Қаз
«Cultural Legacy Fund»
МӘДЕНИЕТ ПЕН КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯНЫ ҚОЛДАУ ҚОРЫ
 

Құштарлық нәрі

Қазақстан елордасына италиялық жаз келді және бұл ауа райына байланысты емес. Осы демалыс күндері «Астана Опера» театрының Үлкен залында алаңсыз комедия мен тамаша музыка атмосферасы орнады – көрермен назарына Гаэтано Доницеттидің әйгілі «Махаббат сусыны» ұсынылды.

Осы сюжеттен қарапайым не болуы мүмкін? Кішіпейіл жас Неморино кірпияз Адинаға ғашық. Оның жүрегін жаулап алу үшін ол алаяқ Дулькамарадан «ғажайып» эликсир сатып алады, ол шын мәнінде кәдімгі шарап болып шығады. Бірақ дәл осы қателіктен нағыз сиқыр басталады.

«Опералия» халықаралық фестивалі аясындағы қазіргі көрсетілімдер жұртшылыққа екі түрлі, бірақ бірдей жарқын көрсетілімді тамашалауға бірегей мүмкіндік берді.

13 маусымда кешқұрым сахнада жұлдыздар дуэті жарқырады. Адинаның партиясын театрдың жетекші солисі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова тамаша орындады. Неморино рөлінде Жаңа операдан шақырылған солист Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Татарстанның еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Бекмұхамбетов өнер көрсетті. Оның ішкі толқынысқа толы лирикалық теноры ғашық жігіттің бейнесіне сәйкес келді.

- Неморино партиясы – нағыз белканто және оны орындау өте қиын. Негізгі қиындық техникалық тапсырмаларды режиссер мен композитордың шығармашылық талаптарымен шебер үйлестіру болды. Естеріңізде болса, мен бірнеше жыл бойы «Астана Опера» театрының шақырылған солисі болдым, сондықтан туған жеріме келу мен үшін әрқашан қуанышты оқиға – яғни, қазақстандық көрерменге өз шеберлігімді көрсету мүмкіндігі. Қазақстанда менің ата-анам тұрады, олар биыл 85 жасқа толды. Мен Жаратушыдан олардың мүмкіндігінше ұзақ өмір сүруін сұраймын», – деп көрсетілімнен кейін ойымен бөлісті әнші.

14 маусымда көрермен «алтын құрамды» тамашалады: Неморино бейнесін керемет тенор Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тапин сомдады, ал Адинаны Болгариядан келген мейман – Стефани Крастева-Павлова орындап, еуропалық вокал мектебін паш етті, толассыз қошеметке қарағанда олардың одағы сәтті шықты.

- Мен үшін осындай маңызды Халықаралық фестивальдің бір бөлігі болу зор мәртебе еді. Осы сынды жобалар түрлі мәдениет пен шығармашылық дәстүрдегі өнерпаздарды біріктіріп, шабыттану, тәжірибе алмасу және жаңа шығармашылық таныстықтар үшін кеңістік құрады. Әсіресе, қазақстандық көрермендер алдында өнер көрсету және бүкіл әлемнен талантты музыканттардың кездесу орнына айналған сахнада өз өнерімді таныстыру ерекше құнды болды. Адина бейнесіндегі ең қызықтысы - оның ішкі өзгерісі: басында ол күшті, тәуелсіз және өз көзқарастарына сенімді болып көрінеді, бірақ бірте-бірте махаббат оны өзіне жаңаша қарауға мәжбүр етеді. Маған бұл жолды сахнада көрсету өте ұнайды, ең қиыны – бұл өту сәтін табиғи және шынайы ету. Көрерменнің оның дамуының әр кезеңіне сеніп, онда тек опералық кейіпкер емес, тірі адамды көруі маған маңызды болды. Дәл осы көпқырлылық бұл рөлді әртіс ретінде мен үшін өте қызықты етеді. Менің ойымша, бүгін көптеген көрермен Адинадан өздерін тани алды, себебі кейде біз де өз сезімімізді бірден түсінбей, махаббат өмірімізге енген кезде ғана жүрегімізді оған ашамыз, - деп атап өтті Стефани Крастева-Павлова.

6 жыл бұрын сахналанған қойылым осы күнге дейін көз қуантады. Француз режиссері Арно Бернар ескі опера-буффа дәстүрін жеңіл, романтикалық мелодрамамен үйлестіре білді. Көрнекті суретші Эцио Фриджерионың сценографиясы және Оскар сыйлығының иегері Франка Скуарчапиноның костюмдері сахнадағы әрекетті ХІХ ғасырдың ортасындағы оңтүстік Итальяның атмосферасына бөлеп, ауылды өте әдемі көрсетті. Костюмдер зәйтүн және терракота реңктеріне толы болды, ал декорациялар ауа мен кеңістік сезімін тудырды. Естеріңізге сала кетейік, операның қоюшы дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алан Бөрібаев. Алайда өнер көрсету күндері симфониялық оркестрдің дирижерлік пультінде маэстро Арман Оразғалиев жарқырады. Хор Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітовтің басшылығымен керемет шырқалды.

Көрермен қауым осы күндері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Евгений Чайников пен «Дарын» сыйлығының лауреаты Шыңғыс Расылхан мінсіз сомдаған айлакер Дулькамараның бірде-бір ащы мысқылын қалт жібермеді.

«Астана Операдағы» «Махаббат сусыны» – үлкен сүйіспеншілікпен ұсынылған дертке шипа. «Опералия» фестивалі қазірдің өзінде бел ортасынан асты, бірақ ең бастысы: өнер, Дулькамара бөтелкесіндегі сусын сияқты, адамдарды жақсы жаққа өзгертетінін түсіну. Оларды күлдіреді, көз жасына ерік береді, тік тұрып қошемет білдіруге итермелейді.

Байланыс ақпараты

Қосымша ақпарат алу үшін, бізбен байланысу немесе бағдарламаларға қатысуға өтініш беру үшін келесі байланыстарды пайдалана аласыз:

Мәдениет пен креативті индустрияны қолдау қоғамдық қоры «Cultural Legacy Fund».

Мекенжай: Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік ел даңғылы, ғимарат 55/22, блок С 4.3., 246 кабинет.

Электрондық пошта: info@culturallegacyfund.kz, Impresario@culturallegacyfund.kz

Байланыста болыңыз

«Cultural Legacy Fund» қорының жаңа бағдарламалары, мүмкіндіктері және мәдени бастамалары туралы хабардар болу үшін біздің сайтқа және әлеуметтік желілерге жазылыңыз.

"TORUS.KZ" ЖШС жасаған
© 2025 Барлық құқықтар қорғалған