Қаз
«Cultural Legacy Fund»
МӘДЕНИЕТ ПЕН КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯНЫ ҚОЛДАУ ҚОРЫ
 

«Астана Опера» театрында көптен күткен «Опералия» халықаралық фестивалінің жыл сайынғы ашылу салтанаты өтті

2025 жылғы 16 мамырда сүйікті «Астана Опера» театрында көптен күткен «Опералия» халықаралық фестивалінің жыл сайынғы ашылу салтанаты өтті.
Мерекелік кеште Ролан Петтідің хореографиялық өнерінің үш жауһары – «Арлезианка», «Жігіт пен Өлім» және «Кармен» атты бір актілі балеттерінің жарқын премьерасы көрсетілді.   

Көрермендердің ерекше ықыласына бөленген қойылым – «Жігіт пен Өлім» балеті болды.
Бұл И.С. Бахтың ұлы әрі мұңды пассакалиясына құрылған, қозғалыс арқылы бейнеленген философиялық астарлы хикая. 18 минут ішінде сахнада жастық пен өмірдің ақыры арасындағы драмалық қақтығысты тамашаладық. Жігіттің бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дарынды балет әртісі Бахтияр Адамжан сомдады. Ол классикалық бидің керемет техникалық шеберлігін заманауи хореографияның психологиялық тереңдігімен және эмоциялық экспрессиясымен үйлестіре білді. Контрастты позалар, баяу адажиодан жарылғыш қимылдарға күрт ауысу – санадағы ішкі трансформацияның – үміттен үмітсіздікке, содан кейін трагедиялық шешімге өтуінің айқын көрінісі.

Бахтияр Адамжанның орындауындағы Жігіт бейнесі – ерлер драмалық биінің эталоны. Бұл рөлде ол абсолюттік шеберлікке қол жеткізіп, өмір мен өлім арасындағы шексіз әрі қорқынышты таңдауға тап болған адам жанының күрделі портретін көрсете алды. Оның биін адамның өмір мәні жайлы терең әрі жеке шығармашылық ойтолғауы ретінде қабылдау керек.

Бахтиярдың тегі – «Адамжан» (адам жаны) – бұл қойылымға тылсым мағына беріп, оның рухани мазмұнын тереңдете түсті. Шындық сәті сол кезде туды – Бахтияр Адамжан, қарапайым көрермен ретінде партерьге түскен сәтінде. Бірақ көрермен оны бірден танып, гениалдық өнерге таңданып, орындарынан тұрып, оның әр қимылын поэзияға айналдыратын дарынын құрметпен қарсы алды. Артистің дарыны мен көрерменнің шексіз ризашылығы – біртұтас, көзге көрінбейтін, бірақ жүректі елжірететін жіпке айналды.

Осындай эмоцияны сезіндіргеніңіз үшін рахмет! Жүректі толқытатын өнер үшін рахмет!

          

Ж.Бизенің түпнұсқа музыкасына қойылған Ролан Петтідің «Кармен» атты бір актілі балеті – балет өнерінде жаңа дәуірдің басталғанын айғақтайтын ерекше хореографиялық туынды.
«Кармен» балетінің премьерасы Астана қаласындағы жыл сайынғы халықаралық «Опералия» фестивалінің ашылуына арналды. Сүйікті «Астана Опера» театры елорда тұрғындары мен қонақтарына ерекше тарту жасады – өзінің репертуарына бұл ғажайып спектакльді енгізді.

17 мамыр күні Кармен бейнесін «Астана Опера» театрының прима-балеринасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгерім Бекетаева сахнада сомдады.
Айгерім Бекетаева – заманауи балет әлеміндегі ең беделді әрі шебер балериналардың бірі. Оның шеберлігі кез келген күрделі әрі эмоционалды образды шынайы жеткізе алады.

Айгерімнің Кармені – бұл еркіндіктің рәмізі. Ол өмірді тек жүрек қалауы арқылы сүйе алатын, табиғатынан дербес әйел бейнесін паш етті. Оның биі – шынайы жан толғанысы, жанның ең терең түкпірінен шыққан шындық. Қозғалыс арқылы өмірдің ащы драмасын сезіндіріп, бірақ рухани беріктігін жоғалтпайды.

Айгерімнің әр қимылы – қуат пен ішкі жалынға толы. Бұл Кармен – бір кездері П. Мерименің новелласында бейнеленіп, Ж. Бизенің мәңгілік операсында шырқалып, енді Р. Петтідің балеті арқылы сахнада қайта өмірге келген бейне.

Би барысындағы әрбір иық бұрысы, дене қозғалысы – батыл әрі тәуелсіз болмысты айқын бейнелейді. Құйын іспетті айналулар – құмарлықтың дауылын, ал жоғары әрі жеңіл секірістер – еркін рухтың, бүкіл өмірі күреспен өткен тұлғаның белгісі.

Айгерім Бекетаеваның Кармені – оның жан-тәнімен сезінген, сахнада шынайы өмір сүрген бейне. Бұл Кармен үшін еркіндік – өмірдің басты мәні, басты қағидасы. Ол тағдырдың құрбаны емес, өз еркімен өлімге бет бұрған, бостандықты өмірден де жоғары қойған әйел.

Біз Кармен рөлін сомдаған атақты балериналарға құрметпен бас иеміз.
Зизи Жанмер – бұл бейненің алғашқы әрі эталондық орындаушысы, ол Карменге драмалық тереңдік әкелді. Майя Плисецкая – алаулап жанған, құштарлыққа толы орындаушылық шеберлігімен есте қалды. Сильви Гиллем – техникалық тұрғыдан феноменалды би өнерін көрсетті.

Айгерім Бекетаеваның Кармені – ішкі жан әлемінің тереңдігімен ерекшеленеді.
Бұл бейнеде ашық, еркін әрі батыл әйел кейпінің астарында қорғансыз, жаралы жан жатыр – ол қайғылы тағдырдан қашып құтыла алмайды.

Айгерім Бекетаеваға ерекше алғысымызды білдіреміз – би өнерінің нағыз кереметін паш етіп, ешбір сөзсіз, тек қана дене қозғалысы мен нәзік грация арқылы ой мен сезімді жеткізе білгені үшін. Оның образдары жүректе сақталады – олар көрерменді тебірентіп, сұлулыққа ұмтылуға шабыт береді. Бұл сұлулық күнделікті өмірді мерекеге айналдырып, шабыттың қайнар көзіне айналады.

Ардак Жиенгалиева  |  @ardak_zhiyengaliyeva

Дамира Тажибаева

Байланыс ақпараты

Қосымша ақпарат алу үшін, бізбен байланысу немесе бағдарламаларға қатысуға өтініш беру үшін келесі байланыстарды пайдалана аласыз:

Мәдениет пен креативті индустрияны қолдау қоғамдық қоры «Cultural Legacy Fund».

Мекенжай: Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік ел даңғылы, ғимарат 55/22, блок С 4.3., 246 кабинет.

Электрондық пошта: info@culturallegacyfund.kz, Impresario@culturallegacyfund.kz

Байланыста болыңыз

«Cultural Legacy Fund» қорының жаңа бағдарламалары, мүмкіндіктері және мәдени бастамалары туралы хабардар болу үшін біздің сайтқа және әлеуметтік желілерге жазылыңыз.

"TORUS.KZ" ЖШС жасаған
© 2025 Барлық құқықтар қорғалған