Қаз
«Cultural Legacy Fund»
МӘДЕНИЕТ ПЕН КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯНЫ ҚОЛДАУ ҚОРЫ
 

Астанада Килианның танымал балеттері ұсынылады

16 қыркүйектегі Балет кеші бағдарламасына әлемдік хореография жауһарлары – Михаил Фокиннің «Шопенианасы», сондай-ақ Иржи Килианның «Кіші өлім» және «Алты би» балеттері енді. И.Килианның маңызды қойылымдарын жаңарту үшін «Астана Операға» хореографтың ассистенті Ширли Эссебум мен техникалық директор Юст Бигелаар келді. 
Еске сала кетейік, бұл балеттер театр репертуарына 2022-2023 жылдары балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратованың бастамасымен енгізілген еді. Қазіргі уақытта нидерландиялық мамандар спектакльдерді  жаңғырту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Олардың басты міндеті – хореографиялық мәтін мен жарықтың түпнұсқалық партитурасын ұқыпты қалпына келтіру. Иржи Килиан қоры орындау шеберлігінің дәлдігін жіті қадағалайды, өйткені уақыт өте келе мүлтіксіз жатталған материалдың өзін түпнұсқамен салыстырып, тексеріп отыру талап етіледі. Ал мұндай шоқтығы биік қойылымдарды мінсіз күйде сақтау – труппаның жоғары кәсібилігінің айқын көрінісі.
Балетмейстер Ширли Эссебум әртістермен бірлескен жұмыс жайлы ерекше ықыласпен әрі шабыттана сыр шертеді. Қазақстандық ұстаздар негізгі бөлікті алдын ала жетілдіргендіктен, ол бірден спектакль детальдерін зергерлік дәлдікпен түзеуге білек сыбана кірісті. 
- Келген бойда труппаның дайындық деңгейіне тәнті болдым: тәлімгерлер орасан зор жұмыс атқарған екен, әртістер бүкіл хореографиялық мәтінді мүлтіксіз меңгеріп алыпты. Қазіргі басты міндетіміз – орындау стилистикасы мен нәзік иірімдерді шегіне жеткізе өңдеу. Спектакльге жаңадан қосылған жас әртістердің жанарындағы жалынды, жаңа дүниені үйренуге деген құштарлықты көргенде риза болдым. Сондықтан олармен жұмыс істеу мен үшін зор ғанибет, – деп әңгімеледі Ширли Эссебум. – Басты назарды өзіндік ерекше стильді сақтауға аударып отырмыз. Мәселен «Алты би» әзіл-ысқақ балетінде актерлік ойын негізгі мәнге ие. Мұнда әртістер әдеттегі академизмнен арылып, гротескке, әзілге және жарқын театрлық эксцентрикаға ойысуы тиіс. Труппаның техникалық дайындығы керемет, сондықтан қазір басты назарды драмалық мәнерлілікке аудардық, – деп пікірін білдірді балетмейстер.
Ширли Эссебум балетті хореографтың бастапқы идеясы бойынша өзгеріссіз сақтау – басты міндет саналатынын, спектакль түпнұсқа шеңберінде қала отырып, шынайы әрі жанды болуы тиіс екенін атап өтті. 
- Бұл партияларды бұрын билеген әртістер материалды өте жақсы есте сақтаған. Дегенмен уақыт өте келе детальдар мен бастапқы мән-мағына көмескіленуі мүмкін. Балет бірнеше мәрте ұсынылғанда көптеген элемент еріксіз түрде автоматты түрде орындалады. Біздің мақсатымыз – сахнадағы әрбір қозғалыстың мағынасы болуы үшін автордың ойының түп-төркініне әрі мәніне қайта оралу, - деп түсіндірді қоюшы. – Менің өткен жолғы сапарымнан бері әртістердің айтарлықтай өскені байқалады. Сахналық шеберліктері шыңдалған, бейнелерді терең аша біледі және пластиканы дәлірек түсінеді. Бұл саналылық пен сахнадағы өздерін ұстаудағы айырмашылық әсіресе, тәжірибелі солистер мен жастарды салыстырғанда айқын көрінеді. Бишілердің бойындағы мұндай кәсіби толысуды бәрінен де жоғары бағалаймын, - деп қорытындылады Ширли Эссебум.
Нидерландиялық топтың қазақстандық шығармашылық ұжыммен бірге атқарған ұқыпты жұмысының нәтижесінде көрермендер Иржи Килианның Вольфганг Амадей Моцарттың музыкасына қойған әйгілі «ақ-қара» балеттер топтамасынан екі қарама-қайшы туындыны тамашалай алады: олар – терең де нәзік сезімге толы «Кіші өлім» мен ирониялық, экспрессивті «Алты би». Бұл спектакльдердің «Астана Операдағы» премьералары (2023 және 2022 жылдары) елордалық көрерменге балеттің мүлде жаңа тілін ашып, үлкен оқиғаға айналған еді. Осы балеттердің сахнаға қайта оралуы қазақстандық көрермендерді біртуар хореографтың қайталанбас көрнекі эстетикасымен әрі шебер театрлық әзіл-ысқағымен бұрынғыдан да кеңірек таныстыруға мүмкіндік береді.
Кеш бағдарламасын Фредерик Шопеннің музыкасына Михаил Фокиннің хореографиялық поэма әрі романтикалық балеттің жүзеге асқан көрінісі болып табылатын «Шопенианасы» ашады. Спектакль алғаш рет театр репертуарына 2018 жылы балет труппасының көркемдік жетекшісі, әлемдік балет жұлдызы Алтынай Асылмұратованың қойылымында енді. 
- М.Фокин XX ғасырдың ең көрнекті қоюшыларының бірі болды, оның спектаклі репертуарымызда басқа да әлемдік жауһарлармен қатар жүреді. Хореограф классикалық мектеп дәстүрлеріне негізделген бай тәжірибеге ие бола отырып, балетті сан алуан стильдерде дамытты. «Шопениана» - бұл, ең әуелі, романтикалық балет, мұнда вальс, мазурка көп, сондықтан би әуеде құс қалықтағандай әсер қалдырып, сиқырлы армандар әлемінің атмосферасын жасауы тиіс, - деп атап өтті Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова.
Осынау кеште «Астана Опера» симфониялық оркестрі дирижер Элмар Бөрібаевтың басқаруымен өнер көрсетеді. 
Басталуы 19:00-де. 

Байланыс ақпараты

Қосымша ақпарат алу үшін, бізбен байланысу немесе бағдарламаларға қатысуға өтініш беру үшін келесі байланыстарды пайдалана аласыз:

Мәдениет пен креативті индустрияны қолдау қоғамдық қоры «Cultural Legacy Fund».

Мекенжай: Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік ел даңғылы, ғимарат 55/22, блок С 4.3., 246 кабинет.

Электрондық пошта: info@culturallegacyfund.kz, Impresario@culturallegacyfund.kz

Байланыста болыңыз

«Cultural Legacy Fund» қорының жаңа бағдарламалары, мүмкіндіктері және мәдени бастамалары туралы хабардар болу үшін біздің сайтқа және әлеуметтік желілерге жазылыңыз.

"TORUS.KZ" ЖШС жасаған
© 2025 Барлық құқықтар қорғалған