Қаз
«Cultural Legacy Fund»
МӘДЕНИЕТ ПЕН КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯНЫ ҚОЛДАУ ҚОРЫ
 

ТҮРКІ МУЗЫКАСЫ ТҮЛЕГЕН КҮН

Сәуірдің 11–14 күндері аралығында отандық және шетелдік ғалымдар мен өнерпаздардың қатысуымен «Түркі халықтарының музыкасы» атты Бірінші халықаралық симпозиумның 30 жылдығына арналған «Бүгінгі музыкалық түркология: мәселелері мен перспективалары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Бұл маңызды ғылыми конференция «Түркі тілдес елдердің ұлттық музыкалық аспаптары» кітабының таныстырылымы мен көрнекті этномузыкатанушы ғалым Болат Қаракұлов атындағы «Түркі музыкалық мәдениеті және мұрасы» орталығының ашылуымен сәйкес келді. Пленарлық отырыстың ақын, түрколог Олжас Омарұлы Сүлейменовтің алғы сөзімен ашылуы, Дәстүрлі музыка және би жөніндегі халықаралық кеңестің президенті (ICTMD), профессор Танг Сун Бенгтің (Малайзия) құттықтау сөз сөйлеуі конференцияның ауқымы мен салмағын байқатты.

Конференцияға құттықтау хатын жолдаған белгілі этномузыкатанушы Изалий Иосифович Земцовский (АҚШ): «Бұл – кездейсоқтық емес, тарихи ауқымдағы оқиға, үлкен ұжымдық еңбек пен жекелеген көрнекті мамандардың қосқан қомақты үлесінің нәтижесі. Мұндай күнге келу керек еді, мұндай күнге лайық болу керек еді. Оның өзектілігі мен маңыздылығын болжау, сезіну және негіздеу керек еді», – деді өз сөзінде. Ғылыми басқосу аясында өткен Германия, Өзбекстан және Әзербайжан мамандарының шеберлік кластары да түркілер музыкасының насихатталып зерттелуіне серпін берер маңызды іс-шаралар болды. Халықаралық конференцияны Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Гаухар Қошқарбекқызымен бірлесе, Алматы қаласы әкімшілігі мен Қазақстан-Азия сауда және мәдениетті дамыту қауымдастығының демеушілігімен белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ISTMD Дәстүрлі музыка және би бойынша Халықаралық кеңестің елшісі, Қазақстан-Азия сауда және мәдениетті дамыту қауымдастық президиумының төрағасы Дүйсен Қасейінов ұйымдастырды.
Бұл конференцияның Түркі халықтары үшін маңызы зор. Осындай ғылыми конференциялар мен концерттер арқылы өткеніміз бен бүгінімізді, болашағымызды бағдарлай аламыз. Дүйсен Қасейінов ағамыз осыдан отыз жыл бұрын «Түркі халықтарының музыкасы» халықаралық симпозиумын ұйымдастыруды қолға алған екен. «Музыкалық түркология» саласын зерттеуді музыкатанушы Болат Қарақұлов бастап, Әсия Мұхамбетова, Сәуле Өтеғалиева, Саида Елеманова, Гүлзада Омарова т.б. бірқатар ғалымдар жалғастырып әкетті. Бұл қадам түркі халықтарының мәдени байланысын бағамдауға жол ашты. Дәстүрлі музыкасына «халықтық көркем өнер» деп ат қойып алған елге мұндай симпозиумдар мен конференциялар ауадай қажет еді (50-60 жылғы мақалалар мен естеліктерде Дина Нүрпейісова мен Жүсіпбек Елебековті «халықтық көркем өнерпаз» деп жазғанын аз кездестірмейміз). Түбі бір түркі халықтарының музыкалық байланысын зерттеу өнертанудың өрісін кеңейтті. Бір ғана қобыз аспабын алып қараңыз? Қаншама түркі халықтарында Қорқыт жайында аңыз бар? Қобыз аспабының түркі халықтарына кең тарағанын былай қойғанда, скрипканың да түпкі тамырын іздесек, қыл қобыздан тарайтынын өткен ғасырда шетел ғалымдары В.Бахман мен С.Дончевтер бастап жазбады ма?
Мысалы, осы конференцияда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, өнертану докторы Сәуле Ысқаққызы «Бүгінгі музыкалық түркология: жетістіктері мен перспективалары», Мәскеу мемлекеттік П.И.Чайковский атындағы консерватория профессоры, өнертану докторы Юнусова Виолетта Николаевна «Ресейлік ғалымдардың еңбектеріндегі түрік музыкасын зерттеу мәселелері», Германияның Берлин өнер университетінің профессоры, философия докторы Дорит Клебе «Көрұғлы» эпосының эпизодтары: музыканы орындау аясындағы ауызша есту қабілетінен бастап, жазбаша түрлеріне дейін жеткізу мәселелері» (ZOOM жүйесінде), Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория профессоры, өнертану докторы Саида Елеманова «Музыка – түркі өркениетін зерттеу ретінде», Әзербайжанның өнер қайраткері, философия докторы Өзейр Гаджибейли атындағы Баку музыка академиясының профессоры Зумруд Арашқызы «Гаджибейлиден қазіргі заманға дейін: Әзербайжан дәстүрлі аспаптарының рөлінің өзгеруі» сынды әр елден келген өнертану докторларының баяндамаларының тақырыптары біз айтқан ойды айшықтай түспей ме?

