Қаз
«Cultural Legacy Fund»
МӘДЕНИЕТ ПЕН КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯНЫ ҚОЛДАУ ҚОРЫ
 

Үнді ертегісіндегі дебюттер шеруі

8, 15 және 16 сәуірде «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына биыл барша музыка әлемі 200 жылдығын атап өтіп жатқан Людвиг Минкустың «Баядерка» балеті ұсынылады. Осы көрсетілім арқылы театр ұлы композитордың рухына тағзым етеді. Махаббат, сатқындық пен кек туралы осынау танымал классикалық қойылымда театрдың дарынды жас әртістерінің бірқатар маңызды дебюті орын алады деп күтілуде.

Алдағы жылы классикалық балет репертуарындағы ең танымал әрі көркем спектакльдердің бірі – «Баядерка» балетінің әлемдік премьерасының ұсынылғанына 150 жыл толады. «Астана Операда» ол балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратованың қойылымында 2015 жылдың желтоқсанынан бастап жүретінін еске саламыз. Әйгілі балерина осынау ауқымды спектакльдің орындаушылар құрамына жаңа есімдерді қосып, жас әртістерге өздерін «Баядерка» кейіпкерлерінің күрделі партияларында байқап көруге мүмкіндік берді.

- «Баядерка» - менің сүйікті балеттерімнің бірі! Орындаушылар құрамына жаңа әртістерді мұншалықты көп көлемде алғаш рет енгізіп отырмын. 16 сәуірдегі көрсетілімнің ерекшелігі – басты партияларды дебютанттардың орындауы. Диас Құрманғазы сахнаға он жеті жастағы әртістер Торғын Лебен және Әдемі Жанабілмен бірге шығады. Мен тәуекелге бел будым, себебі олар мұндай драмалық күрделі партияларға әлі тым жас, дей тұрғанмен мен оларды және басқа да жастарды әрі қарай жұмыс істеуге ынталандырғым келеді. Олардың бойында барлық қажетті қарым-қабілет бар, сондықтан жастарға дамуға мүмкіндік беруіміз керек. Бұл әртістердің барлығы Қазақ ұлттық хореография академиясының соңғы жылдардағы түлектері екені ерекше қуантады. Олар театрға былтыр және биыл ғана келсе де, осы бастан репертуардағы спектакльге қатысуда. Олардың қатарында Дарья Митрофанова, Әлия Әмірхан, Әлихан Әубәкір және тағы басқалары бар. Мансап жолын бірден салмақты партиялардан бастау мүмкіндігі кез келген әртіске беріле бермейді. Десе де қазір буын алмасу үдерісі белсенді жүріп жатыр және бұған жас әртістердің әлеуеті жеткілікті. Ең бастысы олардың жауапкершілікпен жұмыс істеуге деген ынта-жігері бәсеңдемесе болғаны, - деп әңгімеледі Алтынай Асылмұратова.

Сонымен, Никияның бейнесінде алғаш рет сахнаға шығуға дайындалып жатқан балет әртісі Торғын Лебен бұл партияны орындау өзіне тапсырылғанда үлкен қуаныш пен жауапкершілікті қатар сезінгенін атап өтті.

– Бұл – менің бала кезден бергі арманым. Қазақ ұлттық хореография академиясының төменгі сыныбында оқып жүргенімде «Баядерка» балетінің бейнежазбасын кездейсоқ көзім шалып қалған еді. Онда Никияның партиясын «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова орындады. Оның өнерін көріп, осы бейнеге бірден ғашық болдым, – дейді балерина Т.Лебен. – Никияның рөлі – классикалық балеттегі ең күрделі әрі маңызды партиялардың бірі. Мен үшін ол – өте нәзік, рухани таза әрі шынайы кейіпкер. Ол махаббатына адал, бірақ тағдырдың ауыр сынақтарына тап болады. Бейнені қимыл арқылы ғана емес, сондай-ақ ішкі күй арқылы да жеткізуге тырысамын. Себебі Никия партиясы техникалық тұрғыдан ғана емес, эмоциялық жағынан да өте күрделі.

Труппаны осы театр маусымында толықтырған балет әртісі өзін әріптестерінің өте жылы қабылдағанын және рөлге дайындық барысында зор қолдау көрсетіп жатқанын қоса айтты.

