13 желтоқсанда Булат Газизұлы Аюхановтың дүниеден өткеніне үш жыл толды. Театр ұжымы қазақстандық балет өнерінің көрнекті шебері, майталман хореограф, Қазақ КСР-інің халық әртісі, мемлекеттік және халықаралық марапаттардың лауреаты, театрдың негізін қалаушы әрі көп жылдар бойы көркемдік жетекшісі болған Булат Аюхановтың жарқын рухына тағзым етті.
Театр ұжымы Ұстаздың бейітіне барып, дұға бағыштап, бір минут үнсіздікпен еске алды.
Балет әртістері үшін ас беріліп, онда шәкірттері мен әріптестерінің жүректен шыққан естеліктері, Ұстаздың өсиет-нақыл сөздері, алғыс пен ризашылыққа толы лебіздері айтылды.
Театр директорының м.а. Өтегенов Жаныбек Төлеубекұлы сөз сөйлеп, Булат Аюхановтың ұлттық балетті дамытуға және бірнеше буын әртістерін тәрбиелеуге қосқан баға жетпес үлесін ерекше атап өтті.
Театр ұжымы осы еске алу күнін жоғары деңгейде ұйымдастырғаны, көрсеткен ықыласы мен қолдауы, Ұлы Ұстаздың жарқын бейнесін ұрпақ жадында сақтауға деген қамқорлығы үшін театр дирекциясына шынайы алғысын білдіреді.
Булат Аюхановтың жарқын рухы театр тарихында және біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.
