«Астана Опера» өз көрермендерін премьерада күтеді! 25 наурызда балет труппасының әртістері композитор Хамит Шанғалиевтің музыкасына солист, дарынды хореограф Сұлтанбек Ғұмардың «Мәңгіліктің төрт сыры» жаңа спектаклін таныстырады. Балетмейстер Қазақстанның классикалық балетінде жаңа хореографиялық өрнек іздеу жолында маңызды міндетті атқарып келеді.
«Мәңгіліктің төрт сырын» қоюшы хореограф небәрі екі аптаның көлемінде жасап шыққан. Спектакльде махаббаттың бес кезеңі – қос ғашықтың бір-біріне деген құштарлығы, бара-бара үйренісуі, бірін-бірі зерттеуі, арадағы қақтығыстары, шынайы бет-бейнелерінің ашылуы және ең соңында бір-бірін бар болмысымен қабылдап, мәңгілік махаббатқа қол жеткізу сәті баяндалады.
Балетті жасау кезінде хореограф еркін бағытты ұстанған, мұнда классикалық би элементтері, кей жерлерде шапшаң қимылдар да кездеседі. Балетте дуэттер мен ансамбльдік орындаулар да бар.
– Спектакльге барлығы төрт жұп қатысады. Әр дуэттің мінезі де, хореографиясы да әртүрлі. Кей жерлерде стилистикалар ауысуы, қазақ биіне тән қимылдар да кездесуі мүмкін, - деп түсіндірді қоюшы хореограф Сұлтанбек Ғұмар.
Балет минимализм стилінде жасалған: алып декорациялардың орнына сахнада төрт мөлдір мата пайда болады, олар әрбір жұптың естелігін білдіреді. Сондай-ақ спектакльдің басқа да ұтымды тұстары өте көп. Мәселен екінші дуэтте қос ғашықтың қарым-қатынасындағы нәзік сәттер жіңішке жіп арқылы беріледі. Кейін олардың арасында түсініспеушіліктер пайда болғанда жіп арқанға айналады. Бірінші және екінші дуэттерде қатысушылардың көздерінің таспа жіппен байлануы арадағы кемшіліктердің әлі байқалмағанын білдіреді. Ал кейін олар көздеріндегі байлаулы матаны шешкенде белдеріндегі арқанды көреді де, араларында тайталас басталады.
– Адам өзінің шектен шыққанын ашуы тарқағаннан кейін ғана түсінеді ғой. Мен мұны ерлер мен қыздардың монологы («Өкініш» пен «Сағыныш» сахналары) арқылы жеткізуді ұйғардым. Соңында жұптар бір-бірін барлық кемшілігіне қарамастан қабылдағанда арқан жоғарыға көтеріліп кетеді де, оның орнына төменге мөлдір мата түседі, – дейді Сұлтанбек Ғұмар.
Қазіргі таңда әртістер премьераға зор қызығушылықпен дайындалуда. Қоюшы әр кезең үшін орындаушыларды мінезі мен қабілетіне қарай таңдап алған. Сонымен премьера күні көрермендердің алдына «Астана Опера» балет труппасының жарқын солистері шығады. «Ғашықтықты» Камилла Орманова мен Досхан Зәйдін көрсетсе, одан кейінгі кезең «Махаббат елесі / Құмарлықты» София Әділханова мен Ислам Қайыпбай таныстырады. «Күресті» орындауға Лимара Айдарова мен Ғалымжан Нұрмұхамет дайындалуда. «Қабылдау» кезеңін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгерім Бекетаева мен Диас Құрманғазы орындайды.
Балетті жасау кезінде қоюшы хореограф Сұлтанбек Ғұмар мен композитор Хамит Шанғалиевтің және оның пианист ассистенті Әлібек Әлпиевтің арасында ерекше шығармашылық тандем қалыптасқанын атап өтуіміз керек. Композитор Хамит Шанғалиев бұған дейін жазып, өзінің архивінде сақтап келген небәрі үш нотадан тұратын қысқа әуен хореографқа шабыт берген және болашақ спектакльдің лейтмотивіне айналған. Осынау шағын күй тұтас туынды өсіп шыққан дәнге айналған.
- Сол үш нотаны балеттің лейтмотиві деп айтуға болады, - дейді Хамит Шанғалиев. – Бұл музыкада домбыраның үні мен қазақи нақыштағы әуендер кездеседі, бірақ мен оны заманауи классикалық тұрғыда өңдеп, балетке лайықтадым. Сұлтанбек бұл балетті өте әдемі қойған, оның идеясы музыкамен өте керемет үйлеседі. Жас болса да, оның ой-өрісінің кеңдігіне таңғаламын. Ол спектакльді егжей-тегжейлі ойластырған, - деп пікірін қосты композитор.
