НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Белгілі импрессарио Эльбрус Имамбаев «Қазақстандағы меценаттық қозғалыс туралы» заң әзірлеуді ұсынып отыр, оның айтуынша, оның арқасында қазақстандық өнерпаздар әлемдік сахналарда өнер көрсетіп, елдің абыройын асқақтатуға мүмкіндік алады. Бұл туралы ол ҚазАқпарат тілшісімен телефон арқылы сөйлескен кезде айтты.
"Бүкіл әлемдік классикалық өнер, әсіресе театр, опера, балет бүгінде ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлері бар меценаттықтың дамыған мәдениетінде сақталып келеді. Біздің ойымызша, Қазақстан бүгінде қоғамның жеткілікті жетілуін ескере отырып, меценаттық саласындағы ұлттық бизнестің бастамаларын қолдау саясатын қалыптастыра отырып, осындай әлемдік тәжірибеге қосыла алар еді. Қазақстан шетелде өз өнерін лайықты көрсетеді. Біздің өнерімізді мақтан тұтып қана қоймай, мемлекеттік насихат жүргізуге болады", - дейді сарапшы.
Егер ұсыныс қаралса, импресарио өнерге инвестиция салатын кәсіпкерлерді табуға дайын екенін білдірді.
«10 кәсіпкер болса да, бұл қазірдің өзінде нәтиже. 90-жылдардың қиын жылдарының өзінде өнерге қолдау көрсетілді. Алматыда энергетикалық дағдарыс болған кезде театрларда жарық болатын. Ол кезде театрларға адамдар үнемі баратын, театр лық толы болатын. Өнерді назардан тыс қалдыруға болмайды», – дейді Эльбрус Имамбаев.
Сарапшы кәсіпкерлердің өнерге инвестиция салуы үшін бала кезінен театрға деген сүйіспеншілікті ояту керек екенін атап өтті.
«Қазір біз «Астана Опера» опера және балет театрының атқарып жатқан жұмысын көріп отырмыз. Олар балаларға экскурсия жүргізеді. Егер балалар бала кезінен театрға баратын болса, біз өнер сүйер ұрпақ өсіреміз. Олардың кем дегенде 30 пайызы театрдың есігін қайта қағады», - деп қосты ол.
Тиісті заңды әзірлеу үшін ол өнер әлемінің өкілдерінен, театр менеджерлерінен, өнер мен мәдениеттің жекелеген қайраткерлерінен, депутаттардан, бизнестен, "Атамекен" ҰКП-дан оған мемлекеттік биліктің орталық органдарының мамандары мен қызметкерлерін міндетті түрде тарта отырып, жұмыс тобын құруды ұсынады.
«Жұмыс тобының міндеті – ұжымдық пікір алмасу арқылы елдегі меценаттық қозғалысын белсенді қолдаудың тиімді тетіктері мен құралдарын әзірлеу, қазақ мәдениетін қаржылық және өзге де қолдаудың бюджеттен тыс басқа да нысандарын іздеу. Осының барлығын «Қазақстандағы меценаттық қозғалыс туралы» Заңды әзірлеуде көрсетуге болады. Бізге осы саладағы үздік әлемдік тәжірибені жинақтай алатын Заң керек», - деді ол.
Әртістің айтуынша, қазақстандық опера және балет өнерінің жоғары деңгейі бүкіл әлемде танылады.
«Біз жоспарлы негізде мемлекеттің қолдауымен опера және балет театрларының ұжымдарын әлемдік гастрольдерге белсенді түрде шығаратын кез келді. Әлемдегі өнер сүйер қауымның жүрегін жаулай отырып, біздің дарынды әртістеріміз қазақстандық дипломатияның әлемдік аренасына табысты ілгерілеу үшін құнарлы негіз дайындап, оның жемісті жұмысы үшін қолайлы жағдай жасайтын болады», - деп есептейді Эльбрус Имамбаев.
Импресарио қазақстандық классикалық өнер әлемдік сахналық ареналарға синхронды түрде шығуға дайын екенін атап өтті.
«Бүгінде біздің театрлар әлемдік сахнаға шығуға дайын. Олар – «Астана Опера» опера және балет театры, Абай атындағы Қазақ ұлттық академиялық опера және балет театры, белгілі балетмейстер Болат Аюхановтың Мемлекеттік академиялық би театры және Әуезов атындағы ұлттық драма театры. Жамбыл атындағы филармония да дайын. Өнер бар жерде жоғары технологиялар мен инвесторлар келеді», - деді ол.
«Мен бұған дейін біздің жобаларды қолдаған кәсіпкерлерді білемін және оларда өнерді дамытуға және қолдауға қосқан үлесі үшін мемлекет тарапынан қолдау мен ынталандыру алуға бола ма деген сұрақ туындайды. «Меценаттар қозғалысы туралы» заң жобасы аясында Қазақстанның мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін меценаттарымызды арнайы орденмен марапаттауды ұсынамын. Бұл шараны «Рухани жаңғыру» және басқа да бағдарламалар аясында жүзеге асыруға болады деп ойлаймын», - деп қосты импрессарио Эльбрус Иманбаев.