Қаз
«Cultural Legacy Fund»
МӘДЕНИЕТ ПЕН КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯНЫ ҚОЛДАУ ҚОРЫ
 

 «Астана Операдағы» Моцартқа арналған сәуір

Ұлы австриялық композитор Вольфганг Амадей Моцарт биыл «Астана Опера» театрының басты назарында. 14-23 сәуір аралығында театрдың екі алаңында, яғни К.Байсейітова атындағы Камералық зал мен Үлкен зал сахналарында «Моцарт әлемі» топтамасы аясында үш концерт өтеді. Жоба ұйымдастырушылары алдарына өршіл мақсат қойып отыр: олар кемеңгер композитор мұрасының сан алуан қырларын қамтуды көздейді.

Топтаманы 14 сәуірде К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында өтетін алғашқы концерт ашады. Театрдың камералық оркестрінің дирижер тұғырында «Құрмет» орденінің кавалері Руслан Баймурзин өнер көрсетеді. Музыкалық кешке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері сопрано Айгүл Ниязова, гобойшы Дамиля Махпирова, сондай-ақ альтшы Толқын Қилыбаева мен пианист Анара Камельинова қатысады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айсұлу Байкенова скрипкашы әрі осы топтаманың идея авторы ретінде өнерін паш етеді.

- Бүкіл әлем ұлы композитордың туғанына 270 жыл толуын мерекелеуде. Бұл айтулы дата бізге осы оқиғаны керемет театрымызда атап өтуге шабыт берді. Мен үшін Моцарттың музыкасы – өмірдің өзі, онда қуаныш та, жоғалту күйініші де – барлығы бар. Композитордың ғұмыры қысқа болғанымен, жарқын сәттерге бай еді. Бұл оның шығармашылығына әсер етпей қоймады. Меніңше, «Реквием» – бір кездері жазылған ең қасіретті туындылардың бірі. Алайда осынау трагедиялық сипатына қарамастан, онда үміт оты мен нұрлы сәттер де аз емес. Моцарт музыкасының қабылдауға жеңіл көрінуі –  композитордың кемеңгерлігі мен шебер орындаудың ұштасуының нәтижесі. Бірде-бір халықаралық музыкалық байқау оның концерттері, сонаталары мен квартеттерінің орындалуынсыз өтпейтіні кездейсоқтық емес. Орындаушылық тұрғысынан алып қарасақ, Моцарттың туындылары таңғаларлықтай күрделі: олар музыканттан дәулескерлікті ғана емес, сонымен қатар мәнерді терең түсінуді де талап етеді. Халық айтпақшы, мұндағы әрбір нота алтынмен тең, - деп әңгімеледі Айсұлу Байкенова.

18 сәуірге жоспарланған екінші концерт топтаманың орталық бөлігіне айналады. Осынау кеште Үлкен зал сахнасында Оркестр мен фортепианоға арналған №21 концерт пен композитордың өмірінің соңында жазған шығармасы – мәңгі өшпес «Реквиемді» қамтыған бағдарлама таныстырылады.

Шығарманың орындалу ауқымы адамның қиялына сыймайтындай ғаламат әсер қалдырады. «Реквием» бойынша жұмысқа үлкен шығармашылық күш, яғни шамамен 200 адамнан тұратын құрама хор жұмылдырылды. Оның құрамына «Астана Операның», Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның (көркемдік жетекші – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Құттыбадамова, хормейстер – Данара Ташатова) хор әртістері кіреді. Сондай-ақ олардың қатарында Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті мен колледж студенттері (жетекші – Ольга Кряжевских, колледж хорының жетекшісі – Дәурен Мусин, хормейстер – Айдана Сатыбалды), солистер - сопрано Лейла Аламанова, меццо-сопрано Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Татьяна Вицинская, тенор Әлихан Зейнолла, бас Саргис Бажбеук-Меликян бар. Әртістерді, оркестр музыканттары мен құрама хорды дирижер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театрдың бас хормейстері Ержан Дәуітов басқарады. Фортепиано концертінде пианист Динара Сартай жеке өнер көрсетеді.

