Қаз
«Cultural Legacy Fund»
МӘДЕНИЕТ ПЕН КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯНЫ ҚОЛДАУ ҚОРЫ
 

«Чарли мен Ирэн» әлемдік премьера қарсаңында тұр

«Астана Операда» 31 қазан мен 1 қарашаға жоспарланған «Чарли мен Ирэн» балетінің премьерасына санаулы күн қалды. Шымылдықтың ар жағында өткен ғасырдың 70-жылдарындағы Нью-Йорктің тыныс-тіршілігі жасалуда, ондағы әрбір детальдің өз мағынасы бар. 
Бұл күндері «Астана Операның» дайындық залдарында таңнан кешке дейін жұмыс жүргізілуде. Хореограф Кирилл Радев бастаған қойылымдық топ соңғы детальдарды жетілдіруде. Ал бұл уақытта сахнада машинистер еңбек етуде: олар көлемдері үлкен болғанына қарамастан, елордалық театр кеңістігінде жеңіл ауыстырылуы тиіс декорацияларды орнатып жатыр. Тігін цехында костюмдерді соңғы рет өлшеп көру жұмыстары жүруде, бұл іске белгілі дизайнер, Ресейдің еңбек сіңірген суретшісі Игорь Чапурин жауапты. 
– ХХ ғасыр тарихына арналған спектакльдер әрқашан жанды әрі бейнелі болып келеді. Бұл – баяу даму мен ойлау қағидаларын бұзған ғасыр. Ғылымда, техникада және қарым-қатынаста үлкен серпіліс жасалған жүзжылдық. Адам өз бойындағы күш-жігерімен қоса, өзін де өзгерте отырып, жаңа өмір салты мен қағидаларға жылдам бейімделді. Бақытымызға орай, бұл кезең бізге достықты, адамдар арасындағы бауырмалдылықты, махаббатты қалдырды, мұның бәрін техникаға алмастырып жіберген жоқ. Біздің кейіпкерлеріміз еркін, ал олардың өмірлері әрі таным, әрі тоқтаусыз даму іспетті. Әлбетте, бәрінің де, яғни өмірдің, іс-әрекеттің, сезімталдықтың өзегі – махаббат. Біздің кейіпкерлеріміз белсенді әрі қызықты, - деп әңгімеледі костюмдер бойынша суретші Игорь Чапурин. – Мен костюмдерде күрделі комбинация жасадым. Адамдар әрдайым өз бейнелерін сән өзгергендей жылдам ауыстыра бермейтін. Ал сән болса осы жүзжылдықта қарқынды түрде ілгеріледі. Біздің әлеміміз анағұрлым сезімтал, ұстамды, ол көне емес, алайда өз көріністерінде аса айғайшыл да емес. Біздің жасаған костюмдеріміз кейіпкерлерге, олардың шынайылығы мен өмірсүйгіштігіне көрермендердің ғашық болуына кедергі келтірмейді. Түс – спектакльдегі эмоцияны жеткізуде әрдайым доминант ретінде жүреді, алайда бұл жерде де біз дұрыс шешім қабылдадық. Кейіпкерлеріміздің айналасындағы қарапайым әлемді түстермен сәл де болсын жандандырып, былайша айтқанда жеңіл реңк береміз, бірақ бұл ретте түстің жасандылығы мен өткірлігін барынша азайтамыз. Бұл спектакль – өмір мен әлем туралы, болашақтың бәрібір де таныс болып қалатыны жайында. Өйткені түпкі болмысында адам өзгере қоймайды. Демек, ең бастысы – кейіпкерді дәл табу. Басты кейіпкерге қатысты шешім қабылдау қашанда оңайға соқпайды, сондықтан біздің кейіпкеріміз – менің ұзақ ізденістерім мен ой-толғамдарымның жемісі. Дегенмен ол ойдағыдай шықты: оның бойынан нұр, тазалық пен қызығушылық байқалады. Қабылдаған шешімдеріміз дұрыс болды деген ойдамын, бірақ ең басты сарапшы әрі төреші – көрермен ғана. Оларды өзіміздің әңгімемізбен және хикаямызбен баурап аламыз деген үміттеміз, – деп түйіндеді Игорь Чапурин.
