Қаз
«Cultural Legacy Fund»
МӘДЕНИЕТ ПЕН КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯНЫ ҚОЛДАУ ҚОРЫ
 

Ширек ғасыр сахнада  

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» опера труппасының директоры, танымал баритон Талғат Мұсабаев 2026 жылы опера сахнасындағы шығармашылық қызметінің 25 жылдығын атап өтуде. Бұл ширек ғасыр керемет партияларға, сыншылардың бағасы мен көрермендердің ризашылығына толы. Осынау дата қарсаңында сахна шебері өткен кезеңді қорытындылап, болашаққа жоспарларымен бөлісті.

 

Ол – атағы бүкіл елге жайылған танымал Мұсабаевтар әулетінің лайықты жалғасы. Сондықтан да Мұсабаев тегі оған әкесі Марат пен ағалары Рашид және Мұрат орнатқан биік межені бағындыру жауапкершілігін жүктейді. Сыншылар оның өнері туралы сөз қозғағанда ең жарқын теңеулерді таңдайды, мәселен профессор Үмітжан Жұмақова оның дауысын «ғажайып үнге» теңесе, музыкатанушы Жанат Ордалиева «кейіпкер болмысын ашудағы үйлесімділігін» атап өтеді, ал «Музыкальная жизнь» журналының сыншысы Михаил Кривицкий оның «терең мағыналы монологтарын» ерекше бағалайды. Талғат Мұсабаевтың өзі болса, сұхбат барысында әр сөзін салмақтайтын парасаттылығымен, өзіне деген жоғары талапшылдығымен және өз кәсібіне деген шексіз махаббатымен баурап алды.

– Талғат, сахнадағы 25 жылдық белес алдында қандай сезімдесіз?

– Білесіз бе, 25 жыл көз алдымда зымырап өте шықты. Алғашқы жылдары әр маусымды санап жүресің: бірінші, екінші, сосын бесінші маусым өтеді. Ал кейін жұмыстан қол босамай, сұранысқа ие болған кезде уақыттың қалай өткенін де байқамай қалады екенсің. Бір маусымды қорытындылап, келесісіне күш-қуат жинау үшін демалысты күтесің, сосын қайтадан опера өнерінің шексіз мұхитына сүңгисің. Үлкен еңбектің нәтижесінде әрі өмір жолымда кездестірген ғажайып жандармен, музыканттармен, ұстаздармен және дирижерлермен жұмыс істеудің арқасында мен опера әншісі, кәсіби орындаушы ретінде қалыптастым. Осындай бірегей тұлғалармен иық тіресе еңбек ету барысында өзің де өсіп, өзіндік қолтаңбаң мен ешкімге ұқсамайтын даралығыңды қалыптастырасың. Бүгінде репертуарымда жиырмадан астам басты партия бар, олардың қатарында Абай, Риголетто, Амонасро, Родриго секілді партиялар – вокалдық әрі драмалық тұрғыдан өте күрделі рөлдер. Олардың ішінде жүрегіме ерекше ыстық бір бейне бар, ол – Онегин. Бұл спектакль маған үлкен сахнаның есігін айқара ашып берді, шығармашылық жолымды дәл осы рөлден бастаған едім. Көптеген әртістер секілді менің «белгілі бір рөлді сомдасам екен» деген арманым болған жоқ. Маған жаңа дүниенің бәрі қызық, жүрегіме жақын туындылармен жұмыс істеуді қалаймын. Өйткені ешбір партия бір-біріне ұқсамайды, әрбіреуінен жаңа бояулар мен бейнелерді табамын. Жалпы алғанда, кез келген рөл –сахнаға алып шығатын кейіпкеріңнің болмысын терең зерттеу, оның ішкі дүниесін байыппен түсіну процесі деп айта аламын. Мәселен Абай – қазақ опера репертуарындағы баритон дауысына арнап жазылған ең жарқын әрі шоқтығы биік партия. Осынау күрделі рөлді сахналау маған ерекше ләззат сыйлайды. Барша қазақстандық секілді мен үшін де Абай – ұлы тұлға. Адам баласына тән барлық асыл қасиет пен ізгілік атаулы дәл осы кейіпкердің болмысынан көрініс тапты деп санаймын. Бұл бейнені сомдау қиын, өйткені орындаушыға үлкен жауапкершілік жүгі артылады: ол осынау ұлы данышпан әрі ойшылдың дүниетанымының бүкіл тереңдігін жүрекпен сезініп, көрерменге жеткізе білуі тиіс. Музыкалық тұрғыдан алғанда да бәрі оңай емес, өйткені бұл партия қуатты баритон дауысына лайықталып жазылған. Оны сахнаға жарқыратып алып шығу үшін шығарманың драматургиялық желісі мен музыкалық құраушы бөлігі бір-бірімен жарасымды үйлесуі тиіс. Жас ұлғайған сайын кемелденудің шегі жоқ екенін түсінесің және сахнаға шыққан сайын мәтінге қайта үңіліп, оны өзгеше пайымдайсың, өзің үшін жаңа дүниелерді ашасың.


