«Астана Опера» көрермендерін әйгілі неміс композиторы Иоганн Себастьян Бахтың тұңғиық әрі сырлы музыкалық әлемімен кездесу күтеді. 13 қыркүйекте театрдың Күләш Байсейітова атындағы Камералық залы сахнасында «Музыкалық альянс» топтамасы аясындағы «BACH. Дара дауыс» концерті ұсынылады.
Осынау кеште сахнаға дарынды музыканттар – «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің бірінші скрипкасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов пен әріптестері Әнел Шәкірова, Ақмарал Жанғазина, Әсел Жақиянова, сондай-ақ шақырылған әртістер Мәдина Капеу мен Еркебұлан Сапарбаев шығады. Олардың орындауында біртуар композитор, органист-виртуоз, капельмейстер әрі ұстаз И.С.Бахтың Соло скрипкаға арналған сонаталары мен партиталары шырқалады.
– Өзін құрметтейтін әрбір музыкант Иоганн Себастьян Бах шығарған музыкаға қол ұшын тигізуі керек, – деп әңгімеледі идея авторы әрі «Музыкалық альянс» жобасының шабыт берушісі Бағдат Әбілханов. – Өйткені оның музыкасы адамның рухани болмыс-бітімін өте қатты дамыта түседі. Музыкант Бахты күніне тым болмаса 40 минут ойнаған кезде оның ішкі жай-күйінен бастап ой-санасына дейін барлығы толығымен ретке келеді. Себебі Бах басынан аяғына дейін де, аяғынан басына дейін де ойнауға болатын мінсіз музыка жазған және ол әуен әрқашан керемет шырқалады. Осы ретте айта кетейік, барлық скрипкашы байқауында оның сонаталары мен партиталарын орындау міндетті болып табылады. Мен оны музыка тарихында айрықша із қалдырған ең кемеңгер композиторлардың бірі деп санаймын. Ол аспапшы музыканттар мен хор ұжымдары үшін өте көп туынды жазды, бұдан бөлек оның органға арналған тамаша шығармалары бар.
Бұрын Бахтың музыкасы осыншалықты танымал болмағаны таңғалдырады. Алайда 1829 жылы Ф.Мендельсон «Страсти по Матфею» ораториясын үлкен көпшілік сахнаға алып шығып, композитор шығармашылығын әйгілеуде орасан зор серпіліс жасады. Ол Бахтың бай мұрасын тар шеңбердегі білгірлердің меншігінен жалпыұлттық және әлемдік мәдени феноменге айналдырып, Бах музыкасын жаппай орындау дәстүрін қалыптастырды әрі бұл дәстүр бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді.
Соло скрипкаға арналған сонаталар мен партиталар деп атауы айтып тұрғандай, музыканттар бұл туындыны сүйемелдеусіз орындайды. – Оның не үшін бірегей әрі қызықты екені жайлы сауал туындаса, онда әлбетте композитордың осы туындылары туралы айтуымыз керек, – деп түсіндірді Б.Әбілханов. – Үш жылдың ішінде біздің тыңдармандарымыз Бах жауһарларының толық топтамасына куә болады. Алты скрипкашы барокко стиліне қатысты өз пайымдауларын ұсынады: барлық алты соната мен партита жанды дауыста орындалады, мұндай қазынаны әдетте үнтаспадан ғана тыңдауға болатын. Сіздермен осынау асыл мұраны бөлісе алатынымызды мақтан тұтамыз, себебі мұндай музыканы тыңдау – ішкі әлемді рухани байыту деген сөз.
Осыған дейін «Музыкалық альянс» топтамасы аясында театрдың майталман скрипкашылары мен шақырылған орындаушылар Э.Изаи, Л.ван Бетховен, Д.Шостакович сынды басқа да көптеген композитордың мұрасына үңілген. Көрермендердің сүйіспеншілігіне бөленген бұл танымал жобаның авторы Бағдат Әбілханов скрипкада ойнау шеберлігін аспап жасау өнерімен керемет ұштастыра біледі. Жуырда оның Италиядағы Cremonensis академиясында үздік реставраторлардың жетекшілігімен осымен алтыншы мәрте тәжірибеден өткенін айта кетуіміз керек.
– Кремона – бұл керемет скрипкалар, альттар мен виолончельдерді жасап шығарған Антонио Страдивари, Джузеппе Гварнери сынды әлемдік деңгейдегі шеберлердің жүрегі. Қаншама жылдан бері бұл қала менің де екінші үйіме айналды. Осы жазда мұндағы Cremonensis академиясында әйгілі италиялық шебер Андреа Аматидің «Алард» деп аталатын скрипкасының көшірмесін жасаумен айналысып, үйге алтыншы сертификатпен және шалқар шабытпен оралдым. Сондықтан өзімнің қадірлі әріптестеріммен және сүйікті көрермендеріммен бөлісер жаңалығым өте көп. Барлығын алда өтетін өнер көрсетуімізге қуана шақырамын, – деп қорытындылады дәулескер скрипкашы.
Концерттің басталуы 17.00-де.