Либретто авторы Валерий Копейкин ойлап тапқан оқиға желісі әлеуметтік кедергілерді, ескі наным-сенімдер мен тағдырдың кез келген сынақтарын жеңе алатын махаббат жайлы әңгімелейді. Оған 1920 – 1930-жылдардағы махаббат туралы фильмдер шабыт берді, бұл лирика элементтері мен Чаплинге тән әзіл-оспақ ұштасқан романтикалық балет-комедияның жанрын да анықтап берді. 
Алексей Кестнердің музыкасы тура дайындық барысында дүниеге келді. Композитор әртістерді де, болашақ көрермендерді де Американың көпшілікке таныс еркін әрі жарқын өмірге қызықтырарлық атмосферасына бойлатуды өз алдына міндет қылып қойды. Партитура әлдеқашан оркестрге тапсырылды, енді негізгі жұмыс қоюшы дирижер Арман Оразғалиевке жүктеледі. 
- Нью-Йорк жайлы сөз қозғағанда ең алдымен қозғалысты сезінемін, сонымен қатар бір уақытта әртүрлі бағытта жүріп жатқан қозғалыс ойға оралады. Музыканың жалпы тұтастығы сақтала отырып, тыңдарманды оның әрбір қабаты өз шаруасымен асығып, қалғандарына мән бермей жатқандай әсерде қалдырғанын қаладым. Және әлбетте, бұл туындының төңірегіндегі Нью-Йорк – шексіз джаз бен блюз аллюзиялары. Дәл осы стилизация тыңдарманға оқиғаға терең бойлауға, мүмкін өзі ешқашан болып көрмеген, бірақ кино, музыка немесе кітаптар арқылы көз алдына елестететін ортаны тануға көмектеседі. Шынымды айтсам, стиль қалыптастару және өз үнімнің арасындағы шекара туралы ойланбаппын. Мен үшін стиль қалыптастыру – кинода, театрда, балетте тәсіл мен палитраны таңдау ғана, одан артық ештеңе де емес. Музыка еркін өмір сүретін белгілі бір шарттардың таңдалуы. Ал әртістердің көңіл-күйлерінің ауысуына келер болсақ, мұнда музыка мен үшін өте оңтайлы тіл болып табылады. Ол түсіндірулер мен нақтылауларға «кідірмей», аударманы қажет етпей, бірден эмоциялық тұрғыда үн қатады. Көңіл күйі жағынан әртүрлі болып келетін эпизодтар әртістерге кейіпкердің жағдайын өзінікіндей әп-сәтте сезінуге көмектеседі деген сенімдемін, – деп түсіндірді Алексей Кестнер.
Сахнаны безендіруге танымал сценографтар Анастасия Капустина мен Наталья Шахматова жауапты болды. Махаббат хикаясы қуанышпен аяқталатындықтан, спектакльде көңіл күйді көтеретін ашық, жарқын түстер қолданылған және заманауи стильде шешім тапқан. 
- Аталған жұмыста әртүрлі әлемдердің, яғни автор мен туындының, Чарли мен Ирэннің өзара әрекеттесуін және қарама-қайшылығын көрсету маңызды міндет болды, - дейді Анастасия Капустина. – Спектакльдегі негізгі кеңістік Нью-Йорктің Орталық саябағы болып табылады, дәл осы орын Чарлидің хикаясының басталған жеріне айналады. Ирэннің әлемі – Нью-Йорк қаласының әлемі де онымен бірге сабақтасып кетеді. Бізге жанды бейнені жасау маңызды болды. Біз сол кезеңді және саябақтың тарихын мұқият  зерттедік, сондықтан көлемі үлкен барлық реквизит