Әлемдік балет жұлдызы, «Астана Операның» жетекші солисі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан Рим опера театрының сахнасындағы Л.Минкустың «Баядерка» спектаклінде зор табыспен өнер көрсетті. Әртіс 4, 6 және 7 ақпанда өткен үш көрсетілімде балеттің басты партияларының бірі жауынгер Солордың рөлін орындады.
Солордың партиясы – бишіден виртуоздық техника мен актерлік мәнерлілікті талап ететін күрделі драмалық рөл. Б.Адамжанның кейіпкері раджаның қызы алдындағы міндеттері мен баядерка Никияға (бұл рөлді Берлин мемлекеттік балетінің прима-балеринасы Яна Саленко орындады) деген махаббатының арасында арпалысады. Әртіс бұл ішкі күресті керемет пластикасы арқылы шебер жеткізіп, залда отырған көрермендерді әрбір қимылды сезінуге және кейіпкермен бірге уайымдауға мәжбүрледі.
- Ыстық ықыласы үшін италиялық көрермендерге алғысым шексіз. Әлем астанасы саналатын Римде Қазақстанның атынан өнер көрсету – мен үшін үлкен мәртебе. Өз ісінің майталманы Париж операсының этуалі Бенджамин Пештің хореографиясымен жұмыс істеуге мүмкіндік туғанына қуаныштымын. Сондай-ақ әлемдік жұлдыз Яна Саленкомен өнер көрсетуге шақыру алу және Рим операсының труппасымен бірге спектакльге қатысу мен үшін құнды тәжірибе болды. Мұнда барлық әртісті шақыра бермейді, сондықтан әлемде сұранысқа ие болып қалу үшін әркез өз деңгейіңді дәлелдеп отыруың керек. Қосымша қиындық туғызған бір мәселе – спектакльді өте қысқа мерзімде жаттап, оны Рим операсының труппасымен біріктіру болды. Оның үстіне, мұндағы сахна әлемдегі басқа алаңдарға қарағанда көлбеулеу орналасқан, бұл барлығын түбегейлі өзгертеді: техника, секірулер, айналулар – барлығы басқаша орындалады, сондықтан әртіске тез бейімделу керек болады. Тәжірибесіз биші үрейге бой алдырып, бұл шаруаны атқара алмауы мүмкін. Жұмыс істеген жылдар ішінде мен күйзеліске төзімді болып қалыптастым. Бұл жинаған тәжірибемнің, сан алуан сахна мен түрлі әріптестермен жұмыс істеудің нәтижесі деп ойлаймын. Осындай ұсақ-түйек қиындықтарға қарамастан, спектакльдер өте жоғары деңгейде өтті, - деп пікірімен бөлісті Бақтияр Адамжан.
Римде Бақтияр Адамжанды италиялық көрермендер таниды әрі жақсы көреді, олар әртістің осы сахнадағы «Париж Құдай анасының соборы» (2021, 2022) «Спартак» (2019) балеттеріндегі бұған дейінгі өнер көрсетулеріне сан мәрте қол соққан еді. Бұл жолы да көрермендер қазақстандық әртістің классикалық қойылымдағы шеберлігіне тәнті болып, оған тағы да зор қошемет көрсетті. Әлеуметтік желілерде көрермендер мен оның шығармашылығын ұнататын жандар әртістің өнер көрсетуі жайлы көптеген таңданысқа толы пікірлерін білдірді.
Қазақстандық бишінің өнер көрсетуі жайлы көрермен Джанфранко Джордано: - Адамның рухын асқақтататын, тынысыңды тарылтатын зор қуат, – деп әлеуметтік желілерде алған әсерімен бөлісті.
Өнер көрсетуді тамашалаған италиялық RadioDanza бейіндік басылымының тілшісі қазақстандық әртісті «тартымды әрі мінсіз» деп атады.
«Баядерканың» бұл хореографиялық нұсқасын Бенджамин Пеш 2023 жылы Мариус Петипаның үлгісі бойынша арнайы Рим операсы үшін жасады. Спектакльге суретші Игнаси Монреальдің декорациялары, Анна Бьяджоттидің костюмдері және Виничио Келидің жарығы көрік берді. Рим операсы оркестрінің үні франциялық маэстро Файсаль Каруидің дирижерлік таяқшасына сеніп тапсырылды.
- Хореография нәзік мәнерімен және бірегей шешімдерімен ерекшеленеді, сондықтан оны және әсіресе бірінші актідегі жаңа адажионы орындау ерекше қызықты болды. Жалпы алғанда, репертуардың жаңа хореографиялық нұсқалармен және қойылымдармен толығып отыруы әртіс үшін әрдайым пайдалы. Ауа райының қолайсыздығына байланысты мен тиісті уақыттан бір күнге кеш ұшып келдім, сондықтан бәрін барынша қысқа мерзімде атқаруға тура келді, - деп егжей-тегжейлі әңгімеледі әртіс.
Бақтияр Адамжан бұл өнер көрсетулерден ең жағымды әсер алды.
- Қысқа мерзімде барлық материалды кәсіби деңгейде дайындау қолымнан келгені үшін хореографтан керемет пікір есту айрықша қуанышты жайт болды. Жалпы, мен жұмыс барысында хореографтың бір нәрсені қайталап түсіндіруге мәжбүр болғанын ұнатпаймын: бәрін бірінші реттен-ақ қағып алуға тырысамын. Бұл – әрі қоюшыға, әрі өзіңе деген құрметтің белгісі деп есептеймін. Қазақстанда тұрып, шетелге өнер көрсетуге барғанда әрдайым елің үшін зор жауапкершілік сезімі пайда болады. Еуропадағы көптеген әріптесімде мұндай сезім жоқ екенін байқаймын және осы ретте бұл біздің шығармашылық өміріміздің ерекше қыры деп ойлаймын. Көптеген жұлдыз шет елдерде келісімшарт бойынша жұмыс істейді, ал мен «Астана Опера» театрының және Қазақстанның атынан өнер көрсетемін, сондықтан жұмысымды нашар атқаруға ешқандай құқығым жоқ, - деп қорытындылады әртіс.
Отандасымыздың Еуропаның ең беделді әрі тарихи маңызға ие театрларының бірі – Рим операсындағы спектакльге қатысуы оның жоғары деңгейі мен халықаралық балет сахнасында сұранысқа ие екенін айшықтайды. Осы ретте айта кетейік, Бақтияр Адамжанның осы жылғы кестесі толық жазылып қойған: гастрольдер тізіміндегі Жапония, БАӘ, Австралиядан бөлек, «Астана Операның» жетекші солисін басқа да көптеген мемлекетте жанкүйерлері күтеді.






