31 мамырда «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында «Опералия» халықаралық фестивалі аясында П.Чайковскийдің «Аққу көлі» ұсынылады. Егер осынау кештің музыкалық құраушы бөлігі жоғары сапаның кепілі болса, елордалық көрермендерге жасалатын тосынсый мүлдем бөлек: басты партияларда астаналықтарға әлдеқашан таныс меймандар – Мариинский театрының әртістері Мария Ильюшкина (Одетта–Одиллия) мен Эван Капитен (Ханзада Зигфрид) өнер көрсетеді. Бұл қос солисттің фестивальге екінші рет келуі болмақ, олар елордалық көрермендерді былтыр тәнті еткен еді.
Прима-балерина Мария Ильюшкинаның репертуарында отыздан астам партия бар. Сыншылардың пікірінше, әртістің сахнаға әрбір шығуы ұмытылмас оқиғаға айналады. «Аққу көлінде» оған бірден екі рөлді, яғни Одетта мен Одиллияның партияларын орындауға тура келеді. Бұл бейнелер балеринадан техникалық шеберлік пен толық психологиялық өзгерісті талап етеді: әртіс нәзік әрі пәк ақ аққудан жігерлі әрі еліктірерлік қара аққудың бейнесіне енуі керек болады. Сұхбаттарының бірінде М.Ильюшкина өзіне П.Чайковскийдің музыкасы көмектесетінін, онда осы бейнелердің барлық реңкі салынғанын, тек сипатын өзгертпей, кейіпкерді сол қалпында шынайы сомдау маңызды екенін айтқан еді.
- «Астана Опера» сахнасына қайта оралу, оның үстіне осыншалықты жақын арада келу – біз үшін үлкен қуаныш. Алдыңғы сапарымызда әртістердің жоғары деңгейін, мамандықтарына деген сүйіспеншіліктерін және өз ісіне деген адалдықтарын атап өткен едік. Осындай жанқиярлық еңбек әрдайым шабыттандырады. Әртістердің жас буынын дайындауда және театрдың балет бишілерінің жұмысында «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Абдуахимқызы Асылмұратованың еңбегін атап өтпеске болмайды. Ертеректе ол Мариинский театрының жарқын балеринасы әрі А.Ваганова атындағы Академияның көркемдік жетекшісі болған. Бұл сапарымызда біз «Аққу көлін» орындаймыз, әртістік тұрғыдан алып қарағанда бұл балетті ең күрделі спектакльдердің бірі деп атауға болады. Толыққанды, мықты әрі бір-біріне қарама-қайшы екі бейнені жасау талап етіледі. Бұл спекталь менің шығармашылық өмірімдегі алғашқы үлкен рөлім болды және осы уақытқа дейін ұстазым екеуіміз залда бұл балетке тыңғылықты дайындалып, жаңа нюанстар мен бояуларды іздейміз. Бұл қолымыздан келді ме әлде жоқ па, оны көрермен ғана шеше алады, - деді әртіс.
Оның сахнадағы серігі Эван Капитеннің шыққан тегі француз, ол бала кезінен Мариинский театрында билеуді армандаған, бірақ оны осынау танымал сахнаға апарған жол ұзақ әрі соқпақты болған. Эван – Париж ұлттық операсы Балет мектебінің және Беларусь мемлекеттік хореографиялық гимназия-колледжінің түлегі. Әртіс жеті жыл Беларусь Үлкен театрында еңбек етті, мұнда «Ұйқыдағы ару», «Дон Кихот», «Кармен-сюита» балеттерінде басты партияларды орындады. 2022 жылы шілдеде Мариинский театрында «Баядеркадағы» Солордың партиясында дебют жасап, 2023 жылдан бастап бірінші солист атанды. Осы ретте айта кетейік, Мария Ильюшкина екеуінің дуэті «Россия-Культура» арнасындағы «Большой балет» тележобасында жеңіске жеткен еді. Сол кезде олар түсірілімнің қысқа мерзімі ішінде сан алуан алты дуэтті таныстырды.
«Аққу көлі» жайлы шексіз толғануға болады, десе де бұл туындының шын мәнінде жұлдызы жанған сәті Мариус Петипа мен Лев Иванов балеттің өз нұсқасын қойған 1895 жылға сәйкес келді. Сол кезде Одиллия партиясына әйгілі 32 фуэте енгізілді, содан бері бұл күрделі трюк дүние жүзіндегі балериналардың төл белгісіне айналды. Айта кететін жайт, дәл осы қойылымда алғаш рет аққу-егіздер тақырыбы мен кейіпкерлердің тағдырмен шайқасы пайда болды. Бұл идеялар бүгінгі күнге дейін барлық классикалық редакцияның негізіне арқау болып келеді.
Театрдың балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратованың редакциясындағы «Аққу көлі» қойылымы солистерден бастап кордебалетке дейін театр труппасының барлық әртісіне мінсіз ақ актілерде, дивертисменттер мен сарай сахналарында жарқырап көрінуге мүмкіндік беру үшін арнайы жасалған. Сыншылар талай мәрте атап өткендей, аққулардың нәзік иірімдері мен ансамбльдің біртұтас үйлесімінен елордалық труппаның қолтаңбасына айналған сол бір жоғары дайындық пен мінсіз дәлдік айқын аңғарылады. Бүгінде бұл жас ұжым лайықты түрде «Азияның әртістік тәжіндегі інжу-маржан» аталып жүр.
Сыншылардың пікірінше, Петипа мен Ивановтың ережелеріне ұқыпты көзқарас қойылымның басты құндылығы болып табылады. Жас орындаушылардың жігерлі мінезімен толықтырылған бұл балет сарай көріністерінің ауқымдылығымен және кордебалеттің мінсіз үйлесімділігімен баурап алады. Спектакль «Астана Операда» 2018 жылдан бері жүреді, ол осы уақыт ішінде Маскатта (Оман) және Валенсияда (Испания) гастрольмен болды, бұл жақта да қалың көрермен жинап, шетелдік асқақ өнер жанкүйерлерінің қошеметін иеленді.
31 мамырда театрдың симфониялық оркестрінің дирижер тұғырында «Құрмет» орденінің кавалері Руслан Баймурзин жарқын өнер көрсетеді.
Спектакльдің басталуы 17:00-де.