Жарықтың оқиғаны баяндайтын күші бар. Жарық арқылы мінезді жеткізуге, сахнадағы бос кеңістікті толтыруға болады, ол салқын мен жылуды береді. Балетті қоятын кезде қоюшы хореограф жарықтың да қандай болуы керек екенін алдын ала ойластырған. Оның бұл идеясын жарық бойынша суретші Михаил Епанчин жүзеге асырды.
Сонымен қатар жарықпен безендіру спектакльдің келесі маңызды құраушы бөлігі – костюмдермен де үйлесуі керек. Костюмдер бойынша суретші Дариға Тайшықова көрнекі бейнелердің айқындылығын нақтылы түрде көрсету үшін костюмдердің палитрасын спектакльдің жарыққа байланысты шешімдерімен бірге құрастырды. – Спектакльдің көркемдік әлемінің элементтері ретінде костюмдер мен жарық әрдайым бір-біріне өзара демеу болады. Біздің тобымызда композицияның қалай жинақталуы керектігі жайлы нақты пайымдау болды және біз шынайы махаббат тақырыбына ой толғау атмосферасын қалай жасау керек екенін білдік. Мәселен, костюмдер реңкінің ауысуы арқылы махаббат кезеңдерінің түрленуін, сондай-ақ көңіл күй мен эмоцияның өзгеруін көрсетуге болады. Дуэттердегі нәзіктік пен күшті таңдалған маталардың ерекшелігі арқылы жеткізуге тырыстық, бұл әрбір кейіпкердің мінезін, оқиға желісінің тереңдігін және қоюшы хореографтың көркемдік ойын ашуға көмектесті, - дейді ол.
Дариға Тайшықова костюмдерді жасау барысында табиғи түстерді қолданған. Кейіпкерлердің сахнада пайда болуы және олардың спектакльдің түрлі кезеңінде бір-бірімен өзара әрекеттесуі костюмдерінде айқын көрініс табады.
– Түстік гаммаға келетін болсақ, бізде күйдірілген балшық реңктерінің палитрасы пайда болды. Біз қолданған орташа сұр реңктер мен қоңыр жартылай тондар, сондай-ақ танымал қызғылт сары түс сахнадағы кейіпкерлер бейнелерінің жарқырауы үйлесімді көрінуін әрі шынайы әсер беруін қамтамасыз етті. Тігін цехының шеберлері жасап шыққан бұл терракота түсі қойылымның шарықтау шегіне айналды. Оны махаббат салтанат құратын қорытынды көріністегі қыздың бейнесі арқылы жеткіздік. Костюмдер минималистік дизайнда орындалды. Материалдардың бір реңкті фактуралары бар кескіндегі қарапайым әрі таза сызықтар, сондай-ақ маталардың ашықтығы мен жеңілдігі костюмдерге сахнадағы іс-әрекетпен үйлесімді бірігуге көмектеседі, әртістердің қимылдарының әсемдігі мен пластикасын, хореография мен музыканы бақылаудан көрерменнің назарын бөлмейді, - деп ойын түйіндеді Д.Тайшықова.
Қоюшының осынау спектакльде айтқысы келген басты ойы – махаббаттың жай сезім емес, екіжақты үлкен еңбек екенін қоғамға ұғындыру. Осыны түсіне білген адамдар ғана махаббаттың мәңгілігін табады.
– Біз мәселелерден қашқан сайын олар қатая түседі. Ал, керісінше, біз оларды қабылдап, шешімін табуға тырыссақ, оның басқа жағымды тұстарын көре бастаймыз. Мөлдір махаббат су тәрізді, оған қол жеткізу үшін шешімдерін, формасын таба білу керек. Су стаканға құйса да формасын ұстайды, ағызып жіберсең де саңылау тауып, сыртқа шығады. Мәңгілік махаббат та сондай болуы керек, – дейді Сұлтанбек Ғұмар.
Өз сөзінде ол әр бастамасына қолдау көрсетіп, солист ретінде өсуге ғана емес, өзінің шығармашылық әлеуетін дамытуға мүмкіндік беріп келе жатқан труппаның көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратоваға, сондай-ақ премьераны дайындауға көмектескен театрдың барлық цехына ризашылығын жеткізді.
«Мәңгіліктің төрт сыры» премьералық спектаклінен бөлек, бұл күні көрермендер Қазақстанның классикалық балетіндегі жаңа хореографиялық өрнек іздеудегі талпыныстың нәтижесі саналатын NOMAD BALLET бағдарламасын тамашалау мүмкіндігіне ие. Онда елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына Сұлтанбек Ғұмардың басқа да ұлттық әрі заманауи хореографиялық композициялары – «ХасСақ» ансамблінің музыкасына «Рух», «Той бастар», «Аралым», «Кемел адам», «Аңсау», А.Райымқұлованың музыкасына «Mankurt», Х.Шанғалиевтің музыкасына «Әлем» композициялары таныстырылады. Сондықтан алдағы өнер көрсетуді лайықты түрде «Астана Операның» дарынды хореографының шығармашылық кеші деп атауға болады.
Басталуы 17:00-де.


