Қаз
«Cultural Legacy Fund»
МӘДЕНИЕТ ПЕН КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯНЫ ҚОЛДАУ ҚОРЫ
 

Елордада Бетховен мен Брамстың туындылары жаңаша шырқалады

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен 26 сәуірде «Астана Опера» театрының Күләш Байсейітова атындағы Камералық залы сахнасында «Ішекті аспаптар мен пернелер диалогы» жарқын концерті өтеді. Осынау кеште тыңдармандардың назарына әлемдік деңгейдегі музыкант-орындаушылардың бірегей интерпретациясында классик композиторлар Л.Бетховен мен И.Брамстың симфониялық жауһарлары ұсынылады.

Бағдарламада шақырылған солистер – П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының түлегі және магистрі, Цюрих өнер университетінің магистрі виолончельші Сәния Дүркеева, Базельдегі Жоғары музыка мектебінің өнер магистрі, пианист Әсел Әбілсейітова және Цюрих өнер университетінің магистрі, жапониялық скрипкашы Аяно Кимура өнер көрсетеді.

Сәния Дүркеева мен Әсел Әбілсейітова «Астана Опера» сахнасында осыған дейін де өнер көрсеткенін атап өтуіміз керек. Ал Аяно Кимура үшін бұл Қазақстанға алғашқы сапары болмақ. Халықаралық деңгейде мойындалған осынау музыканттарды тығыз шығармашылық әріптестік байланыстырады. Олар 2024 жылдан бері Швейцарияда камералық трио құрамында бірге ойнайды. Трио тұрақты түрде Швейцарияның концерттік алаңдарында өнер көрсетеді. Өткен жылы ұжым Fanny Mendelssohn беделді халықаралық байқауында «Камералық музыка» номинациясында бірінші сыйлық лауреаты атанды.

– Біз Әселмен 2024 жылы Швейцарияда әлеуметтік желі арқылы кездейсоқ таныстық. Ол оған дейін Базельде оқыған, ал кейін Цюрихке көшіп келді. Содан бері біз дос болып, бірге ойнап келеміз. Екеуіміз бірнеше бағдарламаны ұсынып үлгердік. Ал Аяномен таныстығым Цюрихтегі өнер университінде камералық музыка бойынша бір жобада басталды. Қазір үшеуіміз бірге жиі өнер көрсетеміз, екі жыл бұрын трио ретінде алғашқы концертімізді ойнадық, – деп әңгімеледі виолончельші Сәния Дүркеева (Цюрих).

Қазақстандық тыңдармандардың алдында Людвиг ван Бетховен мен Иоганнес Брамстың симфониялық жауһарларымен өнер көрсетуді С.Дүркеева біраздан бері ойлап жүрген.

– Бетховеннің үш концертін ойнау – менің көптен бергі арманым. 2020 жылы пандемия кезінде осы туындыны толық зерттеп шықтым. Былтырдан бері оны оркестрмен бірге орындау мүмкіндігін қарастырып жүрген едім. Сөйтіп, триодағы әріптестеріме бірге ойнауды ұсындым, – деп пікірімен бөлісті шақырылған солист Сәния Дүркеева.

– Оркестрмен бірге скрипка, виолончель және фортепианоға арналған концерт, до мажор және Оркестрмен бірге скрипка және виолончельге арналған концерт, ля минор әрбір классикалық музыканттың негізгі репертуарына кіреді. Бастапқыда біз Бетховеннің үш концертін ғана ойнауды жоспарлағанбыз, себебі оның өзі бір концерттің жүгін көтеретін ірі туынды. Әдетте, оның жанына камералық шығарманы қояды. Біз триомен бірге екі бөлімді де ойнайтын едік, бірақ мұндай құрам үшін ондай ауқымдағы туынды жоқ. Сонда әріптесім, скрипкашы Аяно Кимура бағдарламаға Брамстың екі концертін қосуға ұсыныс білдірді және мен оған қуана келістім. Себебі бұл да менің сүйікті шығармаларымның қатарында, оны бұрыннан оркестрмен бірге орындағым келетін. Шынымды айтсам, мұндай көлемді екі шығарманы бір концертте қатар ойнауға болады деп ешқашан ойламаған едім, бұл өте өршіл жоба болғалы тұр. Бағдарлама күрделі әрі салмақты, бірақ бұл жауһарларға қол ұшымызды тигізуден қаншалықты зор ләззат алатынымызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, – деп атап өтті виолончельші.  

