Қаз
«Cultural Legacy Fund»
МӘДЕНИЕТ ПЕН КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯНЫ ҚОЛДАУ ҚОРЫ
 

Каспий жағасындағы түркі бауырластығы

Ақтау түркі халықтарының бірігу үдерісінде ерекше орын алады және «Түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесін алуы оның стратегиялық әрі мәдени маңыздылығын көрсетеді. Бұл мәртебе Ақтауды түркі мемлекеттері арасындағы өзара байланыстардың маңызды торабы ретінде нығайтады. Қазақстан – түркі бірлігінің көшбасшыларының бірі ретінде бауырластық қарым-қатынасты күшейтуге ерекше мән береді, ал Ақтау осы ұмтылыстың символына айналуда.

«Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» атағы – тек құрмет қана емес, сонымен қатар жергілікті билік пен тұрғындарға үлкен жауапкершілік жүктейді. Ақтау бұл мәртебеге лайық болып, Қазақстанды жоғары деңгейде таныстырып, қонақжайлылық, мәдениет және экономикалық әлеуетін көрсетуі тиіс. Бұл – өңірге назар аудартуға, оның инвестициялық және туристік мүмкіндіктерін ашуға, ең бастысы – түркі халықтарының ортақ тарихи мұрасы мен бірлігін көрсетуге тамаша мүмкіндік.

Осы мәртебе аясында Ақтауда өтетін іс-шаралар түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты тереңдетудің бастауы болады деп сенеміз. Мәдени фестивальдер мен кездесулер диалогқа, тәжірибе алмасуға және бірлескен жобалар жасауға арналған алаң қалыптастырады. Бұл мәдени байланысты нығайтып, ғылым мен білімнің дамуына жаңа перспективалар ашады.

Каспий теңізінің жағасында орналасқан Ақтау Шығыс пен Батысты байланыстыратын түркі әлемінің қақпасына айналуда. Қала өзінің стратегиялық жағдайының арқасында халықаралық кездесулер мен диалогтар үшін қолайлы орын болып саналады. Түркі әлемінің астанасы мәртебесі тек уақытша шара ретінде емес, қаланың әрі қарайғы дамуына және халықаралық аренадағы маңыздылығының артуына серпін беруі тиіс.

Бұл мәртебе – халықтар арасындағы байланысты нығайтумен қатар, Ақтаудың жаңа даму деңгейіне көтерілуіне үлкен мүмкіндік.

Маңызды шаралардың бірі – сәуір айында басталып, бірнеше айға жалғасатын мәдени және ғылыми іс-шаралар. Күзде түркі әлемінің бауырлас елдерінен қонақтарды қарсы алатын «Маңғыстаудың түркі әлеміндегі тарихи-мәдени рөлі» атты конференция өтеді. Бұл шараны Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы ұйымдастырады.

Конференцияға дайындық аясында қорықтың мамандары оғыз мәдениетімен байланысы бар Маңғыстау ескерткіштерін зерттеу мақсатында Түркия Республикасына сапар жасады. Сапар барысында қорықтың басшылығы мен қызметкерлері, сондай-ақ Маңғыстау өңіріндегі жоғары білімнің флагманы – Yessenov University өкілі болды. Университет бұл шараларға белсенді қатысуда.

Түркияға сапар тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау және қорғау бойынша тәжірибе алмасуға арналды. Делегация Кападокия университетінің ғылыми орталығының жетекшісі Шүкра Инсермен кездесіп, Мустафапаша қаласындағы тарихи ескерткіштермен танысты. Сонымен қатар, XIII ғасырға жататын Византия дәуірінің жартасқа ойылған ескерткіштері орналасқан Каяшехир қонысына барды. Невшехир аймақтық зертханалық реставрация және консервация орталығының жетекшісі Хатидже Темур Йылдыз зертхана жұмысы туралы ақпарат берді.

Маңғыстау делегациясы сондай-ақ ЮНЕСКО қорғауындағы Каппадокия жерасты қалаларының бірі – Каймаклыға сапар жасады. Бұдан бөлек, Хаджи Бекташ Вели университетінде өткен екінші халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты. Бұл конференцияға Жапония мен Италиядан келген ғалымдар қатысып, Гереме ұлттық паркіндегі Токалы шіркеуі мен Әулие Симон шіркеуіндегі ЮНЕСКО мұрасына кіретін фрескалар мен жартас жазуларын зерттеу және реставрациялау бойынша баяндамалар жасады.

Қазіргі уақытта қорық мамандары «Маңғыстаудың түркі әлеміндегі тарихи-мәдени рөлі» атты конференцияға дайындалуда. Бұл конференция түркі әлемінің ғалымдары мен сарапшыларын біріктіріп, ғылымның дамуына үлес қосады. Ғалымдарға зерттеулерін таныстырып, әріптестерінен пікір алып, жаңа идеяларды талқылауға мүмкіндік береді.

Балтабай БАЛАПАН,
Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының басшысының міндетін уақытша атқарушы

Байланыс ақпараты

Қосымша ақпарат алу үшін, бізбен байланысу немесе бағдарламаларға қатысуға өтініш беру үшін келесі байланыстарды пайдалана аласыз:

Мәдениет пен креативті индустрияны қолдау қоғамдық қоры «Cultural Legacy Fund».

Мекенжай: Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік ел даңғылы, ғимарат 55/22, блок С 4.3., 246 кабинет.

Электрондық пошта: info@culturallegacyfund.kz, Impresario@culturallegacyfund.kz

Байланыста болыңыз

«Cultural Legacy Fund» қорының жаңа бағдарламалары, мүмкіндіктері және мәдени бастамалары туралы хабардар болу үшін біздің сайтқа және әлеуметтік желілерге жазылыңыз.

"TORUS.KZ" ЖШС жасаған
© 2025 Барлық құқықтар қорғалған