20 қыркүйекте «Астана Балет» театрының сахнасында театрдың жетекші солистерінің бірі, Фархад Буриевтің бенефисі өтеді. Балет сахнасындағы 19 жыл, соның ішінде 8 жылын «Астана Балетке» арнаған әртіс өзінің талантымен, асқан шеберлігімен және терең драмалық өнерімен көрерменнің жүрегін жаулап алды.
Бұл кеште Фархад Буриев аңызға айналған «Кармен-сюита» балетінде өнер көрсетеді. Оның орындауындағы Хосенің трагедиялық партиясы мен Коррехидордың зұлым бейнесі әрқашан мінсіз техникасымен ғана емес, сонымен бірге кейіпкерлер психологиясын терең түсінуімен ерекшеленді.
Өз шығармашылық жолында Фархад Буриев көптеген ұмытылмас образдар жасады: «Жизельдегі» Альберт, «Щелкунчиктегі» Принц, «Махаббат аңызы» спектакліндегі Ферхад пен Уәзір, «Ромео мен Джульеттадағы» Тибальд, «Salomé»-дегі Жохан Пайғамбар және «Сұлтан Бейбарыстағы» Құтұз. Оның жетістіктері мемлекеттік жоғары наградалармен атап өтілді: ол «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, сондай-ақ «Мәдениет қайраткері» медалінің иесі.
«Кармен-сюитадан» бөлек, көрермендер әлемдік балет классикасынан үздік нөмірлер ұсынылатын мазмұнды «Ballet Gala» бағдарламасынан да ләззат алады.
Бұл бенефис – ұлы әртіске құрмет білдірудің, оның жылдар бойғы еңбегі мен талантына алғыс айтудың тамаша мүмкіндігі
Билеттер: astanaballet.com