Өткен демалыста, яғни 19-20 қыркүйекте «Астана Операда» Дж.Пуччинидің «Богема» операсы зор табыспен ұсынылды.
20 қыркүйекте Мимидің партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері сопрано Мария Мудряк орындады. Ол сахнаға шыққанда зал оны айрықша ыстық қошеметпен қарсы алды. Оның кейіпкері әнші спектакль алдында уәде еткендей, яғни қарапайым әрі романтикалық, кішкентай дүниелерге қуана алатын, бірақ сонымен қатар өмір сүргісі келетін және сүйікті болғысы келетін мықты әйел бейнесінде шықты. Әншінің өнер көрсетуіне павлодарлықтар келіп, спектакль соңында ду қол шапалақ пен «бәрекелді» деген лебіздерін арнады.
- Біз Мария үшін арнайы келдік, - деп пікірімен бөлісті көрермендердің бірі Алма Қуанышева. – Біз үшін ол – қаламыз бен еліміздің мақтанышы. Ол ән айтып жатқан кезде бойым түршігіп кетті, ал соңында тіпті көз жасымды ұстай алмай қалдым. Бұл ұмытылмас кеш болды, сондықтан біз мұнда міндетті түрде тағы келеміз.
«Астана Операдағы» «Богеманың» қойылымы бойынша әлемдік деңгейдегі шығармашылық топ жұмыс істегенін еске саламыз, олар - режиссер Андреа Бернард, сценограф Эцио Фриджерио, костюмдер бойынша суретші, «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино. Олардың еңбегінің нәтижесінде сахнада әткеншек пен цирк әртістері бар Париж жәрмеңкесі де, қар басқан вокзал да, қараусыз қалған зауыт та жанданады. Ал Эйфель мұнарасы мен кәдімгі ұзын пойыз әлдеқашан осынау спектакльдің төл белгісіне айналған.
Бұл кеште дирижер тұғырына Пуччини музыкасының нағыз білгірі италиялық маэстро Джузеппе Акуавива көтерілді. Оның басқаруындағы «Астана Опера» симфониялық оркестрі әрбір нота мағынаға толы болғандай естілді.
Және де бұл кездейсоқтық емес, «Богеманы» жазбас бұрын Джакомо Пуччини оның кейіпкерлері бастан кешірген күнкөріс мектебінен өткен. Милан консерваториясында оқыған жылдары ол кедейшілікте өмір сүрген: тар бөлмені жалдап, барлық нәрседе үнемдеуге тырысқан. Ал үй иесі – пошта бөлімшесінің бастығы студентке сенбегені сонша, шәкіртақы салулы хаттарды ашып, жалдау ақысын өзі алып отырған.
Бірде Пуччини аруды кездесуге шақыру үшін жалғыз пальтосын кепілге өткізеді. Бұл оқиға операның төртінші актісінде тура сол күйінде қайталанады, онда Коллен хал үстінде жатқан Мимиге көмектесу үшін өзінің пальтосымен қоштасады. Сондықтан «Богема» – композитордың ойдан шығарған әдемі хикаясы ғана емес, бұл көп жағдайда оның музыкаға айналған өз жастық шағы.
Мария Мудряктың серіктестері ретінде Талғат Мұсабаев (Марсель), Саян Исин (Рудольф), Елена Ганжа (Мюзетта) және басқа да солистер өнер көрсетті. Ал 19 қыркүйекте Мимидің партиясын Мәдина Исламова орындады, оның кейіпкері әсерлі әрі шынайы болып шықты. Марсельдің партиясында Дінмұхамед Көшкінбаев, Рудольфтың рөлінде Жан Тапин өнер көрсетті. Әсем Сембина Мюзеттаның бейнесін жүзеге асырды.
Осынау спектакльдің елордалық сахнада өмір сүріп келе жатқанына жеті жыл толды. Әртістердің орындауына залдың көрсеткен қошеметі махаббат, айырылысу мен үміт жайлы хикая көрермендердің жүрегінен бұрынғыдай орын алатынын дәлелдеді.










