Жаңа жыл қарсаңында «Астана Опера» сахнасы дәстүр бойынша «Щелкунчикке» тиесілі. Және бұл жолғы маусымның орны ерекше болмақ. Қазақстандық балет труппасы халықаралық көрермендерді тәнті еткен Дубайдағы екі жылғы табысты гастрольден кейін П.Чайковскийдің музыкасына жазылған ғажайып ертегі ақыры үйіне, өзінің ең сүйікті аудиториясына оралады. Көрермендерді 17–31 желтоқсан аралығында заманымыздың ең ұлы хореографтарының бірі Юрий Григоровичтің қойылымындағы мәңгі өшпес туындымен кездесу күтеді.
Осынау спектакльдің афишасы балет әлеміндегі жарық жұлдыздардың есімдерімен түрленеді. 19-20 желтоқсанда өтетін екі кеш айрықша назар аудартады, себебі бұл күндері басты партияларда Үлкен театрдан мейман – жетекші солист Маргарита Шрайнер мен «Астана Опера» премьері Бақтияр Адамжан сахнаға шығады. Бұл – танымал ұстаздардың мектебінен өткен М.Шрайнер үшін маңызды рөлдердің бірі.
– Юрий Николаевич Григоровичтің хореографиясы – тұтас философия. Ол өзінің күрделі қарапайымдылығымен ерекше. Қимылдар сырт көзге бірқалыпты, тіпті ұстамды болып көрінуі мүмкін. Алайда барлық қиындық – осы байсалдылықта жатыр. Бірде-бір артық қозғалыс болмайды, әрбір сызық жіптей түзу болуы тиіс. Әсіресе Конфитенбургтегі Ханзадамен болатын адажио еліктіріп әкетеді. Баланс, серіктесіңе деген сенім, толықтай назар қою. Көрермен еңбекті емес, көңілдің шарықтағанын ғана көре алатындай етіп жасау таңғаларлықтай қиын, – деп пікірімен бөлісті Маргарита Шрайнер. – Менің кейіпкерім қуыршақпен ойнамайды, ол бұл әлемге шынымен сенеді. Щелкунчикке жан біткен сәтте түрлену басталады. Осы кезде би өзгереді. Салмақтылық, жігерлілік пайда болады. Кейіпкерімнің көздері ойыншықты емес, тұлғаны іздейді. Конфитенбургте Мари алғашқы әрі ең тебіреністі махаббатты бастан кешірген бойжеткенге айналады. Бұл таңдану, қайран қалу, әлемнің орасан зор әрі керемет екенін түсінуден мөлдір мұңға бату. Ең қиыны – осынау түрленудің шегін көрсету, көрермендерді алдарында тұтас өмірге тұрарлық бір түнді сүріп өткен дәл сол кейіпкердің өзі тұрғанына сендіру, - деп қорытындылады Маргарита Шрайнер.
Алайда дебютанттар да көпшіліктің назарын өздеріне аудартады. Жетекші солистерді дайындағандай, оларды да өнер көрсетуге балет труппасының көркемдік жетекшісі, әлемдік балет жұлдызы Алтынай Асылмұратова дайындауда. Биыл таңертеңгілік спектакльдер жас дарындар – басты партияларды алғаш рет орындайтын Алина Зырянова мен Акбар Иминовке ашылуға мүмкіндік сыйлайды. Желтоқсанның барлық күні Ханзада мен Маридің рөлдерінде көрермендер бұрыннан ұнататын әртістер де жарқын өнер көрсетеді. Олар: Мәдина Өнербаева, Айгерім Бекетаева, Еркін Рахматуллаев, Шұғыла Әдепхан, Диас Құрманғазы, София Әділханова, Эркин Базарбаев және тағы басқалары. «Астана Опера» симфониялық оркестрін түрлі күндері дирижерлер Арман Оразғалиев пен Ерболат Ахмедьяров басқарады.
КСРО халық суретшісі Симон Вирсаладзенің көркемдік безендіруі – осынау балет жетістігінің ажырамас бөлігі. Суретші туралы: «Ол биді киіндірді» деп айтады. Шынымен де, оның костюмдері мен декорациялары – жеке өнер туындысы. Түстік палитраға бай 200-ге жуық жарқын костюм, сондай-ақ таңғажайып реквизиттер – кемелер, зеңбіректер, қозылар нағыз ғажайып сезімін сыйлайды. «Щелкунчиктің» дәл осы нұсқасы «Астана Опера» репертуарында 11 жыл бойы үнемі зор табыспен ұсынылып келеді.
«Астана Опера» театрындағы «Щелкунчикке» бару елорда тұрғындары мен қонақтары үшін мерекенің жақындағанын еске салатын тамаша дәстүрге айналды. Олардың көбі атап өткендей, «бұл – жылдың ең ғажайып мезгілінің керемет бастамасы».
Сонымен қатар театр жас көрермендер үшін де тосынсый дайындады. Балеттен бөлек, 18–29 желтоқсан аралығында «Астана Опера» фойесінде «Жаңа жылдық ғажайыптар симфониясы» мерекелік интерактивтік шарасы өтеді. Балаларды Жаңа жылдық өнер кітапханасында қызықты шытырман оқиға күтеді, олар онда Люмьер ханымды, Сағатшы мен жұмбақ Импресарионы кездестіреді. Балғындарға басты кейіпкерлерге айналып, ғажайыпты Қараңғылықтан құтқаруға, шыршаны жағуға және үндестікті қалпына келтіруге тура келеді.






