Мемлекет басшысы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысында мәдени-гуманитарлық саланы дамытуға қатысты бірқатар тапсырма берді.
"Ол еліміздің құжаттық мұрасын сақтауға ерекше назар аударды. Министрлік Қазақстанның жаңа мәдени мұра нысандарын ЮНЕСКО тізіміне енгізу жұмыстарын белсенді түрде жалғастыруда. Құжаттық мұраны ЮНЕСКО-ның "Әлем жады" тізіліміне сақтау және насихаттау жөніндегі Жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына ғалымдар, архивистер, археологтар, академиялық орта мен қоғам өкілдері кірді", – деп атап өтті Аида Балаева.
Сондай-ақ отырыста көрнекті қазақстандық авторлар мен орындаушылардың шығармашылық архивтеріне, Абайдың, Қожа Ахмет Ясауидің қолжазбаларына және Арал теңізі архивтеріне ерекше көңіл бөлу мәселелері талқыланды.
ЮНЕСКО-ның "Әлем жады" бағдарламасының Ұлттық комитеті аясында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Кариннің төрағалығымен ұлттық тізілім құру жоспары әзірленіп, елдің құжаттық мұрасының тізімін зерттеу және толықтыру бойынша мақсатты жұмыстар жүргізілуде.
Бұл бастама тарихи ескерткіштерді ғана емес, дәстүрлерді, тілді, музыканы және қолөнерді қорғауға бағытталған.
Мемлекет еліміздің мәдени мұрасын сақтау бойынша ауқымды жұмыстар атқаруда. Тарихқа қосқан баға жетпес үлесі үшін мәдениет және ақпарат министрлігіне алғысымызды білдіреміз.
Мақаланың авторы: Қор елшісі Рахимов Абылай