28 қазанда «Астана Операда» тыңдармандарға «Операдағы Jazz Lounge» бірегей музыкалық бағдарламасы ұсынылады. Осынау кеште Күләш Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында әлемдік классика мен ұлттық әуендер еркін джаздық импровизация призмасы арқылы ашылады.
Концерттің бастамашысы әрі идеялық шабыт берушісі – театр солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі сопрано Жаннат Бақтай. Бұл кеш оның бенефисі болмақ: Жаннат Бақтай достары мен әріптестерін шығармашылық мерекеге шақырады. Онымен бірге сахнаға меццо-сопрано Гүлжанат Сапақова мен тенор Рамзат Балакишиев шығады. Сондай-ақ вокалистерге фагот тобының концертмейстері Әсет Нелдібаев пен шақырылған пианист София Мамырбаева қосылады. Фортепианомен сүйемелдеуге Ибрагим Ибрагимов жауап береді, кештің жүргізушісі Мәнсия Естекова болады.
Қатаң академиялық мектеп пен джазды байланыстыру орындаушылар үшін саналы шығармашылық қадамға айналды. Жаннат Бақтай бұл бағыттар ол үшін ешқашан бір-бірінен алшақ болмағанын, өйткені оларды сезімпаздық пен өзін-өзі көрсету еркіндігі біріктіретінін жасырмады.
- Онда да, мұнда да адам мен оның эмоциялары, музыка арқылы баяндайтын хикаясы басты назарда болады. Опера менің білімімнің негізін қалады: ол маған вокал мектебін, техниканы меңгертті, драматургиямен жұмыс істеуді және қуатты сезімдерді жеткізуді үйретті. Ал джаз музыканың ішіндегі еркіндікті басқаша сезінуге мүмкіндік берді. Академиялық вокалдың үйреншікті шеңберінен бұрыннан-ақ шығып, дауысымның басқа музыкалық кеңістікте қалай шырқалатынын көргім келетін. Бұл концерттің идеясы осылайша дүниеге келді, ол опера мен джазды қарама-қарсы қоймайды, керісінше олардың қалай бірге өмір сүре алатынын көрсетеді, - деп бағдарлама тұжырымдамасы жайлы ой толғады әртіс. – Жақсы музыкада жанр екінші орынға ауысады. Орындаушының тыңдарманға не айтқысы келетіні маңыздырақ. Бұдан бөлек, екі бағытта да фразировка, дем, тембр, пауза зор маңызға ие. Кейде бір екпін музыканың тұтас парағынан да көп нәрсені айта алады. Әрине, мәнерлеу тәсілдері әртүрлі, алайда эмоцияның ішкі тілі өте жақын. Бұл жоба мен үшін академиялық вокал мәдениеті мен джаз еркіндігі тоғысқан нүктені табу мүмкіндігіне айналды, - деп пікірімен бөлісті солист.
Бағдарлама авторы жобаға арналған музыкалық материал осынау концерт тұжырымдамасын және орындаушылардың нақты құрамын есепке ала отырып құрастырылғанын атап өтті.
- Біз үшін вокалды сүйемелдеу ғана емес, толыққанды музыкалық диалог құру маңызды болды. Бұл орайда фаготты таңдау өте қызықты шешім болып көрінді. Әдетте, біз оны симфониялық немесе камералық оркестр құрамында естуге дағдыланғанбыз, бірақ фортепианомен үндескенде ол мүлде басқа қырынан ашылады. Оның таңғажайып мәнерлі, жағымды әрі мақпалдай тембрі бір мезгілде камералық әрі драмалық сипат ала алады. Меніңше, бұл үйлесім концерттің негізгі идеясын, яғни бәріне таныс академиялық аспаптар мен шығармаларды алып, оларды жаңа, неғұрлым жеке әрі заманауи үндестікте көрсету ойын дәл жеткізіп тұр, - деп әңгімеледі Ж.Бақтай.
Бұл кеште Дж.Верди, Г.Доницетти, Дж.Пуччини мен басқа да классик композиторлардың әйгілі ариялары мен дуэттері джаз-лаунж стилистикасында нәзік үнге ие болады. Түпнұсқаның тереңдігін сақтап, сонымен қатар оған джаз-лаунж мәнерін қосу үшін теңгерімді іздеуде тиянақты жұмыс жүргізу қажет болды.
- Арияны алып, оған джаз аккордтарын қоса салуға болмайды. Ондай жағдайда туындының түпкі негізі жойылуы мүмкін. Бірінші кезекте біз таныс әуенді, драматургияны және түпнұсқаның эмоциялық мазмұнын сақтауға тырыстық. Ал оның үстінде жаңа музыкалық атмосфера жасалды. Сүйемелдеу үйлесімділігі, ырғағы, фактурасы өзгерді, джаз-лаунжға тән интонациялар пайда бола бастады. Маған тыңдарманның сүйікті ариясын тани отырып, оны мүлде басқа қырынан естуі өте маңызды болды. Бұл осыдан көп жыл бұрын осы музыканы жазған композитормен өзіндік бір диалог іспетті. Алайда біз өзімізге бұл шығармаға заманауи орындаушының көзімен қарауға мүмкіндік береміз, - деп түсіндірді әнші.
Сондай-ақ мазмұнды бағдарламада неаполитандық және татар әндері де ұсынылады. Қазақ ұлттық туындыларының бірегей джаздық интерпретациялары концерттің маңызды бөлігіне айналады. Таныс әуендер жаңаша шырқалып, Неапольдің темпераментін, қазақ музыкасының тереңдігі мен джаз еркіндігін біріктіреді.
Вокалист бағдарламаның опералық тәжірибе болып қана қоймай, музыкалық саяхатқа айналуы да өзі үшін маңызды екенін атап өтті. – Қазақ, татар және неаполитан музыкасы шығу тегі жағынан өте сан алуан, алайда бұл дәстүрлердің әрқайсысында мәнерлі әуезділік пен ерекше эмоциялық тереңдік бар. Дәл осы себептен бұл материал джаздық интерпретация үшін өте қызықты болып көрінді. Музыкалық фактура, гармония мен ырғақ өзгерген сәтте, бұрыннан таныс халық әні мүлдем күтпеген қырынан, жаңа бояулармен ашыла түседі. Әсіресе мені «Жайдарман» қазақ халық әнінің жаңаша шырқалуы таңғалдырды. Бұл туындыны дәстүрлі қалпында жақсы білетіндіктен, үйреншікті әуеннің өзінің ұлттық интонациясын жоғалтпай-ақ, неғұрлым камералық, заманауи, тіпті аздап кинематографиялық сипатта жаңаша жаңғырғанын есту маған ерекше қызықты болды, - деп қорытындылады Жаннат Бақтай.
Концерттің басталуы 19:00-де.

