Халықаралық AD (Architectural Digest) басылымы 2025 жылы ашылатын ең күтілетін музейлердің тізімін жариялады. Бұл тізімге әлемнің түкпір-түкпіріндегі мәдени нысандар кірді – Париждегі Cartier қорығынан бастап, Наосимадағы Жаңа өнер музейіне дейін. 2025 жылдың ең күтілетін 11 музейінің қатарында АҚШ, БАӘ, Жапония, Франция, Нидерландыдағы жобалар бар. Солардың ішінде Нұрлан Смағұловтың жеке Almaty Museum of Arts заманауи өнер музейі де аталды. Музей ғимаратын 60 елде архитектуралық жобалар жасаған британдық Chapman Taylor бюросы әзірлеген.
AD 2025 жылды жаңа музейлердің ашылуы тұрғысынан ерекше қарқынды жыл болады деп атап өтті. «Әлемдік жетекші сәулетшілер келіскендей, таңғаларлық ғимараттар салды: Абу-Дабидегі Фрэнк Гери жобалаған көптен күткен Гуггенхайм музейі; Париждегі Жан Нувельдің Cartier қоры; MAD Architects жасаған футуристік Fenix музейі (осы студия Лос-Анджелестегі Лукастың музейін да әзірлеген); Абу-Дабидегі Foster + Partners жобалаған шейх Заид ұлттық музейі; Тадао Андо жобалаған Наосимадағы жаңа өнер музейі», – деп жазады AD.
Forbes Kazakhstan-ның хабарлауынша, Смағұлов жобасына жалпы инвестиция көлемі 100 миллион доллардан асады. Бұл сома музей ғимаратын салу, өнер туындыларын сатып алу және музей шығындарын жабу үшін эндаумент қорын құруға жұмсалады.
Almaty Museum of Arts коллекциясының негізін қазақстандық суретшілер – Айша Ғалымбаева, Салихитдин Айтбаев, Абдрашит Сыдыханов, Рустам Хальфин, Ербосын Мелдібеков және басқалары құрайды. Сондай-ақ музейде Ричард Серра, Ансельм Кифер, Билл Виола, Александр Колдер сияқты шетелдік суретшілердің жұмыстары қойылады.
Әлемнің ірі музейлерінде келушілер жапон суретшісі Яёй Кусаманың «Шексіздік бөлмелері» атты иммерсивті инсталляциясын көру үшін ұзын-сонар кезекке тұрады. Almaty Museum of Arts сатып алған Кусаманың «Махаббат шақырады» жұмысы 2024 жылы Сан-Францискодағы SFMOMA музейінде көрсетіліп, бірнеше айдың ішінде 200 мыңнан астам келушіні жинады.
«Біз қонақтарымыздың осы бірегей туындыны өз музейімізде көре алатынына қуаныштымыз», – деді Нұрлан Смағұлов музей құрылысы алаңында өткен медиатур кезінде.
Құрылысы жүріп жатқан музей командасының миссиясы – Алматының әлемдік өнер сахнасындағы орнын нығайту. Олар бұл міндетті кезең-кезеңімен жүзеге асыруда, ал халықаралық басылымдар Almaty Museum of Arts және Қазақстан туралы жазуда.
AD жариялаған мақалада былай делінген: «Бұл Орталық Азиядағы заманауи өнердің алғашқы жеке музейі болады, онда Яёй Кусама, Фернан Леже, Ансельм Кифер сияқты халықаралық жұлдыздардың және Айша Ғалымбаева секілді жергілікті суретшілердің жұмыстары қойылады. Ғимараттың лаконикалық геометриясы бар жобасын британдық Chapman Taylor бюросы әзірледі».
AD (Architectural Digest) – бұл халықаралық дизайн, сәулет және өмір салты туралы басылым. Ол ең көрнекті интерьерлер, ғимараттар, танымал сәулетшілер мен дизайнерлер туралы мақалалар жариялайды. Журнал 1920 жылы АҚШ-та негізі қаланып, содан бері сәулет пен дизайн саласындағы жетекші әлемдік басылымға айналды.