TURAN ethno-folk 17-жылдық шығармашылық жолы мәдениет саласымен шектеліп қалмай, өз ықпалын өнердің басқа да бағыттарына тигізген ерекше құбылысқа айналды. Осы жылдар ішінде жазылған ғылыми еңбектер мен талдамалық материалдар оның ықпалын нақты айғақтайды.
Ансамбльдің музыкасы көптеген театрлық қойылымдар мен кинотуындыларға, оның ішінде халықаралық деңгейде танылған «Ер Тұғрыл», «İsimsizler», «Mendirman Jalolliddin» сияқты сериалдарға саундтрек ретінде енді. Сонымен қатар, хореография саласында жаңа необалет бағытының қалыптасуына да үлкен серпін берді. Атап айтқанда, 2012 жылы Анвара Садыкова қойған «Тұран далам – Қыран далам» бірактілі балеті мен 2021 жылы «Астана Балет» театрында Георгий Ковтун сахналаған, Актоты Раимкулова мен ансамбльдің шығармашылығына негізделген «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» балеті – осы ықпалдың нақты көрінісі.
TURAN ұжымы алғаш рет симфониялық оркестр, камералық ансамбль және фольклорлық топты бір сахнада біріктіріп, күрделі музыкалық формалар туындатты. Оған мысал ретінде А.Райымқұлованың «Дала сыры», «Ежелгі Тұран», «Жәмилә» симфониялық поэмалары мен «Bridge of Times», “Crossroads” атты камералық пьесаларын атауға болады.
Ұжымның ізденісі ұмыт болған көне музыкалық аспаптардың қайта жаңғыруына жол ашып, оларды ансамбльдік форматта жаңаша үндестірумен қатар, күнтаяқ секілді бірқатар аспаптардың жаңаша түрін дүниеге әкелді. Бүгінде ансамбль мүшелері 55-тен аса түркі халықтарының музыкалық аспаптарында еркін ойнай алады. Бұл үрдіс бауырлас елдер арасындағы мәдени байланысты тереңдетті.
Ансамбль 80-нен аса елдің 122 қаласында 3000-нан астам жеке концерт өткізді. Бұл өз кезегінде түркі мәдениетінің халықаралық деңгейде кеңінен танылуына, мемлекетаралық мәдени дипломатияның дамуына және қазақ өнерінің жаһандық кеңістікте насихатталуына ықпал етті. Сонымен қатар, ұжым ұйымдастырған дәрістік концерттер арқылы жастардың төл мұраға деген қызығушылығы артып келеді.
TURAN шығармашылығы арқылы шет елдің жастары қазақ тілін меңгеріп, қазақтың дәстүрлі аспаптарында ойнауды үйреніп жүр. Ал еліміздің жастары TURAN арқылы төл өнерді қайта танып, мыңдаған жаңа фольклорлық ұжымдардың құрылуына түрткі болды. Ұжымның ER TURAN шығармасы бүгінде жас домбырашылардың репертуарына айналды.
TURAN феномені әлемдік деңгейде ғылыми тұрғыда да зерттелуде. Мысалы:
- АҚШ-тық зерттеуші Меган Рэнсиер – ансамбль шығармашылығындағы космополитизм мен дәстүр сабақтастығын,
- Тайваньдық Кэролайн Куо – Орталық Азия музыкасын,
- Түркиялық Сүлеймен Айдын – ансамбльдің түркі әлеміндегі орнын,
- Ресейлік Виолетта Юнусова – туындыларындағы түркілік музыкалық мотивтерді,
- Қазақстандық Анар Қасымова – TURAN шығармашылығын «жұмсақ күш» тұжырымдамасымен салыстыра қарастырды.
Аталған және басқа да еңбектер 2025 жылы Астана қаласында өткен «TURAN ансамблі – түркі музыкалық мәдениетіндегі феномен» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция барысында жинақталып, ғылыми айналымға енді. Конференцияға 40-тан астам шетелдік және отандық ғалымдар қатысып, ұжымның жаһандық өнер кеңістігіндегі орнын нақтылап берді.
Осылайша, TURAN ансамблінің шығармашылығы – тек өнер жолындағы жетістік қана емес, сонымен қатар мәдениетаралық диалогтың, ғылыми ізденістің және ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісі. Оның ұлттық болмысты жаһандық деңгейде танытудағы рөлі айрықша. Бүгінде TURAN – түркі әлемінің ортақ рухани қазынасына айналған феномен, ал оның шығармашылығы – заманауи өркениет пен көне дәстүрдің тоғысындағы мәңгілік үн.
#turanensemble #тұранансамблі #ансамбльтуран #turangrubu