НҰР-СҰЛТАН. ҚАЗАҚПАРАТ – ҚазАқпарат ХАА тілшісі аты аңызға айналған балерина Алтынай Асылмуратовамен сұхбаттасып, Қазақстан балет мектебінің әлеуеті, әртістердің патриотизмі туралы әңгімелесті. Сондай-ақ, кейіпкеріміз балет әлеміне енді қадам басқан жандарға құнды кеңестерін бөлісті.
Әрбір балет әртісінің жетістігінің артында үздіксіз дайындық, өзін-өзі арнау және өнерге деген сүйіспеншілік жатыр. Сонымен қатар, жас таланттарды тәрбиелеп, олар үшін жаңа әлем – жоғары өнер әлемін ашатын педагогтың еңбегін де ұмытпау керек.
Алтынай Асылмуратова алты жылдан бері «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі қызметін атқарып келеді. Әртістер оның басшылығымен жұмыс істеу бақыты бұйырғанын жиі атап өтеді. Театр қазынасы классикалық, заманауи және ұлттық қойылымдармен толығып, әртістер әлемдік сахналарға жиі шақырту алады.
- «Астана Операдан» шақырту алған кезде, театрды «қымбат тастарды жинайтын сандық» секілді жасағыңыз келетінін айтқан едіңіз. Қазір бұл бағыттағы жұмыс қалай жүріп жатыр?
- Бұл тез орындалатын жұмыс емес. Біз репертуарды мұқият таңдап, 300 жылдық балет тарихында жасалған ең үздік қойылымдарды жинаймыз. Сондықтан жыл сайын классикалық және заманауи спектакльдермен толықтырып отырамыз.
- Астаналық көрермендер талапшыл. Әлемдік премьераларды, аймақтық шығармашылық ұжымдардың қойылымдарын тамашалаған аудиторияны қалай таңғалдыруға болады?
- Балет әлемі – ерекше әлем. Біз осында болсақ та, балеттің әлемдегі даму үрдістерінен хабардармыз. Жергілікті көрерменнің ерекшеліктерін де ескереміз. Әр елдің өзіне тән талғамы бар, Батыста өзекті болған дүние бізде қабылданбауы мүмкін. Бұл – көрерменді жаңа қойылымдарға дайындау процесі. Репертуарымызды әртүрлі аудиторияға, соның ішінде балаларға арнап дамытуға тырысамыз. Себебі олар – біздің болашақ көрермендеріміз. Сондықтан репертуарымыз классикалық, заманауи, балаларға арналған және ұлттық қойылымдармен толықтырылуда. Ұлттық спектакльдерге ерекше мән береміз, өйткені өзіміздің төл өнерімізге құрметпен қарау қажет. Сол себепті бұл бағытты дамытып, ұлттық балеттердің заманауи талаптарға сай болуын қалаймыз.
- Біздің әртістер әлемдік сахналарды бағындырып жүр. Шетелдік балетмейстерлермен ынтымақтастық қалай жолға қойылған?
- Біз өз әртістерімізді халықаралық деңгейге шығаруға мүдделіміз және бізді шақырып жатқан адамдарға ризашылығымызды білдіреміз. Олар біздің труппаны жақсы біледі. Жақында Бақтияр Адамжан «Рим операсы» театрында премьерада өнер көрсетті. Біз Луиджи Бониноға алғыс айтуымыз керек, ол кезінде бізде Ролан Пти спектакльдерін қойған. Ол біздің әртістеріміздің деңгейімен жақсы таныс. Алайда, көбірек шақырту алу үшін бізді әлемге кеңінен таныту қажет.
- Біздің әртістер шетелде қалай қабылданады?
- Пандемияға дейін, 2019 жылға дейін көптеген елдерде гастрольдік сапарларда болдық және біз туралы өте жақсы пікірлер айтылды. Бұл біз үшін маңызды. Бізді, біздің әртістерімізді көбірек танығанын қалаймыз. Сондықтан шетелдік әйгілі балетмейстерлер мен педагогтарды шеберлік сабақтарын өткізуге шақырамыз, бұл балет труппасының дамуы үшін аса маңызды.