– Алтынай Абдуахимқызының маған деген сенімі ынтамды ерекше арттыра түседі, оның кәсіби талаптары өсуіме және дамуыма үлкен әсер етеді. Мен оған осындай мүмкіндіктер мен қолдауы үшін және бізбен бөлісіп жүрген тәжірибесі үшін өте ризамын, – деді Т.Лебен. – Сондай-ақ менің серіктесім – жетекші солист Диас Құрманғазыны атап өткім келеді. Ол өте дарынды, тәжірибелі әртіс, сахнада өзін еркін ұстайды. Осындай серіктеспен жұмыс істеу – расында бір ғанибет. Ол әрқашан көмектесіп, қажет кезде кеңес бере алады және онымен сахналық әріптестік жеңіл қалыптасады.

Никияға қарама-қайшы кейіпкер Гамзаттидің рөлін алғаш рет Әдемі Жанабіл жүзеге асырады. Әртіс өз сөзінде бұл партия техникалық әрі актерлік жағынан күрделі екеніне тоқтала келе, кейіпкерінің мінезін барынша жеткізуге тырысатынын атап өтті.

– Гамзатти – бай раджаның қызы, мәртебелі, тәкаппар әрі өз мақсатына жетуге дайын кейіпкер. Мен бұл бейнені сомдағанда оның сыртқы кербездігін, өзіне деген сенімділігін және ішкі драмасын көрсетуге тырысамын. Партияға дайындық барысында әріптестерім мен тәлімгерлерім зор қолдау көрсетуде. Алтынай Асылмұратова маған рөлдің техникасын ғана емес, сонымен қатар кейіпкердің мінезі мен сахналық бейнесін дұрыс жеткізуге көмектесуде. Бұдан бөлек, рөлді тереңірек түсіну үшін түрлі театрлардың қойылымдары мен бейне жазбаларды қарап, Гамзаттидің бейнесін зерделеудемін. Бұл маған кейіпкердің ішкі әлемін жақсырақ сезінуге мүмкіндік береді, – деп қорытындылады Ә.Жанабіл.

Елордалық театрдағы «Баядерка» қойылымы әрдайым музыкасы, хореографиясы және драмалық оқиғасымен ғана емес, сондай-ақ әртістердің шеберлігімен, декорациялардың ауқымдылығымен және костюмдердің әсемдігімен көрерменге ерекше әсер қалдырады. Түрлі күндері сахнаға театрдың балет труппасының жарқын солистері шығады. Сонымен, баядерка Никияның басты партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгерім Бекетаева мен Мәдина Өнербаева, сондай-ақ Торғын Лебен (дебют) орындайды, ал ержүрек жауынгер Солордың бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Рахматуллаев пен Диас Құрманғазы таныстырады, тәкаппар ханшайым Гамзаттидің рөлін София Әділханова (дебют), Шұғыла Әдепхан мен Әдемі Жанабіл (дебют) сомдайды. Алтын пұтты Серік Нақыспеков ұсынады, сондай-ақ осы рөлде көрермендер Акбар Иминов пен Әлихан Әубәкірдің дебюттеріне куә болады. Ұлы браминнің бейнесін Жәнібек Иманқұлов, Олжас Тарланов (дебют) жүзеге асырады. Раджа Дугмантаның рөлін Сұңғат Қыдырбай мен Айдан Қалжан (дебют) орындайды. Спектакльдің барлық күні «Астана Опера» симфониялық оркестрі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Ахмедьяровтың басқаруымен өнер көрсетеді.

Спектакльдердің басталуы 19:00-де.

Байланыс ақпараты

Қосымша ақпарат алу үшін, бізбен байланысу немесе бағдарламаларға қатысуға өтініш беру үшін келесі байланыстарды пайдалана аласыз:

Мәдениет пен креативті индустрияны қолдау қоғамдық қоры «Cultural Legacy Fund».

Мекенжай: Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік ел даңғылы, ғимарат 55/22, блок С 4.3., 246 кабинет.

Электрондық пошта: info@culturallegacyfund.kz, Impresario@culturallegacyfund.kz

Байланыста болыңыз

«Cultural Legacy Fund» қорының жаңа бағдарламалары, мүмкіндіктері және мәдени бастамалары туралы хабардар болу үшін біздің сайтқа және әлеуметтік желілерге жазылыңыз.

"TORUS.KZ" ЖШС жасаған
© 2025 Барлық құқықтар қорғалған