Өткен жексенбіде «Астана Опера» өзінің жаңа маусымында алғаш рет Бейбітшілік және Келісім Сарайында көпшілік жақсы көретін «Экран әуендері» топтамасынан «Уақыт сынынан өткен» ғаламат музыкалық кешін зор жетістікпен ұсынды.
Үлкен залдың акустикасы көрермендерге таныс әуендердің мүлдем жаңа дыбысталуын тарту етті. Мәселен үйде немесе кинотеатрда біз бұл саундтректерді фильмнің аясындағы хикая ретінде қабылдасақ, ал жанды орындауда олар кештің толыққанды кейіпкерлеріне айналды.
Симфониялық оркестрдің дирижер тұғырында «Құрмет» орденінің кавалері маэстро Руслан Баймурзин жарқын өнер көрсетті. Бұдан бөлек, дирижер домбырада шебер ойнап, «Адамдар арасындағы бөлтірік» кинофильмінен Төлеген Мұхамеджановтың «Балалық шақ» туындысын және Нұрғиса Тілендиевтің аңызға айналған «Аққу» күйін ұсынды.
Кеш «Астана Опера» опера труппасы солистерінің жұлдызды өнер көрсетуін тарту етті. Жарқын әртістер «Құрмет» орденінің кавалері Айзада Қапонова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Расул Жармағамбетов, керемет әншілер Назым Сағынтай, Ұлпан Әубәкірова, сондай-ақ дарынды вокалистер Талғат Аллабиринов, Артур Ғабдиев, Ардақ Сабыр театр декорацияларымен безендірілген сахнада бірін-бірі алмастырып отырды. Көше шамдары, орындықтар, бесік және басқа да көптеген реквизит сахнада киноның түсірілімі болып жатқандай әсер қалдырды. Шақырылған саксофоншы Манарбек Абаевтың қатысуы, сондай-ақ «El Voice» вокалдық ансамблінің өнер көрсетуі кешке ерекше бояу үстеді, әншілердің дауыстары оркестрдің қуатты үнімен үйлесімді өрілді.
Бағдарлама қазақ және кеңестік кинематографияның алтын қорын қамтыды. «Гауһартас» кинофильмінен әсерлі халық әніне, «Дос-Мұқасан» киномюзиклінен жалынды ырғақтарға, «Біздің сүйікті дәрігер» кинофильмінен А.Зацепиннің «Надо мной небо синее» танымал туындысына залда отырған көрермендер ыстық қошеметін жаудырды. Жоба авторы Әлихан Ыдырысовтың көне музыкаға заманауи леп әкелгені тыңдарманды баурап алды. Ол әрбір партитураны бейімдеу үшін бірнеше ай бойы тыңғылықты жұмыс атқарған, өйткені басты мақсат түпнұсқаның мазмұнын сақтап қалу, оны ең жас тыңдармандарға да түсінікті әрі қолжетімді болатын жаңа кавер-нұсқада ұсыну болды. Кештің ерекше тебірентер сәті – тұңғыш қазақстандық «Тоғысқан тағдырлар» телехикаясындағы халықтық хитке айналған әннің авторы, композитор Томас Томасовтың сахнаға шығуы еді. Туынды Ұлпан Әубәкірова мен Серік Абдулланың, сондай-ақ театрдың хоры мен оркестрінің керемет орындауында шырқалды.
- Осындай бір жобаны дайындау кейде жарты жыл, кейде тіпті бір жыл уақыт алады. Әрбір нотаны оркестрдің жанды орындауына арнап қайта жазып шығу – үлкен еңбек. Себебі компьютерде әдемі естілген дүние залда өзінің сиқырын жоғалтып алуы мүмкін. Алайда көрерменнің жанарынан ұшқын көріп, шапалақ үнін есту және бұл жобалардың репертуарда ұзақ жылдар бойы сақталатынын түсіну – ең үлкен марапат, – деп пікірімен бөлісті жобаның авторы болуымен қатар, осынау кеште фортепиано партиясын шебер орындап шыққан Әлихан Ыдырысов.
Алда «Астана Опера» әртістерін Бейбітшілік және Келісім Сарайы сахнасында әлі талай гала-опера, балет спектакльдері мен балаларға арналған бағдарламалар күтеді. Бұл көрсетілімдердің де қайтадан қалың көрермен жинайтыны сөзсіз.