- «Астана Операда» жұмыс істеуге шақырту алған кезде, Қазақстан балетінің әлеуетін көрдіңіз бе?
- Бұл өте тез болды. Мені шақырған кезде, бірден труппа және оның мүмкіндіктерімен таныса бастадым. Жас ұжым болды, бірақ потенциал бар еді. Ең бастысы – әртістердің жұмыс істеуге, өсуге, үйренуге деген құлшынысын сезіндім. Бұл – ең маңыздысы.
- Қазіргі таңда Қазақстан балетінің деңгейін қалай бағалайсыз?
- Қазақстанда екі балет мектебі бар. Біріншісі – тарихы мен беделі қалыптасқан Алматыдағы А.В. Селезнев атындағы хореографиялық училище. Екіншісі – небәрі бес жыл бұрын құрылған Қазақ ұлттық хореография академиясы. Біз енді ғана бастадық, бірақ ең үздік мектеп болу үшін бар күшімізді салудамыз. Бізде мықты педагогтар құрамы жасақталған, себебі мектептің негізін ұстаздар қалайды. Біздің академия әлемдік стандарттарға сай келеді. Елордаға келген қонақтарға міндетті түрде көрсететін ерекше орындарымыздың бірі – «Астана Опера» театры мен Қазақ ұлттық хореография академиясы.
- Академия студенттері шетелде тағылымдамадан өте ала ма?
- Әрине, тағылымдамалар бар. Бізді түрлі елдерге шақырады, көптеген ресейлік және батыс академияларымен меморандумдарға қол қойылған. Академия тек балет әртістерін ғана емес, әртүрлі деңгейдегі мамандарды да дайындайды. Біз әрдайым тәжірибе алмасу арқылы дамимыз.
- «Астана Опера» қандай репертуарлық саясатты ұстанады?
- Репертуарлық саясат – театр басшылығы шығармашылық ұжымның, көрермендердің мүдделерін теңестіруге бағытталған құрал. Театр әртүрлі аудиторияға бейімделуі тиіс: кәсіби өнер сүйер қауымға, жаңадан келген көрермендерге, жасөспірімдер мен балаларға. Экономикалық фактор да маңызды – кассалық қойылымдар неғұрлым көп болса, театр соғұрлым тұрақты дамиды.
- Шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, меценаттардың өнерді қолдайтынын көреміз. Олар театр мен әртістерді жақсы көреді, сондықтан өнерге инвестиция салады. Сіздің ойыңызша, меценаттарды қалай қызықтыра аламыз?
- Тарихқа көз жүгіртсек, бұл әрдайым осылай болған. Негізінде, өнер арқылы ақша таппайды. Өнерге инвестиция салады, себебі оның басты құндылығы – рухани байлық. Біз мәдениетті халыққа жеткізіп, көрермендердің интеллектуалдық деңгейін көтереміз. Тарихқа қарасақ, балетті қолдаған меценаттар әрдайым болған. Олар тек қаржы беріп қана қоймай, өнерді шын жүректен жақсы көрді, оның маңызын түсінді. Өйткені мәдениеті жоғары ұлт – дамыған ұлт. Мұндай ұлттың болашағы зор. Сондықтан өнерді материалдық жағынан қолдап қана қоймай, оны шынайы бағалайтын адамдар қажет. Қазақ елі тек техникалық салада ғана емес, мәдениет саласында да өзін танытуы керек. Біз үлкен әлеуеті бар, жоғары мәдениетті театр имиджін қалыптастыруға тырысып жатырмыз.
- Балет труппасы мен театр үшін гастрольдік сапарлар қаншалықты маңызды?
