Жақында, 19-20 қыркүйекте «Астана Опера» сахнасы Париждегі Латын кварталына айналады, мұнда Джакомо Пуччинидің бірегей музыкасының үнімен театр әртістері ұлы махаббат, достық пен мәңгілік жастық шақ хикаясын баяндайды. 20 қыркүйектің кешінде нәзік Мимидің партиясын есімі әлемнің үздік сахналарында дүркіреп тұрған қазақстандық сопрано, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мария Мудряк орындайды.
Мария Мудряк үшін Мимидің партиясы – шығармашылық өмірбаянындағы ерекше бөлім, оның бұл рөлді сомдап келе жатқанына он жылға жуық уақыт өтті. Ол осы бейнеге алғаш рет 2016 жылы әлі тым жас кезінде Италияда қол ұшын тигізген еді. Содан бері әнші оны әлемнің ең беделді сахналарында орындап, сан алуан режиссерлермен түрлі қойылымдарда жұмыс істеп келеді. Бүгінде халықаралық музыка сыншыларының пікірінше, ол үздік сопранолардың ондығына кіреді. Десек те оның өз кейіпкеріне деген тебіренісі мен зерттеушідей қызығушылығы әлі басылған емес. – Иә, мен бұл партияда Италияда 21 жасымда дебют жасаған едім, ол кезде қоржынымда біршама рөлдер мен дебюттер болды, соған қарамастан Мими мен үшін әрдайым ерекше кейіпкер болып қала беруде. Мұның сыры ең алдымен Пуччинидің музыкасында деп ойлаймын. Сонымен қатар ол кездегі әлі тым жас әншіге, яғни маған бұл кейіпкер өте жақын, жүрекке жылы әрі түсінікті болып көрінді, - деп пікірімен бөлісті Мария Мудряк. – Әрине, бұл партияны әртүрлі сахналарда сан алуан режиссерлердің қойылымында орындаған кезде кейіпкерімнің де болмысы құбылып тұрды... Ал қазір дебютімнен кейін арада 10 жыл өткеннен кейін және өмірлік тәжірибемді есепке ала отырып, мен бұл кейіпкерді мүлде басқаша түсінемін және оның бейнесін одан әрі терең, жан-жақты аша түскім келеді. Иә, ол – әлі де сол баяғы қарапайым, арманшыл, кішкентай қуаныштарға шаттанып, сүйсіне білетін нәзік жан. Бірақ сонымен бірге ол – мықты және ең бастысы өмір сүргісі келетін және сүйікті болғысы келетін әйел, – деп атап өтті әнші.
Мария Мудряктан бөлек, спектакльдің орындаушылық құрамы сахнада театрдың жетекші опера солистерінің, оркестр, хор, миманс әртістері мен балалар хорының басын қосады, сондай-ақ 19 қыркүйекте Мимидің партиясын Мәдина Исламова орындайды. Әнші Мария Мудряктың өзі «Астана Операдағы» әріптестерімен шығармашылық диалог ол үшін әрдайым шабыт көзі болып табылатынын атап өтті. – «Астана Операдағы» әріптестеріммен бірге жұмыс істеу – мен үшін қашанда зор қуаныш! Біз өзім қатты бағалайтын әрі құрметтейтін әртіс, өнердегі досым Талғат Мұсабаевпен бірге сахнаға шығамыз, онымен бірге өнер көрсетудің өзі бір ғанибет! Сондай-ақ тенор Жан Тапин де қойылымға қатысады, біз онымен алдыңғы «Богемада» бірге дайындалған едік, енді онымен қайтадан бір сахнада ән шырқайтыныма өте қуаныштымын!
Оның пікірінше, шығармашылық диалог кез келген спектакль жетістігінің басты құпиясы болып табылады. – Мен үшін шығармашылық диалог құра білу өте маңызды. Спектакль әрдайым бірлескен жұмысты талап етеді, мұнда барлығы маңызды, біз барлығымыз сахнада үйлесімді әрекет еткенде ғана ғажайып пайда болады. «Астана Операда» мұны жасау қолымыздан келеді, – деді әнші. Қоюшы дирижер Джузеппе Акуавиваның басқаруымен, сондай-ақ «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапиноның сәнді костюмдерінде және Винченцо Рапони салған жарық сәулесінің көмегімен бұл бірлескен ғажайып елордалық көрермендерге ұмытылмас кеш сыйлайды деп күтілуде.
Еске сала кетейік, Дж.Пуччинидің Анри Мюрженің «Богема өмірінен көріністер» танымал романының негізі бойынша жазылған операның оқиға желісі кедей, бірақ шығармашылық күштері тасыған Париж тұрғындары – ақын Рудольф, суретші Марсель, музыкант Шонар және философ Коллен жайлы хикаяны баяндайды. Жоқшылық – олардың тұрақты серігі, алайда ол осынау шығармашыл жандардың күнделікті тұрмысындағы қуанышты, поэзия мен махаббатты торлауға қауқарсыз. Композитор небәрі сегіз айдың ішінде жазып шығарған және жас дирижер Артуро Тосканинидің жетекшілігімен алғаш рет 1896 жылы шырқалған музыка сол уақыттан бері миллиондаған көрерменнің жүрегін жаулады. «Астана Операның» қойылымында режиссер Андреа Бернард заманымыздың көрнекті сценографы Эцио Фриджериомен бірге өз кезеңінде осынау хикаяны көзбен көруге болатын ғаламат оқиғаға айналдырды: екі деңгейлі декорациялар, сахнаға жүріп келетін пойыз және мерекелік көріністе цирк трюктерін орындайтын әртістердің қатысуы таныс операны жанды әрі жігерлі етеді.
Спектакльдердің басталуы 17:00-де.



