19 ақпанда Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры сахнасында халықаралық форматтағы бірегей жоба — Puccini Dance Circus Opera қойылымы өтті
Спектакль опера, заманауи би, театр және цирк өнерін тоғыстырып, көрерменге ерекше көркемдік тәжірибе сыйлады. Қойылым Джакомо Пуччини шығармашылығына арналған және оның әйгілі опералары — Manon Lescaut, La Bohème, Tosca, Madama Butterfly және Turandot туындыларына заманауи көркемдік тұрғыдан жаңаша көзқарас ұсынды.
Сахналық әрекет жанды және электронды музыканың үйлесімімен, әуедегі және жердегі хореографиямен, көпдеңгейлі кеңістік пен жарық шешімдерімен толықтырылды. Дене пластикасына негізделген жаңа сахналық тіл көрерменге Пуччини музыкасын өзгеше қырынан сезінуге мүмкіндік берді.
Жоба италиялық blucinQue труппасы мен ORT — Orchestra della Toscana оркестрінің бірлескен туындысы ретінде жүзеге асырылды. Алматыдағы көрсетілімге шетелдік және Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының дирижеры @kuanyshismailov_conductor және оркестр музыканттары қатысты.
Спектакль композитордың дүниеден өткеніне 100 жыл толуына орай ұйымдастырылып, Италия мен Қазақстан арасындағы мәдени ынтымақтастықтың жарқын көрінісіне айналды.
Puccini Dance Circus Opera Алматы көрерменіне халықаралық деңгейдегі сахналық жобаны тамашалаудың сирек мүмкіндігін ұсынып, үлкен ықылас пен жылы қабылдауға ие болды.