Музыкант Қазақстанда өнер көрсетуге қолдау білдіргені үшін және «Астана Опера сахнасына қайта шығу мүмкіндігі үшін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне, сондай-ақ театр басшылығына зор ризашылығын жеткізді.

– 2019 жылы бұл театрда өзімнің ұстазым – танымал швейцариялық виолончельші, Цюрих өнер университетінің профессоры Орфео Мандоццимен және «Астана Операның» камералық оркестрімен бірге өнер көрсетіп, Б.Ромберг пен Ю.Кленгельдің Екі виолончель мен оркестрге арналған концерттерін орындаған едім. Сол кезде театр оркестрінің кәсіби шеберлігінен, Камералық залдың керемет акустикасынан және елордалық көрермендердің ыстық ықыласынан ұмытылмас әсер алдым. «Астана Опера» оркестрінде Қазақстанның үздік музыканттары еңбек етеді деп нық сеніммен айта аламын. Сондай-ақ дирижер Ерболат Ахмедьяровты да атап өткім келеді, онымен осыған дейін де жұмыс істедім. Мұндай тамаша маэстромен қайтадан шығармашылық байланыста болу мүмкіндігі туғанына өте қуаныштымын, – деді С.Дүркеева.

Өнер көрсетушілерді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Ахмедьяровтың басқаруындағы театрдың симфониялық оркестрі сүйемелдейді.

– Бетховен мен Брамстың шығармалары елордада осыған дейін де сан мәрте орындалған. Сондықтан менің ойымша, көрермендер үшін де және кәсіпқой музыканттар үшін де алдағы концертке келіп, оларды шақырылған солистердің орындауында тыңдау және орындаушылық ерекшеліктерін салыстыру пайдалы болмақ. Мұнда негізгі диалог солистердің арасында болады, ал оркестр күшейтуші әрі сүйемелдеуші рөлін атқарады. Бағдарлама тыңдармандардың классикалық музыкаға деген құштарлықтарын арттыратынына күмәнім жоқ, - деп қорытындылады маэстро Е.Ахмедьяров.

«Астана Опера» дирижері Бетховеннің де, Брамстың да концерттері солистер мен оркестрден өте жоғары кәсіби деңгейдегі ойынды талап ететінін атап өтіп, алдағы концертте екі туындының мәні мен музыкалық тақырыбы толығымен ашылатынына сенім білдірді.

Осылайша, «Астана Опера» әлемдік аренада өз өнерлерімен еліміздің жарқын имиджін қалыптастырып жүрген шығармашыл жастарға, халықаралық байқаулардың лауреаттарына әрдайым қолдау көрсетуде.

Концерттің басталуы 18.00-де.

Байланыс ақпараты

Қосымша ақпарат алу үшін, бізбен байланысу немесе бағдарламаларға қатысуға өтініш беру үшін келесі байланыстарды пайдалана аласыз:

Мәдениет пен креативті индустрияны қолдау қоғамдық қоры «Cultural Legacy Fund».

Мекенжай: Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік ел даңғылы, ғимарат 55/22, блок С 4.3., 246 кабинет.

Электрондық пошта: info@culturallegacyfund.kz, Impresario@culturallegacyfund.kz

Байланыста болыңыз

«Cultural Legacy Fund» қорының жаңа бағдарламалары, мүмкіндіктері және мәдени бастамалары туралы хабардар болу үшін біздің сайтқа және әлеуметтік желілерге жазылыңыз.

"TORUS.KZ" ЖШС жасаған
© 2025 Барлық құқықтар қорғалған