«Кармен-сюита» балеті не жайлы?
«Кармен сюита» бір актілі балетінің өзегінде — еркіндікті бәрінен биік қоятын асау Кармен. Оның әрбір қадамы өзі мен айналасындағылар үшін қасіретті оқиғалар тізбегіне айналады.
Ол жауынгер Хозені өзіне баурап алып, оны серт пен міндетті бұзуға итермелейді. Тек ес түссіз ғашық болған әскери адам ғана мұндай тәуекелге бара алатын еді.
Алайда, Кармен көп ұзамай айбынды Торероға көңіл аударғанда, Хозенің таудай үміті тас талқан болады.
«Хозе — жауынгер. Ол «парыз» ұғымы бәрінен биік тұратын өзгеше әлемде өмір сүрді. Ол бұйрыққа бағынуы тиіс еді, бірақ құмарлықтан басын жоғалтып, барлық қағидадан аттап өтеді. Сарбаз заңын бұзып, қызметтен қуылады, елден безген кезбеге айналады. Соңында әлеуметтік мәртебесін құрбан еткен жалғыз өмірлік мәні — махаббатынан да айырылады. Хозеде шарасыздықтан туған ызадан басқа ештеңе қалмайды», — дейді А. Алонсо өз сұхбатында.
Балеттегі ең ерекше тұстардың бірі — символикалық сценография. Сахна бірде цирк алаңына, бірде коррида орынына айналады. Бұл — тағдырдың тауқыметі ойналатын өмірдің метафоралық аренасы.
21 ақпан күні «Кармен сюита» және «Тағдыр бұлтарыстары» бір актілі балеттері ұсынылады






