Сәуірдің басында «Астана Опера» көрермендері зор құштарлық пен ауқымды интеллектуалдық сауалдар әлеміне бойлайды. 1-3 сәуір аралығында мұнда атақты Борис Эйфманның Санкт-Петербор академиялық балет театрының гастролі өтеді. Зерттеушілер «би философы» деп атаған танымал хореограф елордалық көрермендерге «Күнәнің ар жағында» әлемге әйгілі қойылымы мен 2025 жылдың премьерасы – «Қызыл Жизель» спектаклін таныстырады. Жобаның бас серіктесі – ВТБ Банкі.
Екі балет те аудиторияға Эйфман мен оның труппасы жүріп өткен ұзақ шығармашылық және кәсіби эволюция жолының көрінісін ашады. 2013 жылы жарыққа шыққан «Күнәнің ар жағында» қойылымы Ф.М.Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтар» романының түпнұсқа пластикалық оқылымы болып табылады. Осынау ұлы әдеби жауһарға хореограф алғаш рет 1995 жылы жүгініп, «Карамазовтар» балетін шығарған еді. Араға жылдар салып, ол дәл осы классикалық мәтінді дене тілі арқылы түсіндіретін жаңа әрі заманауи сахналық туындыны жасады.
«Қызыл Жизельдің» алғашқы нұсқасы да 1990-шы жылдар кезеңіне жатады. Ондаған жылға созылған сәтті гастрольдік сапарларда бұл спектакль әлемнің көптеген елінің жетекші сахналарында зор табыспен ұсынылды. Былтыр Борис Эйфман оны түбегейлі қайта қарап, аңызға айналған балетті «жаңадан» жасап шықты. Хореографиялық партитурамен бірге спектакльдің көркемдік безендірілуі де жетілдірілді.
«Қызыл Жизель» (Астанадағы премьералық көрсетілімдер 1-2 сәуірде өтеді) – бірегей дарыны тарихтың қатал бұралаңына қарсы тұра алмаған көрнекті балерина Ольга Спесивцеваға арнау болып табылады. Революция шырғалаңы, эмиграция, жеке өмірдегі ауыр жағдай мен жүйке аурулары емханасындағы финал: хореограф Спесивцеваның трагедиясын әрбір қимылы эмоция мен мағынаға толы психологиялық балет театрының құралдарымен қайта жаңғыртады. Бұл әртістің өз рөлімен бірігуінің қатерлі салдары жайлы баяндайтын ескертпе-спектакль (Жизель партиясын теңдессіз орындаушы болған балерина шын мәнінде есінен адасқан сол бақытсыз кейіпкерінің тағдырын қайталады).
3 сәуірде көрермендер «Күнәнің ар жағында» балетін тамашалайды. Бұл ауқымды психологиялық драма құдайға сену және сенбеушілік, азғындық пен тұлғаның ішкі түрлену мүмкіндігі сынды тұрмыстағы негізгі мәселелерді көтереді. Құндылықтар жаппай дағдарысқа ұшыраған дәуірде хореограф көрерменге өз жанының тұңғиығына үңілуді ұсынады. Ол Достоевскийдің сөзімен айтқанда, жүрегінде «шайтан мен Құдай арпалысқан» адам болмысының екіжақтылығы туралы толғанады.
Астаналықтар Борис Эйфманның бірегей пластикалық мәнерімен және оның өнерімен бұрыннан жақсы таныс екенін атап өтуіміз керек. 2013 жылы «Роден» балеті «Астана Опера» репертуарына еніп, зор жетістікпен ұсынылды. 2016 жылы көрермендер Эйфман ұжымының орындауындағы «Евгений Онегин» спектакліне қол соқты. 2023 жылы би жанкүйерлері «Анна Каренина» мен «Пигмалион әсері» балеттерін жоғары бағалады.
Қазақстан сахнасының ерекше мақтанышы – «Астана Операның» жетекші солисі Айгерім Бекетаева. Хореограф оны өзінің гастрольдік жобаларына бірнеше мәрте шақырған еді, орындаушы Санкт-Петербор академиялық балет театрының труппасымен бірге Будапеште, Лондонда және басқа да әлемдік астаналарда сахнаға шықты.
- Петерборлықтардың Астанадағы гастролі ойдың қалай қимыл арқылы жүзеге асқанын және балеттің өнер ғана болуды тоқтатып, жан дүниені ақтару құралына айналғанын көруге мүмкіндік береді. Еске сала кетейін, өткен жылы «Астана Опера» труппасы Санкт-Петерборда зор жетістікпен өнер көрсеткен еді, ал енді біз Борис Эйфманның труппасын асыға күтудеміз, - деп атап өтті «Астана Опера» директоры Александр Совостьянов.