- Шығармашылық жолыңыздың ең айтулы кезеңдеріне тоқталып өтсеңіз?


- Бәрі де қалыптасудан басталады: театр табалдырығын аттаған сәттен бастап бәрін бойыңа сіңіріп, шеберлігің мен әлеуетіңді шыңдай бастайсың. Кәсіби деңгейіңнің шегін белгілегеннен кейін оны төмендетуге хақың болмайды, оны тек жетілдіре түсуің керек. Ал менің жағдайымда әншілер әулетінен шыққан әртіс ретінде бұл меже әу баста жоғары болды. Мен опера өнеріне енді келгенде-ақ артымда танымал тегім тұрды. Соған лайық болу – мен үшін ең үлкен сын еді.


- Бұл жауапкершілік еңсеңізді басқан жоқ па?


- Жоқ, мен осы ортада туып-өстім, бұл маған таңсық емес еді. Әрине, алғашқы кезеңдерде мені атақты туыстарыммен салыстырғандар болды. Сондықтан да мен еш асығыстық танытқан жоқпын: байқауларға қатыспадым, рөл толық пісіп-жетілмейінше және өзімді дайын сезінбейінше жаңа бейнелерді ерте бастан сахнаға алып шығуға тырысқан емеспін. Өз кәсібилігіңе ешкімді шүбә келтірмейтіндей етіп, істі алдымен мінсіз атқарып алып, содан соң ғана көрерменнің алдына шығарған жөн. Қазір баритон ретінде менің бағым мен бабым келіскен кезең туды. 40 пен 50 жас аралығындағы кезең – әншінің физикалық тұрғыдан кемеліне келген, орындаушылық шеберлігі шыңдалып, тәжірибе арқылы музыкалық талғамы қалыптасатын шағы. Ендігі жерде көрерменге өзіңді көркемдік әрі эмоциялық тұрғыдан да барынша толық арнауға мүмкіндік туады. Сол себепті де жастарға: «Ең бастысы – репертуарды сауатты таңдай білу және алдағы ұзақ жылға арналған даму бағытын дұрыс айқындау» деп үнемі айтып отырамын.


- 25 жыл ішінде операдағы әншінің рөлі қандай да бір өзгеріске ұшырады ма?

 

 

 

- Әлбетте. Алдымен әншілер дәуірі болды, кейін оны дирижерлер заманы алмастырды, ал қазір – режиссерлердің үстемдік құрған уақыты. Бірақ бұл біржақты қарайтын мәселе емес. Көбіне шоу мен ойын-сауық алдыңғы қатарға шығып, музыка мен вокалдық бөлік кейінге ысырылып жатады. Қазір жарқыраған дара тұлға емес, ортақ механизмдегі «солист-деталь» ғана қажет болып барады. Десе де мен операның басты құралы – дауыс деп есептеймін. Шеберлігі мол әртіс спектакльдің тізгінін өз қолына алып, шымылдық түрілгеннен бастап жабылғанға дейін залды «ұстап тұруы» керек. Бүгінгі режиссерлік театрдың заңдылықтары аясында біз ең басты шындық – әншінің өз үні арқылы өзін-өзі таныту дәстүрін жоғалтып алуымыз мүмкін.


- Осыдан бір жыл бұрын сіз «Астана Операның» опера труппасына директор болып тағайындалдыңыз. Қайсысы жеңілірек? Риголетто партиясын орындау ма әлде ұжымға жетекшілік ету ме?


- Әлбетте, ән айтып шығу әлдеқайда жеңіл (жымиды). Сахнада рөлді орындағанда мен өз жұмысыма ғана жауаптымын. Ал біздің театрдағы «Риголеттоның» премьерасына келер болсақ, бұл басты партия менің репертуарымнан берік орын алғалы қашан. Ол әркез мені жаңа қырымнан ашып көрсетеді. Сондықтан Риголетто мен үшін жай карикатуралық кейіпкер емес, мен оған өз қызы үшін және қоғамға өз үнін естірту құқығы үшін жанұшыра күрескен адам ретінде қараймын. Оның әр сөзінде шер, әр қимылында шынайылық бар. Ал басқарушылық қызметтің жүгі мүлдем бөлек. Оның күрделі тұсы – 40 солистен тұратын ұжымның басын қосу. Әр әртістің өзіндік көзқарасы мен қажеттіліктері бар, әрқайсысы жарқын тұлға. Труппа дамуының ортақ бағдарын айқындау, жас солистердің бойына музыкалық талғамды сіңіру, оларды қолдау және әрдайым байланыста болу қажет. Бұл – физикалық әрі эмоциялық тұрғыда көп күш талап ететін үлкен еңбек. Әрине, жетекші болғаннан кейін ортақ өнімге және мыңдаған көрерменнің залдан ерекше толқыныспен шығуына тікелей жауапты боласың.


