Санкт-Петербург қаласында Халықаралық Dance Open фестивалі аясында «Астана Опера» театрының гастрольдік қойылымдары өтті. Балет труппасы көрермендерге Ролан Птидің хореографиясымен қойылған Лео Делибтің «Коппелия» балетін ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Авторлық көзқарас қараңғы әңгімені комедиялық шедеврге айналдырды, ал қазақстандық әртістердің орындауы қойылымға өзіндік бояу қосты.
«Коппелия» – бұл би мен актерлік шеберлік, мимика мен көңіл күйдің ең нәзік реңктері ажырамас тұтастықта өрілген балет. Әсерлі сценография мен жарық шешімдері көрерменнің назарын нәзік бөлшектерге аударуға мүмкіндік берді.
Әсіресе шеберхана сахнасы ерекше әсер қалдырды: жарық пен көлеңкенің ғажап ойыны шынайылық пен қиял арасындағы көзге әрең ілінетін шекараны шебер сызды.
«Астана Опера» әртістерінің көзқарас пен ишара арқылы көрерменмен үздіксіз диалог жүргізе білуі айрықша таңданыс тудырды. Қойылымнан кейін залды ұзаққа созылған шапалақтар тербетіп, әртістер бірнеше мәрте сахнаға қайта шықты.
Сол күні Санкт-Петербургте тағы бір маңызды оқиға өтті — «Астана Операның» жетекші солисті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бахтияр Адамжан мен елордалық театрдың жарқын солисті Анастасия Заклинскаяның «Андрис Лиепа 6:0» гала-концертіндегі өнер көрсетуі. Мерейтойлық кеш «Автографтар мен бейнелер» жобасы аясында «Октябрьский» Үлкен концерт залында өтті.