Қаз
«Cultural Legacy Fund»
МӘДЕНИЕТ ПЕН КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯНЫ ҚОЛДАУ ҚОРЫ
 

«Мәңгіліктің төрт сыры»: елордалық театр қоржыны жаңа балетпен толықты

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен 25 наурызда «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында театр солисі, дарынды хореограф Сұлтанбек Ғұмардың «Мәңгіліктің төрт сыры» балетінің премьерасы зор табыспен ұсынылды. Көрермендер композитор Хамит Шанғалиевтің музыкасына қойылған спектакльді бір демде тамашалап, оның философиялық тереңдігіне және әуен, қимыл мен мағына жарасымды үйлескен хореографиясына тәнті болды.

Белгілі қазақстандық балет сыншылары мен ұстаздары Сұлтанбек Ғұмардың бойында хореографқа тән ерекше қарым-қабілет бар екенін оның Астанадағы Қазақ ұлттық хореография академиясында оқып жүрген кезінде-ақ байқаған еді. Олар дарынды жастың келешекте бірегей авторлық қойылымдарын дүниеге әкелетініне сенді. Бұл үміт пен болжам бекер болған жоқ: «Астана Опера» балет труппасының құрамында Сұлтанбек өзін жарқын солист ретінде ғана емес, әлеуеті мол хореограф ретінде де танытты. Оның Қазақстанның классикалық балетіндегі жаңа хореографиялық өрнек іздеудегі талпынысына труппаның көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова зор қолдау көрсетті.

С.Ғұмар осыған дейін елордалық театр сахнасында көптеген ұлттық әрі заманауи хореографиялық композицияны қойды, ал «Мәңгіліктің төрт сыры» – оның алғашқы бір актілі спектаклі. Қоюшы хореограф махаббатты балеттің өзегіне айналдырды. Ол адам жанының асыл қасиеті махаббат екенін, ал ол азайған жерде кемшілік көбейе түсетінін көрсетті. Осы ұлы сезімді өзара сыйластық пен түсіністік арқылы ғана сақтап қалуға болады. Бұл идеяны «Астана Опера» балет труппасы әртістерінің арасынан қоюшы хореограф өзі іріктеген төрт жұп жүзеге асырды.

Алғашқы «Ғашықтық» кезеңі көрермендерді сезімнің ең таза әрі нәзік сәттеріне жетеледі. Әртістер Камилла Орманова мен қолына гүл ұстаған Досхан Зәйдіннің үнсіз диалогы алғашқы махаббат сезімін жеткізді. «Махаббат елесі / Құмарлық» кезеңінде қоюшы хореограф басты символ ретінде қолданған жіңішке жіп бишілерді біріктіріп қана қоймай, олардың арасындағы көрінбейтін тартылысты айқындай түсті. Қос ғашықтың бір-біріне деген ынтызарлығын орындаушылар София Әділханова мен Ислам Қайыпбай дененің таңғаларлық пластикасы арқылы шебер жеткізе білді. Лимара Айдарова мен Ғалымжан Нұрмұхаметтің орындауындағы «Күрес» кезеңінде кейіпкерлердің физикалық арпалысы арқылы олардың жан айқайын байқауға болатын еді. Контемпорари бағытындағы экспрессивті қозғалыстар мен декорациялық шешім (арқан) кейіпкерлердің ішкі драмасын толыққанды ашуға мүмкіндік берді. «Қабылдау» кезеңіндегі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгерім Бекетаева мен Диас Құрманғазының дуэті парасатты, пайымды екі адамның сана биігінде жолыққан, махаббаттың шектеуден азаттыққа ұласқан сәті еді. Бишілердің еркін қозғалысы кез келген арпалыстан кейін босап шығудың, өзіңді және өзгені барынша қабылдаудың жеңісін паш етті. «Мәңгілік махаббаттың» жеңісін бейнелейтін төрт жұптың сахнаға шығуы балеттің шарықтау шегіне айналды.

Қоюшы хореографқа осынау балетті жасауға шабыт берген ол әлбетте – музыка. Композитор Хамит Шанғалиевтің заманауи классикалық тұрғыда өңделген ұлттық сарындағы музыкасы мен Сұлтанбек Ғұмардың бірегей мәнері біртұтас ағза ретінде әрекет етті. Спектакльдің көркемдік безендірілуімен костюмдер бойынша суретші Дариға Тайшықова, жарық бойынша суретші Михаил Епанчин айналысты. Жарық пен түс шешімдері әрбір қимылға философиялық мән беріп, көрерменді кейіпкерлердің ішкі әлеміне жетеледі. Жарық сәулесі бишілердің дене пластикасын айшықтай отырып, кеңістіктегі драмалық нүктелерді дәл көрсетті. Әрбір дуэт сайын кейіпкерлердің костюмдері реңктерінің ауысып отыруы сезімдердің эволюциясын бейнеледі. Ал матаның жеңілдігі мен қозғалыс кезіндегі динамикасы бидің ауадағы суретін толықтырды.

Көрермен залынан үлкен ой үстінде шыққан елорда тұрғыны Шынар Бекбаева қоюшы хореографтың бұл ізденісі қазақ балетіне жаңа тыныс әкелгенін атап өтті.

