Жеңіс күнінде елордалық көрермендерді премьера күтеді. 9 мамырда Астана қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен Бейбітшілік және Келісім Сарайының сахнасында қазақ халқының даңқты ұлы, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлына арналған бірегей режиссерлік концерт-спектакльдің көрсетілімі өтеді. Жарқын қойылымға «Астана Опера» опера труппасының солисі Рамзат Балакишиев қатысады.
Көрермендер сұрапыл Ұлы Отан соғысы жылдарындағы оқиғалардың қайта жаңғырылуының куәсі болады. Әртістерге шайқастардың ауқымын, сондай-ақ есімі мұқалмас жігер мен жауынгерлік ерліктің үлгісіне айналған тұлғаның ішкі әлемін жеткізуге тура келеді. Жобаның басты идеясы – батырлық жайлы естелікті сақтау, өйткені бұл болашақтың алдындағы әрбіреуіміз арқалап жүрген маңызды жауапкершілік. Концерт-спектакльдің драматургиясы батырдың аңызға айналған ерліктеріне, сонымен қатар Ұлы Отан соғысында жеңіске жетуге үлес қосқан майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің тағдырына негізделген.
«Астана Опера» солисі Рамзат Балакишиев көрермендерге бейбітшілік, жастық шақ пен махаббат жайлы естелік-ән – Яков Шведовтің өлеңіне жазылған композитор Анатолий Новиковтың барлығы жақсы көретін және майдандағы бауырластықтың символына айналған «Смуглянка» туындысын тарту етеді.
Әнші алдағы премьерадан не күтетіні жайлы пікірімен бөлісті. – Бауыржан Момышұлы сынды аңыз адамға арналған қойылымға қатысу – мен үшін зор мәртебе. Керемет ән «Смуглянка» – бұл адамдар сызды окопта жатса да, бейбіт күннің келетініне сенген сол дәуірдің бір бөлшегі. Мен осы нөмір арқылы үйге деген ыстық сағынышты жеткізуді қалаймын және махаббат пен үміт әрдайым сарбаздың басты қаруы болғанын көрермендердің есіне салғым келеді. Өзімнің өнеріммен батырлардың рухына құрмет көрсетуге мүмкіндік бергені үшін ұйымдастырушыларға алғысымды айтамын, - деп қорытындылады Рамзат Балакишиев.
Мұндай ауқымды жоба шығармашылық топтың бірлескен жұмысының арқасында жүзеге асады. Қоюшы режиссер – Жұлдызбек Жұманбай, музыкалық продюсер – Құралай Ақтанова, продюсер – Назгүл Сарыбай.
Басты рөлдерді Қуандық Қыстықбаев, Бақыт Қажыбек, Асылхан Төлепов, Данияр Оразаев сынды белгілі актерлер сомдайды. Сондай-ақ әртістер Рамзат Балакишиев, Айгүл Қосанова, Жанғали Жүзбаев, Бауыржан Исаев, Клара Төленбаева, Медет Салықов, Гүлсім Мырзабекова, Дәурен Төлеубаев, Хамит Отарбаев, Нұрсат Алмас, Өзгеріс Шерікбай, Ұлттық әскери-патриоттық орталығының «Жас сарбаз» балалар өнер студиясының хоры мен «Art4man» тобы өнер көрсетеді.