- Операны бүгінгі жаңа ұрпақтың танымы мен талғамына сай етіп, олардың жан дүниесіне жақын етуге бола ма?


- Бұл – біздің басты міндетіміз, себебі бүгінде әлем түбегейлі өзгерді, өмір ағыны мен уақыт ырғағы жылдамдады, ал жастарымыз сапасы әрдайым жоғары бола бермейтін эстраданың жетегінде жүр. Тіпті, кейбіреулер классиканы ескірген дүние деп есептейді. Дәл осы тұста біздің міндетіміз – жарқын да ұғынықты қойылымдар арқылы, партияларды мінсіз орындау арқылы операның бүкіл құндылығын халыққа жеткізу және оны насихаттау. Мұны кішігірім қадамдардан, яғни балаларға арналған опералар, комедиялық спектакльдерден, жеңіл әрі түсінікті музыкадан бастау қажет. Өйткені ауқымды операны бірден қабылдау қиын. Қазір «Астана Операның» тұрақты көрермендер қатары өсіп, жасарып келе жатқанын байқаймыз, бұл бізге зор үміт ұялатады. Жалпы алғанда, Қазақстандағы опера – әлі жас жанр, оған небәрі 90 жыл болды. Ал Астана мен біздің театрымыз үшін бұл – енді ғана жазыла бастаған жаңа тарих.


- Сіздің дауысыңыз бұл аспабыңыз, осы ретте оның ішкі қозғаушы күші не?


- Жас шағыңда ол – күш-қайрат, тән қуаты мен өршілдік болар, ал жылдар өте келе бәрін де асқақ өнерге деген шексіз махаббат пен адалдық, кемелденген техника мен ішкі сезім байлығы ұстап тұрады екен. Үнемі бабында жүру, дауысының әрқашан балғын естілуі әрі тембрінің әдемілігі сақталуы әнші үшін өте маңызды. Мықты вокалдық мектептен өткен баритон 70 жастан кейін де ән шырқай алады. Кейде сахнада барыңды салып өнер көрсету үшін маған жай тыныштықта отырып, бойға күш-қуат жинау жеткілікті. Ал ең басты қозғаушы күш – өз ісіңе деген махаббат. Егер сенің жұмысың сүйікті ісіңе айналып, одан шексіз ләззат алсаң, бұл – нағыз бақыттың өзі. Мұндайда сен жай еңбек етпейсің, сен осы өнермен тыныстап, осы өнермен өмір сүресің.


- Ал үйде, отбасыңыздың ортасында қандай жансыз? Операдан қалай демаласыз?


- Білесіз бе, уақытымның басым бөлігін театрдағы жұмысыма әрі университеттегі оқытушылық қызметіме арнап жүрмін, сондықтан өзіме және отбасыма уақытым мүлдем аз. Кейде өз балаларыма жеткілікті көңіл бөле алмай жүргенімді сеземін. Десе де менің үйім – менің берік қорғаным. Отбасымның қадірін білемін, сондықтан үйде, жақындарымның жанында болу – мен үшін демалыс. Олар – менің сүйеніштерім және алғашқы сыншыларым. Атқарып жатқан ісімнің барлығы – ең алдымен балаларыма зор үлгі. Олар еңбектің не екенін көріп, мәдениетіміздің құндылығы мен өз ісіне деген адалдықты ұғынғанын қалаймын. Отбасым – өмірде жетістіктерге жетуге ынталандыратын ең басты тірегім!

 

Байланыс ақпараты

Қосымша ақпарат алу үшін, бізбен байланысу немесе бағдарламаларға қатысуға өтініш беру үшін келесі байланыстарды пайдалана аласыз:

Мәдениет пен креативті индустрияны қолдау қоғамдық қоры «Cultural Legacy Fund».

Мекенжай: Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік ел даңғылы, ғимарат 55/22, блок С 4.3., 246 кабинет.

Электрондық пошта: info@culturallegacyfund.kz, Impresario@culturallegacyfund.kz

Байланыста болыңыз

«Cultural Legacy Fund» қорының жаңа бағдарламалары, мүмкіндіктері және мәдени бастамалары туралы хабардар болу үшін біздің сайтқа және әлеуметтік желілерге жазылыңыз.

"TORUS.KZ" ЖШС жасаған
© 2025 Барлық құқықтар қорғалған