- Бұл біздің алғашқы бірлескен концертіміз емес, сондықтан айтарлықтай қиындық туындап жатқан жоқ. Ұжымдарға бір хор мектебін меңгерген әріптестеріміз жетекшілік етеді. Олардың барлығы әйгілі хормейстер, КСРО халық әртісі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Анатолий Васильевич Молодовтың шәкірттері немесе ізбасарлары. Мен «Реквиемді» ұстазым маған үйреткендей түсіндіремін. Анатолий Васильевич XX ғасырдың басында білім алған, ал оның ұстаздары XIX ғасырда дүниеге келгендіктен олар композиторға әлдеқайда жақын болған. Баршаға мәлім болғандай, «Реквием» италиялық латын тілінде орындалады, ол айтарлықтай қарапайым әрі мәтіні дәстүрлі болып келеді, - деп түсіндірді бас хормейстер.

- Репертуар таңдау мәселесіне келсек, біз оны композитордың айтулы датасын ескере отырып талқыладық. Және егер оркестр мен хорға арналған танымал туындыны таңдасақ, бұл әлбетте В.А.Моцарттың соңғы шығармасы «Реквием» болмақ. Бағдарламадағы екінші туынды – Оркестр мен фортепианоға арналған №21 концерт – композитордың өмірінің соңғы кезеңдерінде жазған туындыларының бірі. Бұл – мазмұны кемел, ауқымы кең, шоқтығы биік шығарма. Мұнда, әсіресе екінші бөлімде композитордың тауқыметті тағдыры айқын сезіледі. Осы екі туындыны таңдап алған себебіміз – олар екеуі де оның шығармашылығының соңғы Вена кезеңіне жатады. Біздің әріптесіміз – тамаша пианист Динара Сартай жеке өнер көрсетеді, ол концертмейстер ретінде ғана емес, солист ретінде де өнерін паш етуге әрдайым дайын, - деп атап өтті Ержан Дәуітов.

Топтама 23 сәуірде бірінші концерттегідей камералық форматта аяқталады. Үшінші концертте сахнаға қайтадан камералық оркестр шығады, алайда бұл жолы оған италиялық маэстро Джузеппе Акуавива жетекшілік етеді. Онымен бірге солистер – скрипкашы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айсұлу Байкенова, флейташы Алексей Косырев, фаготшы Әсет Нелдібаев, валторнашы Дархан Түзелбеков, арфашы Любовь Ткаченко өнер көрсетеді.

- Әлбетте, біздің барлық концертімізді кемеңгердің музыкасы біріктіреді. Біз тыңдармандарға ұлы композитордың қырларын барынша таныстырғымыз келді. Үш концертте сазгердің барлық шығармашылығын қамтуға келмейтіні өкінішті, бірақ осы бағдарламаның өзі оның сан қырлы болмысын тануға мүмкіндік береді. Әрбір кештің бағдарламасы бір-біріне мүлдем ұқсамайды: мұнда хор, вокал, аспаптық және оркестр музыкасы да бар, - деп қорытындылады жоба авторы Айсұлу Байкенова.

Байланыс ақпараты

Қосымша ақпарат алу үшін, бізбен байланысу немесе бағдарламаларға қатысуға өтініш беру үшін келесі байланыстарды пайдалана аласыз:

Мәдениет пен креативті индустрияны қолдау қоғамдық қоры «Cultural Legacy Fund».

Мекенжай: Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік ел даңғылы, ғимарат 55/22, блок С 4.3., 246 кабинет.

Электрондық пошта: info@culturallegacyfund.kz, Impresario@culturallegacyfund.kz

Байланыста болыңыз

«Cultural Legacy Fund» қорының жаңа бағдарламалары, мүмкіндіктері және мәдени бастамалары туралы хабардар болу үшін біздің сайтқа және әлеуметтік желілерге жазылыңыз.

"TORUS.KZ" ЖШС жасаған
© 2025 Барлық құқықтар қорғалған