Республика күні қарсаңында мәдениет пен өнер қайраткерлеріне мемлекеттік марапаттарды салтанатты табыстау рәсімі өтті. «Астана Опера» әртістері мен қызметкерлері ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің қолынан лайықты медальдерді, ордендер мен атақтарды алды.
Ұлттық мәдениет пен өнерді дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін театр директорының бірінші орынбасары Төлеубек Әлпиев III дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Ал «Парасат» ордені опера труппасының жетекші солисі Медет Чотабаевқа табысталды. Балет труппасының жетекші солисі Бақтияр Адамжан «Құрмет» орденімен марапатталды.
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы опера труппасының жетекші солисі Татьяна Вицинскаяға, балет труппасының жетекші солисі Арман Уразовқа және музыкалық-әдеби жұмыстар департаментінің директоры, К.Байсейітова атындағы Камералық зал жетекшісі Маржан Жәкеноваға берілді.
Балет труппасының жетекші солисі Диас Құрманғазы мен балет труппасының солисі Сұлтанбек Ғұмар «Ерен еңбегі үшін» медалімен атап өтілді.
Қазақстан Республикасы Президентінің қолынан айрықша марапат – II дәрежелі «Достық» орденін театрдың арт-директоры, италиялық дирижер Джузеппе Акуавива алды. Бұл марапат халықтар арасындағы бейбітшілікті, достық пен ынтымақтасты нығайту жолында сіңірген еңбегі үшін берілді.
«Астана Опера» ұжымы өздерінің әріптестерін құттықтайды. Театрдың отандық және әлемдік мәдениеттің дамуына қосқан зор үлесінің мойындалуының айғағына айналған жоғары мемлекеттік марапаттар жаңа шығармашылық шыңдарды бағындыруға одан әрі ынталандыра берсін!
Қор атынан шын жүректен жетістіктеріне ортақпыз!
Жақсы мәдени театр күндерінде жүздесе берейік!
Қүрметпен,
Импресарио,
Қор Президенті
Эльбрус Имамбаев