Алматыда өткен халықаралық конференцияға алыс-жақын шетелдердің беделді ғалымдарының қызығушылық танытып қатысуына және бұл маңызды ғылыми жиын іс-шараларының жоғары деңгейде өтуіне консерваторияның Ғылыми-инновациялық қызмет, шығармашылық даму және халықаралық ынтымақтастық жұмыстар жөніндегі проректоры Айзада Нусупова мен «Музыкатану және композиция» кафедрасының профессоры Сәуле Өтеғалиевалардың да зор еңбек сіңіргенін атап өткен абзал.

Түркі халықтарының рухани достығының жарқын көрінісіндей болған конференция концертке ұласты. Концертте дәстүрлі әнші, күйшілерімізбен қоса, жаңаша бағытта жазып жүрген отандық және шет ел өнерпаздары өнер көрсетті.
Көрнекті музыкатанушы ғалым Болат Қарақұлов атындағы «Түркі музыкалық мәдениеті және мұрасы» орталығы Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлованың қолдауымен ашылды. Жалпы, оқырманға ғалым Болат Қарақұлов есімі қаншалықты мәлім екенін тап басып айту қиын. Сондықтан белгілі өнертанушы ғалым, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория профессоры Айжан Бердібай апайдың музыкатанушы Болат Қарақұлов жайында мынадай пікірін жаза кеткенді жөн көрдім: «Сүйікті ұстазымыз, профессор Болат Қарақұлов 1970 жылдары отандық этномузыкатануда алғаш рет музыкалық түркология мәселелерін көтеріп, негізгі бағыттарын айқындап кеткен ғалым еді. Замандастары мен ізбасарларының еңбектерінде ол бағыттардың арнасы кеңейе түсті. Болат Ишанбайұлы – 1994 жылы өткен «Музыкалық түркология» атты бірінші симпозиум идеясының авторы. Ғалымның ғылыми ортадағы беделінің арқасында симпозиумға алыс-жақын шетелден белгілі мамандар келді. Ұйымдастыру алқасына түркілер музыкасымен айналысқан бірқатар атақты ғалымдар қатысты. Тәуелсіздігімізді енді алған алғашқы жылдары ол симпозиумның абыройлы өтуіне сол кездегі консерватория ректоры Дүйсен Қасейіновтің еңбегі ұшан-теңіз болды. Бірнеше күн бұрын өткен «Бүгінгі музыкалық түркология» халық­аралық конференциясының жүзеге асуы да құрметті Дүйсен Қорабайұлының моральдық, ұйымдастырушылық және қаржылық жәрдемінсіз екіталай болушы еді.
Болат Қарақұлов этномузыкатануымыздың музыкалық-теориялық саласын дамытуға зор үлес қосты. Дәстүрлі әндеріміз бен жыр мақамдарын зерттеуде жаңа әдістеме жасады. Соның нәтижесінде, ұлттық ғылымымызға бірнеше кандидат­тық диссертация мен монографиялар қосылып, консерваторияның оқу бағдарламасына осымен байланысты бірнеше жаңа пән енді. Өмірінің соңғы отыз жылында Б.Қарақұлов музыкалық симметрология ілімін жасаумен айналысты», – депті.
Расында, дәстүрлі және заманауи музыкамыз үшін маңызды да мазмұнды шара болғаны сөзсіз. Біз мәдениет саласының ірі ұйымдастырушысы Дүйсен Қасейінов жайында бірнеше мақала жазған болатынбыз. Сол мақалаларда Дүйсен Қорабайұлының тек музыка саласында ғана емес, жалпы мәдениетімізге қатысы бар, халықаралық деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырғанын баса көрсеткенбіз. Бұл жолы да Дүйсен ағамыз Түркі сазын түгендеп, әлемге танымал ғалымдар мен мәдениет қайраткерлерін Алматыға алдырып, Дәстүрлі музыка және би жөніндегі халықаралық кеңестің президенті (ICTMD), профессор Танг Сун Бенгті қара шаңырақ консерваторияда өтіп жатқан конференцияда сөз сөйлеткеніне куә болып, рухани көшбасшымыздың халықаралық аренадағы абырой-беделіне тағы да тәнті болдық.
Конференция жас ғалымдарымыздың ой, қиялына, алдағы атқарар ғылыми еңбектеріне, әсіресе этномузыка саласының мамандарына дәл қазіргі шақтағы түркі музыкасы бағытын бір сараптап, салмақты ой түйіп қайтуына зор мүмкіндік туғызды десек, жаңылмаспыз.

Қайрат АЙТБАЕВ,
Роза Бағланова атындағы
Мемлекеттік Қазақконцерт
бірлестігінің артист-солисі

Байланыс ақпараты

Қосымша ақпарат алу үшін, бізбен байланысу немесе бағдарламаларға қатысуға өтініш беру үшін келесі байланыстарды пайдалана аласыз:

Мәдениет пен креативті индустрияны қолдау қоғамдық қоры «Cultural Legacy Fund».

Мекенжай: Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік ел даңғылы, ғимарат 55/22, блок С 4.3., 246 кабинет.

Электрондық пошта: info@culturallegacyfund.kz, Impresario@culturallegacyfund.kz

Байланыста болыңыз

«Cultural Legacy Fund» қорының жаңа бағдарламалары, мүмкіндіктері және мәдени бастамалары туралы хабардар болу үшін біздің сайтқа және әлеуметтік желілерге жазылыңыз.

"TORUS.KZ" ЖШС жасаған
© 2025 Барлық құқықтар қорғалған