стилистика жағынан 60-70-жылдардағы Нью-Йорктің келбетін қалыптастырады. Орындықтар, шамдар, қоршаулар, интерьер элементтері – осының барлығы біздің кейіпкерлеріміз өмір сүретін және бір-біріне ғашық болатын дәуірдің символдары. Реквизитке сахнаның негізгі кеңістігі қарама-қарсы қойылған, ол бір түсті бояулар палитрасында аппликациялық жазық формалардың көмегімен жасалған. Дәуір көрінісін бейнелейтін шынайы реквизит сахнаның ықшам кеңістігіне қарсы қойылады. 
Хикаяны әңгімелеу түрі балет болғандықтан, біз үшін сахна кеңістігінің икемділігін сақтау және әртістерге қозғалу үшін кең мүмкіндіктер беру маңызды болды. Жобалау мен дайындау барысында көлеміне қарамастан тез қозғалатын, қайта құрастырылатын және оңай орын ауыстыратын құрылымдар жасалды. Барлық өзгеріс көрерменнің көз алдында  орын алады, ол түсірілім алаңындағы декорацияның ауысуын еске салады. Мұндай мобильділік реквизиттерге де қатысты: шамдар, самокаттар, автокөлік, яғни сахнадағы барлық зат әртістермен өзара әрекет етеді. Бұл сахнада жанды көрініс жасауға мүмкіндік береді, - деп атап өтті Анастасия Капустина.
Спектакльдегі партияларды «Астана Опера» балет труппасының жетекші солистері мен әртістері орындайды. Ақжарқын әрі мейірбан Чарлидің бейнесін  Досхан Зәйдін жүзеге асырады.  Ирэннің партиясын Шұғыла Әдепхан орындайды. Жұмбақ пошташының рөлінде Александр Корнилов өнер көрсетеді. Полдың рөлінде көрермендер Олжас Тарланов пен Айдан Қалжанның өнерлерін тамашалайды. Сондай-ақ спектакльге Дарья Митрофанова, Әлия Әмірхан, Амир Хван және тағы басқалары қатысады. 
- Сахнадағы әріптестік ең алдымен сенімнен және бір-бірін түсінуден басталады, - дейді Чарли партиясын орындаушы Досхан Зәйдін. – Балетте техниканы дұрыс орындап қою ғана жеткіліксіз, серіктесіңнің қимылын сезініп, бірлесіп жұмыс істеу маңызды. Сезімдерді шынайы жеткізу үшін мен кейіпкерімнің ішкі әлемін түсінуге тырысамын. Чарлидің Ирэнге деген сүйіспеншілігін қимыл арқылы ғана емес, сонымен қатар көзқарасыммен, дене пластикасымен және әрбір қозғалыстың мағынасымен жеткіземін. Егер көрермен біздің биіміз арқылы кейіпкерлердің эмоцияларын сезіне алса, онда бұл мен үшін үлкен жетістік болар еді. 
Әртіс өзі үшін ең қиыны классикалық балеттің қалыптасып қалған техникасын сақтай отырып, жаңа стильдің ерекшеліктерін көрсету екенін жасырмады. Неоклассикалық хореографияда қимылдың тазалығы мен дәлдігі ғана емес, сондай-ақ оның еркіндігі, иілімділігі және музыкалық сезімі маңызды. – 70-жылдардың стилін жеткізу үшін мен сол дәуірдің атмосферасын, қозғалыс ерекшеліктерін ұғынуға, оны өзімнің орындау мәнеріммен ұштастыруға тырыстым, – деп пікірін қосты Д.Зәйдін. – Әрбір қозғалыстың сипатын ашып, оны сахнада шынайы көрсету үлкен дайындық пен кәсіби шеберлікті талап етеді. 