- Әрине, жергілікті көрерменді баулу өте маңызды. Бірақ халықаралық аренада да танымал болу керек. Әлемдік деңгейге шығу үшін бізді сыртта тануы қажет, басқа сахналарда өнерімізді көрсетуіміз керек. Театрдың гастрольге шығуы өте маңызды. Бұл әртістер үшін де үлкен мотивация. Біріншіден, ол патриотизмді дамытады. Шетелге шыққанда әртістерде отанға деген сүйіспеншілік арта түседі. Біз балетпен бала кезімізден айналыса бастаймыз, ал кәсіби қызметіміз 20-25 жылмен шектеледі. Бұл – табиғаттың заңдылығы. 60 жастағы адамның сахнада аққуды немесе жас қызды бейнелеуі қызықты болмайтыны анық. Осы уақыт ішінде әртістер өз күшін толықтай сарқиды, өйткені бұл – үлкен тәртіпті, жан-тәнімен берілу мен орасан еңбекті талап ететін қиын мамандық. Олардың бос уақыты өте аз. Театр – олардың өмірі. Таңертең классикалық биден сабақ алады, кейін репетиция, спектакльдер – осылай күн сайын өтеді. Сондықтан олардың дүниетанымын кеңейту үшін гастрольдік сапарлар өте қажет. Олар әлемді көріп, алған әсерлерімен болашақта балаларына бөлісе алады. Көпшілігінің өз қаражатымен саяхаттауға мүмкіндігі жоқ. Мұның бәрі өте маңызды.
- Өнерге адамдар мәжбүрлі түрде келмейді. Қазіргі жас буыннан бұл кәсібіті жоғары деңгейде жалғастыратын таланттарды көре алдыңыз ба?
- Бұл – өте күрделі процесс. 9-10 жасар балалар мектепке алғаш келген кезде, олардың болашақта әртіс болатынын бірден айту қиын. Көптеген факторлар әсер етеді. Біз ең алдымен балет әртісі болуға қажетті физикалық мүмкіндіктерге назар аударамыз. Өкінішке қарай, тек қалау жеткіліксіз. Белгілі бір элементтерді орындау үшін адамның арнайы физикалық қабілеттері – байламдары мен буындары икемді болуы қажет. Сонымен қатар, сыртқы келбет, артистизм, музыкалылық, ынта да маңызды. Бірақ ең бастысы – еңбекқорлық, төзімділік және тәртіп. Физикалық деректері жақсы болуы мүмкін, бірақ адам жалқау болса, бұл жеткіліксіз. Керісінше, ол өте ынталы болғанымен, физикалық мүмкіндіктері жетіспеуі мүмкін. Кейбір адамдарда туа біткен қабілет жоқ, бірақ қажырлы еңбектің арқасында жетістікке жете алады. Кейбір әртістер ақпаратты қабылдап қана қоймай, өздігінен жұмыс істейді. Репетиция 1,5 сағатқа созылғанымен, дайындық мұнымен бітпейді. Үйде де әртіс әр қимылды ой елегінен өткізіп, жеке дайындалады. Осындай еңбек түптің түбінде нәтижесін береді. Сондықтан біздің міндетіміз – талантты жастарды табу және олардың қабілеттерін ашу.
- Әңгімемізді қорытындылай келе, жас әртістерге қандай кеңес берер едіңіз?
- Өз ісіңізді шын жүректен сүйіңіз. Өнерге деген сүйіспеншілік таза әрі риясыз болуы керек, себебі балеттен көп ақша таба алмайсыз. Бірақ бұл өнер сізге ақшамен өлшенбейтін ең маңызды құндылықты береді. Егер сіз өз өнеріңізді жақсы көріп, көрерменге жан дүниеңізді арнай білсеңіз, спектакль соңындағы қошемет сіз үшін ең қымбат нәрсеге айналады. Әрине, әртістер лайықты еңбекақы алуы керек, бірақ басты мақсат – материалдық табыс болмауы тиіс. Нағыз өнер адамдары – суретшілер, музыканттар ешқашан ақша үшін шығармашылықпен айналыспайды. Бұл – жан қалауы, жүректің үні. Егер сіз өзіңізді білдіргіңіз келсе, эмоцияңызды көрерменмен бөліскіңіз келсе – сіз нағыз өнер адамысыз. Жас әртістерге айтарым – соңына дейін күресіңіздер, себебі кемелдікке жетудің шегі жоқ. Өсу тоқтаған сәттен бастап, өнеріңіз де құлдырай бастайды. Өзіңізді күн сайын жетілдіріңіз, өз кәсібіңізді сүйіңіз. Өмірде өз ісіңді сүю – үлкен бақыт! Ал көрерменнің ықыласы – одан да жоғары бақыт!
- Алтынай Абдуахимқызы, әңгімеңізге көп рақмет!