Қаз
«Cultural Legacy Fund»
МӘДЕНИЕТ ПЕН КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯНЫ ҚОЛДАУ ҚОРЫ
 

Талғат Мұсабаев шақырады

Ертең, яғни 4 маусымда «Астана Операның» Үлкен залында «Талғат Мұсабаев шақырады» мерейтойлық кеші өтеді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, баритон, опера труппасының директоры сахнадағы шығармашылық жолының 25 жылдығын атап өтеді.

Бағдарлама қазақстандық және шетелдік композиторлардың операларынан ариялар мен сахналарды, сондай-ақ камералық туындыларды қамтиды. Оларды орындау барысында әртіс ширек ғасыр бойы жетілдіріп келе жатқан шеберлігін паш етеді. Театрдың симфониялық оркестрін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Ахмедьяров басқарады. Сондай-ақ концертке хор әртістері қатысады. Кештің сәнін келтіретін меймандардың әрқайсысының 4 маусымда осында келуге өз себептері бар.

Арменияның халық әртісі, бас Барсег Туманян Астанаға арнайы осы концерт үшін ұшып келеді. – Жақын күндері Астанаға келетінімді қуана хабарлаймын, маған концертке қатысу әрі өте жақын досым Талғат Мұсабаевты шығармашылық мансабының 25 жылдығымен құттықтау құрметі бұйырып отыр, - деп пікірімен бөлісті ол. Барсег Туманян «Астана Операда» сегіз жылға жуық уақыт жұмыс істеді, мерейтой иесімен дайындалған және бір сахнаға шыққан сәттер оның жадында жақсы сақтаулы. – Бұл шығармашылық өмір менімен де байланысты, сондықтан мен қуана ұшып келемін және 4 маусымды тағатсыздана күтудемін, - деп қорытындылады әнші.

Келесі қатысушы – Нұрсұлтан Әнуарбек. Жас тенор қазір Ресейдің Үлкен театрының Жастар опера бағдарламасында ән шырқайды. Былтыр ол Мәскеуде күрделі іріктеуден өтті. Ол үшін бұл концерттің орны ерекше, өйткені Н.Әнуарбек – Талғат Мұсабаевтың шәкірті. – Ұстазым Талғат Маратұлының жеке концертінің бір бөлшегі болу – мен үшін зор мәртебе әрі асқан жауапкершілік. Ол – жүрегіме музыкаға деген махаббатты ұялатып, жоғары вокал мектебінің қыр-сырын түсіндірген хас шебер. Онымен бір сахнаға шығу – одан алған барлық білімімді көрсету, сенімін ақтау және ұстазымның өзі үлгі болу  арқылы орнатқан биік межені төмендетпеу деген сөз. Осынау кешке дайындала отырып,  оның ескертпелері мен кеңестерін еске алдым. Ол маңызды кешті өзімен бірге бөлісуге шақырғанда кеудемді зор тебіреніс сезімі кернеді. Концерттің жоғары деңгейде өтетініне сенімдімін, өйткені Талғат Мұсабаев ешқашанда ешбір істі тиянақсыз атқармайды, көрермендер оның өнерге деген адалдығын міндетті түрде сезінеді, - деп атап өтті Нұрсұлтан Әнуарбек.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал сопрано Бибігүл Жанұзақтың қатысуы концертке ерекше әсемдік үстейді. Шығармашылық кешті монологқа айналдырмау идеясы Т.Мұсабаевқа тиесілі. Ол әрдайым айналасына адамдарды топтастыра алатын әртіс ретінде белгілі. Оның өнер жолы маңызды белестерге толы: сонау бесінші курс студенті-аспиранты болып жүрген кезінде-ақ ол Онегиннің партиясында Мәскеудегі Үлкен театр сахнасына шыққан еді, бұл өрімдей жас әнші үшін бірегей оқиға болды. Одан кейін Италияда тағылымдамалардан өтіп, әлемдік деңгейдегі коучтармен жұмыс істеді. «Абай», «Травиата», «Риголетто», «Дон Карлос» және басқа да көптеген спектакльде басты партияларды шебер сомдады. Бірақ біздің елімізде оны керемет әнші ретінде ғана емес, сонымен бірге әртістердің келесі буынын тәрбиелеп жүрген ұлағатты ұстаз ретінде де жақсы таниды: ол – профессор және бір кездері Қазақ ұлттық өнер университетінде кафедраны басқарды.

Еске сала кетейік, бұл концерт 21 мамырда басталып, шілденің ортасына дейін жалғасатын «Опералия-2026» халықаралық фестивалі аясында өтеді. Биылғы фестиваль бағдарламасына он бестен астам елден әртістер қатысуда, ал іс-шаралар елорданың үш сахнасында ұйымдастырылуда.

Концерттің басталуы 19:00-де.

Байланыс ақпараты

Қосымша ақпарат алу үшін, бізбен байланысу немесе бағдарламаларға қатысуға өтініш беру үшін келесі байланыстарды пайдалана аласыз:

Мәдениет пен креативті индустрияны қолдау қоғамдық қоры «Cultural Legacy Fund».

Мекенжай: Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік ел даңғылы, ғимарат 55/22, блок С 4.3., 246 кабинет.

Электрондық пошта: info@culturallegacyfund.kz, Impresario@culturallegacyfund.kz

Байланыста болыңыз

«Cultural Legacy Fund» қорының жаңа бағдарламалары, мүмкіндіктері және мәдени бастамалары туралы хабардар болу үшін біздің сайтқа және әлеуметтік желілерге жазылыңыз.

"TORUS.KZ" ЖШС жасаған
© 2025 Барлық құқықтар қорғалған