«Nomad Inspiration - Ұлы Дала тынысы» атты дарынды хореограф, балет әртісі Сұлтанбек Ғұмар мен HasSak этно-фольклорлық ансамблінің шығармашылық кеші Астана Опера театрының төрінде қалын елге ұсынылды.
Бүгінгі туынды тереңнен толғанып, әрбір қазақтың жүрегін тебірентіп, қайталанбас өз ерекшелігімен баурап алды. Сұлтанбек Ғұмардың қойылымдарының құндылығы биік таудан сарқырай аққан таза, мөлдір бұлақ секілді дүние. Оны тамашалаған біз, көрермендер, сусындап, мейіріміз қанып, рахатқа бөленгендей болдық. Кеш шымылдығын көз жауын бірден алған «Той бастар» хореографиялық нөмірінен басталды. Халқымыздың салт-дәстүріне беріктігін, кеңдігін, молшылығын, мейірімділігін бейнелеген туынды. Сонымен қатар, кешті ерекшелендірген, салыстыруға келмейтіндей қылған жайт – HasSak ансамблінің «ХасСақнама», «Ұлы Жібек жолы», «Зәурен», «Өрлеу», «Аңсау», «Тұран жолбарысы», «Тарту» шығармалары және Руслан Баймурзин басқарған Астана Опера театрының симфониялық оркестрі мен әлемнің ең әуезді, тұнық дыбысты хорының үндестігі. Екі әлемнің куәсі болып, халқымыздың тағдырын, биік мұратын, мұң-мүддесін би өнерімен жеткізіп, заманауи талап-тілектерге орайластырып, бойымызға сіңіртіп, көшпенділердің өмірінен қазіргі адамның өміріне мыңдаған жылғы мәдениеттің көпірі салынды. Сол тарихқа үңілткен Сұлтанбектің шоқтығы биік хореографиялық туындылары: «Аралым» мен «Әлем». Аралым экологиялық апат қана емес, туған жеріміздің рәмізі, халқымыздың қайнар көзі деп білеміз. Ал «Әлем» хореографиялық миниатюрасына тоқталатын болсақ, бұл дүниеде екі анамыз бар. Бірі – табиғат ана, екіншісі әйел ана. Адамзат табиғат перзенті, ал аяулы аналарымыз бір қолымен бесік тербетіп, екінші қолымен әлем тербеткен. Ежелден қазақ қыздары тарихты қалыптастырып, ұрпақты болашаққа сеніммен қарауға және ұлттық мұраны абыроймен сақтауға шабыттандырған. Бұл қойылымда үш дәуір әйелдерінің бейнесі көрсетілген. Айтарлықтай, бүгінгі кешті көрген де арманда, көрмеген де арманда! Нағыз өнер, рухты асқақтатар тылсым, реңкті өнерпаздарымыз! Еліміздің мәртебесін көтерер әртістеріміз жасасын!