– Мен Сұлтанбектің шығармашылығын бірнеше жылдан бері бақылап келемін. Осыған дейін «Астана Операда» оның бірнеше хореографиялық композициясына куә болған едім. Бүгінгі спектакль оның дарынына деген сүйіспеншілігімді арттыра түсірді. Хореограф бізді кейіпкерлердің ішкі әлемімен бетпе-бет қалдырды. Қыз бен жігітті байланыстырған жіп кейде махаббат, кейде шектеу, кейде үзілмейтін үміт сияқты көрінді. Балет барлық көрерменді ойлануға, махаббат пен өмірлік құндылықтарға басқа қырынан қарауға мәжбүрлегеніне сенімдімін, – деп пікірімен бөлісті Ш.Бекбаева

Премьералық көрсетілімнен кейін қоюшы хореографтың әлеуметтік желідегі парақшасына да көрермендерден көптеген хат келді. – Бұл махаббат кезеңдері шындыққа сай келетінін және шынайы қарым-қатынас кезінде оларсыз болмайтынын айтқым келеді. Осынау сезімдер, ауыртпалықтар – бұлардың бәрі тұтас өмір, – деп жазды Раушан есімді көрермен. – Сахнадан өз өмірімді, өзімнің күресім мен уайымымды, әлсіздігімді, күйеуім екеуімізді көргендей болдым. Әртістер қуанышты сәттерден бастап көңілді құлазытатын шақтарға дейін барлық эмоция шоғырын асқан шеберлікпен өте әсерлі әрі әдемі жеткізе білді. Ғашықтардың қарым-қатынасы бүгін сахнада қалай көрсетілсе, өмірде де дәл солай. Қоюшы хореографтың айтқысы келген ойын шын сүйетін әрі уайымдайтын, осы барлық кезеңді өмірде бастан кешірген адам ғана түсіне алады деп ойлаймын. Спектакльді тамашалай отырып, көзімнен еріксіз жас шықты. Балеттің философиялық тереңдігін тұла бойыммен сезініп, «мен де жүрекке тереңнен жалғанған қызыл жіпті босатып, махаббаттан бас тарта аламын ба?» деген ойға қалдым. Бұл – өмірдің тұтас философиясы, махаббат кезеңдерінің даналығы мен өзгермейтін заңдылығы, сондай-ақ сезім мен адалдықтың беріктігін тексеретін үлкен сынақ. Осынау баға жетпес өнер үшін, өлшеусіз еңбектері үшін Сұлтанбек Ғұмар мен барлық әртіске рақметімді айтамын, - деп қорытындылады хат иесі.

Бұл күні елорда тұрғындары мен қонақтары Nomad Ballet бағдарламасын да тамашалауға мүмкіндік алды. Оның аясында Сұлтанбек Ғұмардың басқа да ұлттық әрі заманауи нөмірлері – «ХасСақ» ансамблінің музыкасына «Рух», «Той бастар», «Аралым», «Аңсау», Х.Шанғалиевтің музыкасына «Әлем» және тағы басқа композициялар ұсынылды. Осы ретте TURAN этно-фольклорлық ансамблінің өңдеуінде А.Райымқұлованың музыкасына Сұлтанбек Ғұмардың қойылымындағы «Mankurt» нөмірінде Жансерік Ахметовтың, сондай-ақ осы ансамбльдің музыкасына Патрик де Бананың хореографиясындағы «Қилы заман» композициясында (бұл нөмірді 2022 жылы хореограф арнайы С.Ғұмар үшін қойған) Досхан Зәйдіннің және «Кемел адам» нөмірінде Алина Зырянованың жарқын дебюттері орын алғанын атап өтуіміз керек.

Кештің тағы бір есте қаларлық сәті «ХасСақ» этно-фольклорлық ансамблінің өнер көрсетуі болды. Ұжым бірқатар балеттік нөмірді сүйемелдеп қана қоймай, өзінің «ХасСақнама», «Тұран жолбарысы» және тағы басқа музыкалық композицияларын таныстырды. «Астана Опера» симфониялық оркестрі мен хоры дирижер, «Құрмет» орденінің кавалері Руслан Баймурзиннің басқаруымен өнер көрсетті. Залдың әр бұрышынан шыққан «Бәрекелді!» деген дауыстар мен ду қол шапалақтардан қойылым тобы мен әртістердің еңбегіне деген көпшіліктің ыстық ықыласы мен ризашылығын байқауға болады. «Астана Операның» отандық балеттегі көшбасшылардың бірі ретіндегі беделін анағұрлым нығайтқан бұл балет кеші көрермендердің жадында көпке дейін сақталатыны анық.

Байланыс ақпараты

Қосымша ақпарат алу үшін, бізбен байланысу немесе бағдарламаларға қатысуға өтініш беру үшін келесі байланыстарды пайдалана аласыз:

Мәдениет пен креативті индустрияны қолдау қоғамдық қоры «Cultural Legacy Fund».

Мекенжай: Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік ел даңғылы, ғимарат 55/22, блок С 4.3., 246 кабинет.

Электрондық пошта: info@culturallegacyfund.kz, Impresario@culturallegacyfund.kz

Байланыста болыңыз

«Cultural Legacy Fund» қорының жаңа бағдарламалары, мүмкіндіктері және мәдени бастамалары туралы хабардар болу үшін біздің сайтқа және әлеуметтік желілерге жазылыңыз.

"TORUS.KZ" ЖШС жасаған
© 2025 Барлық құқықтар қорғалған