труппа қазір талғампаз көрермендердің алдына шығуға жауапкершілікпен дайындалуда. Балет маусымының әйгілі «Аққу көлімен» ашылуы ұжым үшін ғана емес, сондай-ақ қойылымға қатысатын Корольдік балет жұлдыздары үшін де елеулі оқиғаға айналмақшы. 
Әлемдік классиканың інжу-маржаны 2017 жылдан бері «Астана Опера» репертуарында Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратованың хореографиялық редакциясында ұсынылып келеді. Мариус Петипа мен Лев Ивановтың классикалық хореографиялық мұрасын негізге ала отырып, балет труппасының көркемдік жетекшісі труппаның техникалық шеберлігі мен актерлік дарынын барынша аша түскен қойылымды жасады. Ballet Globe халықаралық би фестивалімен серіктестік бұл спектакльдің ауқымын кеңейтіп, оны мәдениеттер диалогының жарқын үлгісіне айналдырып отыр. 
Одетта-Одилияның басты партиясында өнер көрсететін Ковент-Гарден Корольдік балетінің прима-балеринасы Фуми Канеконың қоржынында Болгария, Ресей мен АҚШ-та өткен ірі халықаралық балет байқауларындағы жүлделер, Ұлыбританияның үздік балеринасы ретінде Critics' Circle National Dance Awards сыйлығы бар. Бүгінде ол әлемдік балет өнерінің ең жарқын өкілдерінің қатарынан көрініп, дүниежүзі бойынша беделді сахналарда классикалық репертуардың басты партияларын үзбей сомдап келеді. Ал онымен жұп болып өнер көрсететін әріптесі – ханзада Зигфридтің бейнесін сомдайтын Вадим Мунтагиров – халықаралық Benois de la Danse сыйлығының лауреаты, Dance Europe Dancer of the Year атағының иегері. Сондай-ақ ол британдық би сыншыларының Critics' Circle National Dance Awards ұлттық сыйлығын екі мәрте еншілеген. Әртістің Корольдік балет, Ресейдің Үлкен театры және әлемнің ірі театр сахналарында көрсеткен өнері халықаралық кәсіби қауымның жоғары бағасына ие болған. 
Бұл «Астана Опера» мен Ballet Globe-тің алғашқы бірлескен жобасы емес екенін атап өтуіміз керек. Осыған дейін екіжақты әріптестік аясында елордалық театр сахнасында Ресейдің халық әртісі, Мариинский театрының примасы Диана Вишнева, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Мариинский театрының бірінші солисі Константин Зверев пен «Астана Опера» балет труппасы әртістерінің қатысуымен Михаил Фокиннің қойылымындағы Күміс ғасырдың аңызға айналған балеттер кеші өтті. Алда ұсынылатын спектакльдер театрдың халықаралық ынтымақтастығының ауқымын кезекті мәрте паш ететіні сөзсіз. 
Спектакльдің басталуы: 11 қыркүйек 19.00-де, 12 қыркүйек 17.00-де. 

Байланыс ақпараты

Қосымша ақпарат алу үшін, бізбен байланысу немесе бағдарламаларға қатысуға өтініш беру үшін келесі байланыстарды пайдалана аласыз:

Мәдениет пен креативті индустрияны қолдау қоғамдық қоры «Cultural Legacy Fund».

Мекенжай: Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік ел даңғылы, ғимарат 55/22, блок С 4.3., 246 кабинет.

Электрондық пошта: info@culturallegacyfund.kz, Impresario@culturallegacyfund.kz

Байланыста болыңыз

«Cultural Legacy Fund» қорының жаңа бағдарламалары, мүмкіндіктері және мәдени бастамалары туралы хабардар болу үшін біздің сайтқа және әлеуметтік желілерге жазылыңыз.

"TORUS.KZ" ЖШС жасаған
© 2025 Барлық құқықтар қорғалған