Оның сахнадағы серігі, Ирэн партиясын орындаушы Шұғыла Әдепхан көзқарас, дененің жанасуы және толық сенім балетте әртістер арасындағы негізгі байланыстырушы құрал  екеніне сенімді. – Көрермен Ирэн мен Чарлидің махаббатына сенуі үшін ең басынан бастап Ирэннің әлеуметтік мәртебеге, жыртық пальтоға немесе көшеде өткен бұрынғы өміріне емес, адамның жанына қарайтынын көрсету маңызды, – дейді жетекші солист. – Серіктесім екеуіміз арамыздағы сезімді қарама-қайшылықтар арқылы құрамыз. Басында сәл сақтық пен ұяңдық болғанымен, дуэт басталысымен-ақ бұл шекаралар жойылады. Сахнада көрермен ауқатты бойжеткен мен кедейді емес, бір-бірін қайта тапқан бір бүтін екі жартыны көруі үшін біз бұл хикаяны дайындықтарда шынайы бастан өткерудеміз, әрбір ым-ишара мен мимиканы жетілдірудеміз. 
Оның айтуынша, партияны нөлден бастап жасау – ерекше тебіреніс әрі сонымен қатар зор жауапкершілік. – Классикалық балеттермен жұмыс істегенде әрдайым сүйенуге болатын белгілі бір қағидалар, мұрағаттар болады. Ал мұнда алдыңда тап-таза парақ тұрғандай, – деп түсіндірді Ш.Әдепхан. – Бір жағынан бұл толық шығармашылық еркіндік береді: Ирэннің мінез-құлқын, әдеттерін, темпераментін өзің қалыптастырасың. Бұл бейне сюжетке терең бойлауды, хореографпен бірге сағаттап талқылауды және көрермен сенетін шындықты іздеуді талап етеді. 
Комедия мен драманың арасында тепе-теңдікті сақтау – таңдаулы өнер. Балеттегі комедия шебер дәлдікті талап етеді: сәл артық кетсең – драма құнсызданады, ал қайғыны асыра көрсетсең – қойылымның жеңілдігі жоғалады.
- Біз бұл тепе-теңдікті табиғилық арқылы сақтауға тырысамыз: мұндағы комедия жасанды ойыннан емес, оқиғалардың өрбуінен, екі түрлі әлемнің түйісуінен туындайды, – деп әңгімеледі әртістер. – Ал ең қиыны – эмоцияның кенеттен өзгеріп сала беруі: мәселен сахнада жаңа ғана комедиялық қарбалас болып жатса, бір сәтте сюжет кілт басқа арнаға ауысып, терең драматизмді талап етеді. Денең мен көңіл-күйіңді санаулы секундта ауыстырып, залдағы көрерменді сендіре білу – бұл балеттегі ең қиын, бірақ ең қызықты сынақ. 
Қойылым Mosaicа Del Arte шығармашылық тобының үйлесімді жұмысының нәтижесіне айналды. Премьера ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтеді. Дайындықтың қалай өтіп жатқанына қарағанда, «Чарли мен Ирэн» нағыз балеттік оқиғаға айналады деп күтілуде. 

Байланыс ақпараты

Қосымша ақпарат алу үшін, бізбен байланысу немесе бағдарламаларға қатысуға өтініш беру үшін келесі байланыстарды пайдалана аласыз:

Мәдениет пен креативті индустрияны қолдау қоғамдық қоры «Cultural Legacy Fund».

Мекенжай: Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік ел даңғылы, ғимарат 55/22, блок С 4.3., 246 кабинет.

Электрондық пошта: info@culturallegacyfund.kz, Impresario@culturallegacyfund.kz

Байланыста болыңыз

«Cultural Legacy Fund» қорының жаңа бағдарламалары, мүмкіндіктері және мәдени бастамалары туралы хабардар болу үшін біздің сайтқа және әлеуметтік желілерге жазылыңыз.

"TORUS.KZ" ЖШС жасаған
© 2025 Барлық құқықтар қорғалған