«Астана Опера» 4-5 қыркүйекте XIV театр маусымын ұлы композиторлар Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің 120 жылдық мерейтойына орай аңызға айналған «Абай» операсымен ашады. Мұхтар Әуезовтің либреттосына жазылған туынды әлдеқашан қазақстандық опера өнерінің төлбелгісіне айналған. Спектакль көрсетілімдерін ұсына отырып театр жасампаз тұлғаларға құрметін білдіреді.
Дирижер тұғырында маэстро, Ахмет Жұбановтың шөбересі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алан Бөрібаев жарқын өнер көрсетеді. Ол үшін бұл музыка – отбасылық тарихтың бір бөлігі. Оның редакциясындағы партитура тарихи өзгешеліктердің болмауымен және авторлардың түпнұсқа идеяларының қайта қалпына келтірілуімен ерекшеленеді.
Спектакльді қазақстандық майталмандар - кеңесші режиссер Қазақстанның халық әртісі Есмұхан Обаев, бас хормейстер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов, режиссер Джанкарло дель Монако бастаған италиялық шеберлер – біртуар сценограф Эцио Фриджерио мен костюмдер бойынша суретші, «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапиномен бірлесе отырып жасады. Премьерадан кейін 10 жылдан астам уақыт өтсе де, қойылым әлі күнге дейін көрермендерді тәнті етіп келеді.
XIV театр маусымының салтанатты ашылуынан кейін «Астана Опера» дирекциясы көрермендердің назарына шынымен мазмұнды бағдарламаны ұсынады. Гастрольдік жоспарлар да назардан тыс қалмайды. Әлемге аты мәлім труппа халықаралық аренада тағы бір мәрте өз биігін көрсетпек: әртістер Италияда өтетін ауқымды гастрольдік сапарға қызу дайындық үстінде. Дегенмен театр туған көрермендерін де ұмытпайды: еліміздің түрлі өңірлеріндегі тұрғындар жоғары өнерге қол ұшын тигізе алуы үшін Қазақстан қалалары бойынша гастрольдік кесте де әлдеқашан әзірленіп қойған.
Демалыстан кейін труппаның күш-жігері тасып тұр, сондықтан да біз өзіміздің XIV театрлық маусымымызды қуана ашқалы отырмыз. Жазғы үзілістен кейін көрермендер де қойылымдарымызды сағынды деген үміттеміз. Қазір біз бірнеше премьераға қызу дайындық үстіндеміз: олар А.Кестнердің музыкасына К.Радевтің хореографиясындағы «Чарли және Ирэн» жаңа балеті, Х.Шанғалиевтің музыкасына С.Ғұмардың хореографиясындағы «Томирис» ұлттық балеті, Ә.Ыдырысовтың музыкасына режиссер Е.Тойкеновтің балаларға арналған «Арман» музыкалық спектаклі. Біз өз сахнамызда гастрольмен келетін Ұлттар мемлекеттік театрын қарсы аламыз, мәскеулік труппа А.Чеховтың «Дядя Ваня» және Ж-Б.Мольердің «Тартюф» спектакльдерін ұсынады. «Астана Опера» балет труппасы А.Аданның «Жизель» және П.Чайковскийдің «Щелкунчик» спектакльдерімен Италияға гастрольге аттанады. Соңғы аталған балетті гастрольден Қазақстанға алып келуге және Жаңа жыл қарсаңында өз сахнамызда көрсетуге үлгереміз, - деп пікірімен бөлісті «Астана Опера» Басқарма төрағасы Александр. Совостьянов.







